Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры

9 Наурыз 2019, 12:04
9970
Бөлісу:
Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Театрымызда ересектерге арналған «Ана, жер ана», «Ана жүрегі», «Мен деп ойла», «Ромео мен Джулиетта» сынды қойылымдар болып жатыр. Мұның барлығы көрермендердің сұранысы деп ойлаймын. 2008 жылы Мәскеу қаласына барғанда ондағы қуыршақ театрынан «Ревизор» қойылымын көріп таңқалғанбыз. Бұл туралы Алматы қуыршақтар театрының актрисасы әрі қуыршақ сабағынан дәріс беретін маман Марал Тәуекелова сұхбаттасу барысында айтты.

- Қуыршақты сөйлету арқылы адамды сендіру, оны баурап алу өте күрделі шаруа екені белгілі. Дегенімен мұның сыры неде?

Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры

- Үлкен өнер болғандықтан шығар. Мәселен, әншілер ән айтуды, бишілер билегенді жақсы көреді. Драма театрының актерлері өз шеберліктерін сахнаға шығып көрсетеді. Ал біз сол образдарды қуыршақ арқылы жеткіземіз. Халықты таңқалдыратын мамандығымыздың сыры да сол – қуыршаққа жан бітіру үшін барымызды саламыз. Мәселен, театр актері шығады да Абайды немесе Мұқағалиды ойнай береді. Ал қуыршақ образында актер ішкі жандүниесін, бүкіл динамикасын, энергетикасын қуыршаққа бермесе онда балалар да, көрермендер де сенбейді. Ол үшін бар қимыл қозғалысын қуыршаққа беру арқылы көрерменді сендіруге тиістіміз әрі таңқалдыру керекпіз деп ойлаймын.

- Қуыршақ театрының актеріне ең алдымен не қажет?

- Алдымен өз мамандығына деген сүйіспеншілік керек. Актерде қуыршаққа деген махабат болу қажет. Әркім өз кәсібін шын сүйіп, беріліп орындаса одан артық маман жоқ. Ол кәсіби актер болу керек, себебі біреуге жан бітіру үшін өзің артис болуың шарт. «Өнер қырандары» тетарындағы Мадиярды білетін боларсыздар. Сондағы актерлердің бәрі осы қуыршақ театры мамандығы бойынша білім алғандар. Байқасаңыз қойылым арасында қуыршақтарды да қосып отырады олар.

Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры

Жалпы өлі затты тірілту оңай емес. Актерлер қуыршаққа жан бітіреді дедім ғой, сондықтан бұл өте қиын мамандықтың бірі. Көбісі қуыршақ жанрын менсінбей, актерлерін төмен санауы мүмкін. Алайда бұл ең күрделі мамандық. Актерлікте оқыған адамдар алдымен жансыз затқа жан бітіру деген сабақтан бастап оқиды. Бұл табиғатты түсіну үшін керек, яғни өзінің және өзгелердің. Ең алғаш оқу орында өзімнің шам болып өнер көрсеткенім есімде. Бір қосылып, бір сөніп тұрған шамды ойнап беруім керек. Бұл өте қиын сабақ болғандықтан одан бәріміз «5» ала бермейтінбіз.   

Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры

«Қуыршақ театрының анасы» деп атайтын Құралай Ешмұратованың «Әрбір затқа құрметпен, махаббатпен қарасаң, сол зат та саған солай жауап береді» дегені бар еді. Қуыршаққа жан бітіріп тұрған соң оған бар жанымызды саламыз, тек қуыршақ емес мұндағы әр затқа, тіптен ілулі тұрған маталарға дейін сөйлетеміз. Сондықтан бұл ерекше мамандық.   

- Бір қуыршаққа жан бітіру үшін онымен неше адам жұмыс істейді?

Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры

- Әр түрлі, кейде бір қуыршақты үш адам қозғап, сонымен жұмыс істеп отырады. Біреу аяғын, біреу басын, біреу қолын басқаруы мүмкін. Бұл да үлкен шеберлікті, еңбекті қажет етеді. Бәрі бір ритмді ұстаулары керек. Басы былай бұрылып, аяғы басқа жаққа кетпеуі қажет. Көпшілігі осы қуыршақ теарының актерлері неге бір-бірімен қатты дос деп жатады. Өйткені бір қуыршақпен бірнеше адам жұмыс істейді әрі тығыз байланыста болады. Мәселен, «Қарабас-барабасты» бес адам ойнайды. Оны сөйлетіп, жан бітіру үшін бес адам жұмыла жұмыс істейді.

- Жалпы бір қойылымға неше адам атсалысады?

- Мәселен, ертең «Буратинаның шымшытырық оқиғасы» болады. Онда он бес актер жұмыс істейді. Егер жарық, музыка беруші сияқты техникалық қызметкерлерді қосқанда 25 адамдай болады.

- Қуыршақтарды қайдан аласыздар, сатып аласыздар ма, әлде арнайы тапсырыспен жасатасыздар ма?

Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры

- Бізде қуыршақ шеберлерінің сехы бар, соған тапсырыс береміз. Алдымен сценарий оқылады, оның образы қандай? Ол қатал адам ба, оның қасы жұмыс істей ма? Соның барлығын алғашында ойлап аламыз, кейін сол бойынша тапсырыс беріледі. Сол себепті бізде жаңа қойылым екі-үш айдан кейін бірақ қойылады. Бұл үлкен жұмысты, уақытты қажет етеді. Әрбір қуыршақтың аяғы, қолы жұмыс істеу керек. Оның образы түріне берілу керек дегендей.

Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры
- Балалардың театрға келу жағы қалай?

- Біздің театрдағы қойлымдар екі тілде қойылады. Алдымен қазақшасы, кейін тура сол қойылымның орысшасы өтеді. Шынымды айтсам, бұған дейін кейде қазақша қойылымдар адам аздығынан қойылмай қап жататын. Осы бір жыл болды ондай тоқтату деген жоқ. Бұл да бір қуанарлық жағдай әрі «Рухани жаңғырудың» бір пайдасы болар деп ойлаймын.

- Балаларды көптеп тарту үшін мектеп, балабақшаға бару керек шығар?

Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры

- Дұрыс айтасыз, ол жаққа да шағын қойылымдармен барып тұрамыз. Негізі баланы әкелу, қызықтыру ата-анаға байланысты. Балаға компьютерлік ойынды қосып беріп алдай беруге болмайды. Бір күн болсын баланы театрға әкеп, өзіңіз көңіл бөлмесеңіз, «ол ештеңеге қызықпайды» деп айтуға және оны ұстаздардан көруге қақыңыз жоқ. Бұл ата-ананың міндеті. Бүгін қуыршақ театрына келіп көрмеген бала, ертең ол драма театрына бармайды. Қуыршақ театрына келіп, ондағы қойылымдарға сеніп, қызығушылығы оянған бала ертең үлкен театрларға да барады.

Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры
- Жақында Ромео мен Джулиетта қойылымын сахналауды бастаған екенсіздер. Бұл ересектерге арналған ба?

- Бұрын бізде 3 тен 8 жасқа дейінгі балаларға арналған қойылымдар болып жататын. Қарап отырсақ 12 мен 16 жасқа дейінгі балаларға лайықты қойылымдар жоқ екен. Соны ескеріп жақында осы қойылымды шығардық. Қазіргі балалардың деңгейі, сұранысы анағұрлым жоғары. Сондай-ақ бізде «Ана жүрегі» атты қойылым бар. Ол 12 жастан жоғары балаларға арналған. Бұл тәрбиелік мәні бар, мазмұны терең қойылым. Қазір балалардың материалдық сұранысы жоғары. Ата-анасының шамасы келсін, келмесін ананы алып бер, мынаны алып бер деп талап қойып жатады. Қойылымда анасы күндіз-түні жұмыс істеп, баласын қатарынан қалдырмайын деп тырысады, ал балада қанағат жоқ. Міне, сондай баларға ой салатын, ананы сыйлау, оған құрметпен қарауға шақыратын күрделі қойылым.

Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры

Кейінгі кезде ересектерге арналған «Ана, жер ана», «Ана жүрегі», «Мен деп ойла», «Ромео мен Джулиетта» сынды қойылымдар болып жатыр. Мұның барлығы сол көрермендердің сұранысы деп ойлаймын. 2008 жылы Мәскеуге қаласына барғанда ондағы қуыршақ театрынан «Ревизор» қойылымын көріп таңқалғанбыз. Оның үстіне адам лық толы. Сонда неге біз қуыршақтармен осындай үлкен драмалық қойылымдарды қоймаймыз деген оймен қайтқан едік. Дегенімен осы 1-2 жыл болды осындай қойылымдарды қолға алып жатырмыз. Оған жаңадан келген театрдың директоры Талғат Қаңқабайұлы көңіл бөліп, қолдау білдіруде. Бұл қойылымдарға сұраныс өте жоғары. Үлкен драмалық қойылымдарды қуыршақтардың ойнағаны ерекше әрі әсерлі деп ойлаймын. Мәселен, «Ромео мен Джулиеттаға» 14 пен 25 жас аралығындағы жастар көп келуде.

- Театр актерлеріне дәріс оқимын деп жатырсыз, сол жағынан айтып берсеңіз?

Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры

- Қазір Жүргенов атындағы Өнер академиясында қуыршақ маманы деген бөлім жабылып қалған. Драма театрын, киноны бітіргендер бізге жұмысқа кіреді, бірақ қуыршақтан хабарсыз. Сондықтан оларға қуыршақты сүйіп, онымен етене жұмыс істей білуі үшін бағыт, бағдар беріп отыру қажет. Қазіргі жастарды білесіз тезірек танылсам, клипке, киноға түссем деп ойлайды. Мұнда нағыз өнерді түсіне білетіндер келеді. Осында жұмыс істеп жүріп те арасында киносына түсіп жүргендері бар.

Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры
- Мысалы драма театрындағы актерлер кейбір образды «өз табиғатыма сай келеді, жаныма жақын болды» деп жатады. Қуыршақ театрында ондай жағдай бола ма?

- Бізде ондай жоқ. Тіптен, жас мөлшерің келмей қалды дейтін мәселе де болмайды. Жібекке дауысың келіп тұрса болды оны ойнай бересің. Сондықтан болар қуыршақ театры қартаймайды деп жатады. Мұндағы актерлер балаға жұмыс істегендіктен өмір бойы өздерін бала сезінеді. Мәселен, драма театрындағы актерлер 25-30 жастан асқан соң Қыз жібекті ойнай алмай күйзеліске кетіп жатады. Ал бізде 45 жасқа келсе де дауысы келіп тұрса ойнай береді. Сондықтан болар біздің тетардың актерлері әрқашан жас көрінеді деп ойлаймын.

- Байқауларға қатысып тұрасыздар ма?

Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры

- Соңғы жылы жаңа қойылымдардан рекорд орнаттық. Жиі-жиі шығаратын болдық әрі солармен шетелдік байқауларға қатысып, жүлделі оралудамыз. «Медеяны» шығардық, онымен Өскемен қаласында болған байқауда бірінші орын алдық. Алдағы уақытта «Ромео мен Джулиетта» Италияға үлкен фестивальға барады. «Ана жүрегі» Санкт-петербургте өтетін байқауға барғалы жатыр. «Ана, жер ана» Челябинск қаласындағы «Театр адамы» атты байқауға баруға дайындалуда.

Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры
- Биыл тағы қандай жаңа туындылармен көрерменді қуантпақсыздар?

- Құдай қаласа «Абайды» қоямыз. Соған дайындық жүруде.

Биыл Абайды сахнаға шығарамыз – Қуыршақ театры
- Ол ересектерге арналған ба?

- Көрдіңізбе, сіздің сұрағыңыздың өзінен Абайды тек үлкендер ғана көру керек, тану керек сияқты. Расыменде, біз балаларға Абайды көп айтпаймыз, тек өскенде мектепте ғана оқытамыз. Неге кішкентай кезінен сондай ақын атамыз жайлы айтпаймыз? Мәселен, орыстардың кішкентай баласына дейін Пушкиннің өлеңдерін жатқа айтады. Осы олқылықтарды ескеріп, қуыршақ театрынан бастап балаларға ғұлама әрі ақиық ақынымыз жайлы айтып, оның өлеңдерін бойларына сіңірсек дейміз. Оны Антон Зайцев деген режиссер әзірлеуде. Антон 10 жасынан бастап осы театрдың көрермені болған, қазір бас режиссер.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әділет Мұсахаев

Өзгелердің жаңалығы