Бас жаңалықтар
Биыл 42 киножобаны қаржылай қолдау жоспарланған – министр
29 Қыркүйек 2021, 00:20 161

Биыл 42 киножобаны қаржылай қолдау жоспарланған – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтоты Райымқұлованың мәдениет, спорт, туризм және архив салаларында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есебін тыңдады.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, өнер және мәдениет, спорт қайраткерлерінің мерейтойларына арналған іс-шаралар туралы, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының жұмысы, Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы, «Кинематография туралы» Заңға енгізілетін толықтырулар туралы баяндадым. Айта кетейін, биыл орталықтың сарапшылар кеңесі мен ведомствоаралық комиссия мақұлдаған 42 киножобаны қаржылай қолдау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда мәдениет,спорт,туризм,архив ісі салалары қызметкерлерін материалдық тұрғыда қолдау мәселелері де айтылды, – деді мәдениет министрі.
Сондай-ақ шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына қарай қаржыландыру, спорт салаларындағы заңнамаға өзгерістер енгізу жұмысы жөнінде ақпарат берді. 
Бүгінде елімізде балалар мен жасөспірімдердің 50 пайызын қамтыған 22 мыңға жуық шығармашылық үйірме мен 126 мың спорт секция жұмыс істейді. Сол сияқты мемлекетіміздің спорт инфрақұрылымын жандандыру бағытында атқарылған,алдағы уақытта атқарылатын іс шаралар туралы да мәлімдедім. Осы ретте Мемлекет басшысының байтақ жерімізде  бұқаралық спортты дамытуға байланысты берген тапсырмалары жоспарға сай орындалып жатқаны айтылды. Сонымен қатар ішкі туризмді дамытудың перспективалары, саланы цифрландыру мәселелерін талқыладық. Қазіргі уақытта туризм саласында бірқатар цифрлық шешімдер іске қосылды. Бұл ретте Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталы, Туризм онлайн, View Project, eQonaq жүйесі, гидтердің бірыңғай тізімі, көрсетілген қызмет сапасына қатысты пікір немесе шағым қалдыруға мүмкіндік беретін E-Shagym модулі сияқты жаңа ресурстар әзірленіп жатқанын айтуға болады, – деді Райымқұлова.
Сондай-ақ Президентке ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықтың жағдайы хақында баяндалды.
Бүгінде еліміздің атынан Бүкіләлемдік мұра тізіміне тарихи және мәдени 10 ескерткіш енгізілген. Осы ретте Министрлік ЮНЕСКО тізіміне материалдық және материалдық емес мәдени мұраның жаңа нысандарын енгізу бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын жеткіздім, – деді министр.
Нәтижесінде Мемлекет басшысы алдағы жұмысты жалғастыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...