Бірыңғай жүйе тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған

6 Сәуір 2021, 12:00
1898
Бөлісу:
Бірыңғай жүйе тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласына қатысты түскен өтініштердің талдауынан Жамбыл облысы тұрғындарының құқықтары көбінесе бөлшек саудада жиі бұзылатыны анықталды. Электрондық сауда саласындағы шағымдарды қосатын болсақ, онда сауда нарығындағы барлық өтініш көрсеткіші 69%-ды құрайды.

Бұл жайында өңірдегі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Байқадам Дүйсенбаев айтып берді. Оның сөзінше, аймақтағы бөлшек сауда саласында сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту туралы өтініштер 40 %, күнтізбелік 14 күн ішінде сапалы тауарды қайтарудан бас тарту туралы өтініштер 27 % болған. Электрондық саудада тауарларды қайтарудан немесе айырбастаудан бас тарту туралы өтініштер 52,2 %-ға жеткен. 

Биылғы бірінші тоқсанында департамент мамандары азаматтардың 110 өтінішін қарады, оның ішінде 25-і жазбаша түссе, 7-уі тelegram-бот арқылы жолданыпты. 17 өтініш – ауызша, 57 өтініш – «Шұғыл желі» телефоны арқылы келді. Менің жеке қабылдауымда 3 адам болды десек, Бірыңғай ақпараттық жүйесі бойынша 1 өтінішті қанағаттандырдық. Бұл сандарды өткен жылғы осы кезеңмен салыстыратын болсақ, олардың өскенін байқаймыз. Яғни, 18 %-ға артқан, - деген жауапты маман өтініштердің сипатын да атап өтті. 
Олардың денін бөлшек сауда қамтыса, қалғанын тұрмыстық коммуналдық шаруашылық қызметі, тұрмыстық қызмет көрсету, электронды сауда, көлік қызметі, қоғамдық тамақтану және медицина қызметі құрайды. 

Департамент басшысының айтуына қарағанда, сала мамандары кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын және тұрғындардың тұтынушылық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп тұрады.

Соның ішінде мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күніне орай өткен дөңгелек үстел отырысын атап өтуге болады. Сонымен қатар 2 семинар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде 2 брифинг ұйымдастырылыпты. Тағы айта кетерлігі, Жамбыл облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Ғасыр сапасы», «Агрессивті культтерді зерттеу» және «Азаматтық құқықтарды қорғау комитеті» қоғамдық бірлестіктерімен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумдарға қол қойылған.

Былтыр ел тұтынушыларының құқығын қорғау туралы заңнамаға кәсіпкерлерге тікелей қатысы бар өзгерістер енгізілді, Оның ішінде уәкілетті органға бақылау және қадағалау функциялары берілгенін білуге тиіспіз. Өйткені, осы уақытқа дейін уәкілетті орган тек тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізумен шектелетін. Ал қазіргі таңда кәсіпкерлік субъектісіне бармай, профилактикалық бақылауды жүзеге асырамыз, тұтынушылардың өтініштерінің негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргіземіз, ұсыныстар, нұсқамалар беріп, ескерту мен айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолдана аламыз, - деді Б.Дүйсенбаев. 

Оның сөзінен белгілі болғандай, бұл заңнамалық актіге енгізіліген өзгертулер мен толықтыруларға байланысты тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесі үш сатыдан тұрады. Біріншісі, құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған тұтынушы немесе оның өкілі құқық бұзушылықтарды жою және тұтынушыға келтірілген шығындарды өз еркімен өтеуі туралы сатушыға немесе қызмет көрсетушіге наразылықпен жүгінуге құқылы. Тұтынушы сатушыға дауды шешу мәселелерін сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне - арбитраж, медиатор немесе тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне ұсына алады. Сатушы тұтынушының наразылығын қарауға және тұтынушының талаптарымен келіспеген жағдайда наразылықты алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде құжатпен негізделген дәлелді жазбаша жауап беруге міндетті немесе дауды сотқа дейінгі реттеу және материалдық, моральдық шығындарды өтеуге келіседі. 

Егер сатушы он күн ішінде наразылыққа жазбаша жауап бермесе немесе бұзушылықтарды жоюдан және келтірілген шығындарды өтеуден бас тартса, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға жүгінуге болады. Уәкілетті органның тұтынушының жазбаша өтінішін қарауы – тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің екінші сатысы болып табылады, - деді департамент басшысы. 

Оның айтуынша, тұтынушылар мен сатушылар арасындағы даулы мәселені жедел шешу мақсатында «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңмен тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл тұтынушылардың шағымдарын қабылдау, қарау, оларды жүйелеу және тіркеу процестерін автоматтандыруға арналған. «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін жобада шағымдарды тіркеу және қарау үшін тиісті органға жіберу процесі оңтайландырылған. Тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін онда әртүрлі қызмет түрлеріне және шағымдану себептеріне байланысты стандартты өтініштер нысаны енгізілген. 

Жүйеге кіру www.e-tutynushy.kz веб-сайтында ұялы телефон немесе компьютер арқылы жүзеге асырылады. Тұтынушылардың өзі өтініш беру процесі де өте қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ оны орындау үшін әрбір сауда нысанына QR-код түрінде бірегей идентификатор берілген, ол көзге көрінетін тұста орналастырылған. Егер сатып алушы өзінің құқықтары бұзылды деп санаса, QR-кодты сканерлеп, Жүйеге кіреді, әрі қарай сатушыға, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне немесе мемлекеттік мекемеге өтініш жіберу мүмкіндігі болады. Өтініш беру кезінде сатып алушы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңына сәйкес, бірінші сатыда мәселені тікелей сатушымен шешуге тырысуы керек екенін есте сақтауы қажет, - деді жауапты маман. 
Жүйеге тіркелген сатушы түскен өтініш туралы хабарлама алады екен. Ең бастысы, оны белгілі бір уақыт аралығында қарастырып, мәселені шешуге тырысады. Бұл тұтынушылық дауды бірінші сатыда сыртқы тараптардың қатысуынсыз тікелей, сатушымен тұтынушы арасында шешуге мүмкіндік береді әрі кәсіпкерлер үшін де, тұтынушылар үшін де әлдеқайда тиімді. Тұтынушылар мен сатушылар арасындағы дауды шешуде уақыт үнемдейді. Заңда белгіленіп берілген күнтізбедегі 10 күннің ішінде жауап қайтарылмаған жағдайда, өтініш тиісті мемлекеттік органға заңға сәйкес қарауға және шаралар қабылдауға жолданады. Содан соң цифрлық жүйе автоматты түрде бұл шағымды қандай мекемеге жіберуі керектігін анықтайды.

Кәсіпкерлер үшін бұл тауарлардың, қызметтердің және тұтынушыларға қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға түрткі болатындығына сенімдімін. Мемлекет үшін осындай шағымдарды қарау және өңдеудің бірыңғай жүйесі еліміздегі тұтынушылардың шағымдарының барлық түрлерін жан-жақты талдауға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін жаңартуға және құқықтық сауаттылығын арттыруға көмектеседі, - деді Байқадам Бүйсенбаев.



Өзгелердің жаңалығы