Бас жаңалықтар
Біртанов: Былтыр елімізде 1200-ден астам трансплантация жасалды
18 Маусым 2019, 17:15 538

Біртанов: Былтыр елімізде 1200-ден астам трансплантация жасалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында атқарылатын басты шаралардың бірі - вакцинациялау. Елімізде вакцина жасалу керек адамдардың 97%-ы егілген. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халыққа есеп беру кездесуінде айтты. 

"Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес келеді", - дейді министр. 

Елбасының тапсырмасы бойынша, Денсаулық сақтау министрлігі  медициналық-санитариялық алғашқы көмектің сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізуде. 

"Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту бойынша шаралар жоспары қабылданды. Еліміз бойынша жалпы практикалық дәрігердің мыңнан астам және педиатриялық дәрігерлердің 79 жаңа учаскесі ашылды. Дәрігерге қаралуға және дәрігерді шақыруға онлайн жазылу енгізілді. Осылайша 2018 жылы жалпы практикадағы дәрігерлерге түсетін салмақ 5% азайып, емханаларда кезекке түсу екі есеге азайды", - дейді Елжан Біртанов. 

Сондай-ақ, медициналық көмекті жетілдіру аясында жоғары-технологиялы медицина дамып келе жатыр.

"2018 жылы 1200-ден астам трансплантация жасалды. Қазақстан жасанды жүрек қарыншасы имплантациясын жасайтын елдердің қатарына кіреді. Осындай 43 бірегей ота жасалды. Былтыр сымсыз зарядталатын жүрек имплантациясы сәтті жасалды", - дейді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі былтыр министрлік қандай бағыттар бойынша жұмыс істегендерін айтқан болатын.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық