Біріксек, тау қопарамыз

6 Сәуір 2020, 21:21
2148
Бөлісу:
Біріксек, тау қопарамыз
VIDEO
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістандық еріктілер Ардақ Жақсылық және Дарын Әбдісадықұлы қандай жағдайда да Отанын қорғау әр қазақ баласының парызы екенін айтады.

2 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыратын Жарлыққа қол қойды. Коронавирус инфекциясы Қазақстанды ғана емес, әлем елдерін де қыспаққа алған қиын кезеңде Президенттің бастамасын қолағандар баршылық. Олардың қатарында  түркістандық еріктілер де бар.

Студент, ерікті Ардақ Жақсылық қандай жағдайда да Отанын қорғау әр қазақ баласының парызы екенін айтады.

Әрине, қолдаймын. Отанды қорғау – парызым. Бүгінде елдегі карантин жағдайына байланысты дерттен айығу жолында халыққа қол ұшын беруге дайынбыз. Мен сіздермен біргемін,-дейді ол.

Ал, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті Jas Otan ЖҚ бөлімшесінің төрағасы, студент Дарын Әбдісадықұлы жастарды жұмылып жұдырық болуға шақырды.

Баршамызға белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2 сәуір күні еліміздегі төтенше жағдайға байланысты, әр аймақтан әскери жасақ құруға қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Жастар әскери жасаққа неліктен қосылуы қажет? Себебі, біздің күш-жүгеріміз бойымызда, халыққа қандай жағдайда да қол ұшын беруге қауқарлымыз,-дейді Дарын Әбдісадықұлы.

Түркістан облыстық Jas Otan ЖҚ бөлімшесінің жанынан құрылған Jas Turkistan еріктілер қозғалысының еріктісі ел басына күн туған шақта әр қазақстандық көмек қолын созуы керек деген ойда.

Қазақстан Республикасының әрбір жас азаматын осы жасаққа қосылуға шақырамын. Мен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл мәлімдемесін қолдаймын. Барлығымыз біріксек, біз алмайтын асу жоқ. Біріксек, тауды да қопарамыз, біз біргеміз,-дейді ерікті.

Дарын Әбдісадықұлы елдегі төтенше жағдайға байланысты еріктілер тарапынан мүмкіндігінше халыққа тиісті көмек көрсетіліп жатқанын айтады. 
Дәріханалардағы медициналық маскалар мен антисептиктер тапшылығының орнын толтыру мақсатында Jas Turkistan еріктілер қозғалысының еріктілері қала халқына 100-ден аса маска тігіп, тегін таратқан болатын. Сондай-ақ, вирустың қаншалықты қауіпті екенін түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, брошюралар таратылды. #біргеміз акциясы барысында көпбалалы ата-аналар, аз қамтылған отбасылар және соғыс ардагерлеріне азық-түлік үлестірілді,-дейді ол. 

Видео: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы