Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің алпауыт компания төрағаларымен кездесті

27 Қаңтар 2020, 19:23
2462
Бөлісу:
Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің алпауыт компания төрағаларымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары аясында "Abu Dhabi National Oil Company" (ADNOC) мұнай компаниясының бас директоры Сұлтан Ахмед Әл Джабермен және Al Nowais Investments компаниясының Басқарма төрағасы Хуссейн Әл Новейспенкездесу өткізді.

ADNOC компаниясы – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі мұнай мен газ өндіретін жетекші, ал әлем бойынша төртінші орын алатын кәсіпорын. Оның мұнай қоры шамамен 100 миллиард баррельге тең. Кәсіпорын күніне 2,4 миллион баррельге дейін мұнай өндіреді.

418a60acaf2f5738485a935e07e9f32c-sm.jpg

Кездесу барысында тараптар әлемдік нарықтағы мұнай мен газ өндірісі жөнінде пікір алмасып, аталған саланың Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері экономикасының негізін құрайтынына тоқталды.

Мемлекет басшысы еліміздің мұнай-газ саласы бойынша көмірсутектерін терең өңдеуге басымдық беріп отырғанын, осыған байланысты, Қазақстанда мұнай-химия саласындағы жобаларды дамытуға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.

Қазақстанда мұнай-химия саласы дамып келеді. Алдағы уақытта сіздің компаниямен аталған бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз, – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан президенті Al Nowais Investments компаниясының Басқарма төрағасы Хуссейн Әл Новейспен кездесті.

Біріккен Араб Әмірліктерінде ғана емес, Таяу Шығыс аймағындағы ең ірі инвестициялық ұйым саналатын Al Nowais Investments көпсалалы бизнес жүргізіп отырған компания. Оның жылдық айналымы 1 миллиард доллардан асады.

Хуссейн Әл Новейс Қасым-Жомарт Тоқаевқа өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және тағы да басқа салалар бойынша атқарып жатқан жұмыстары жайлы мағлұмат берді.

Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңартылған энергия көздеріне инвестиция салып, аталған саланы ілгерілету үшін 2013 жылдан бері елді жасыл экономикаға өткізу Тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатқаны туралы айтты. Сондай-ақ елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша көптеген жобалардың қолға алынғанын, 2025 жылға дейін Денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасының қабылданып, іске асырылып жатқанын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы