Бас жаңалықтар
"Birgemiz" қоғамдық қорының ресми сайты іске қосылды
02 Сәуiр 2020, 15:30 269

"Birgemiz" қоғамдық қорының ресми сайты іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Birgemiz" Қоғамдық қоры түскен қаражат пен аймақтар бойынша көрсетілген көмек туралы барлық ақпарат тұрақты түрде жарияланып отыратын birgemiz2020.kz ресми сайтын іске қосты. Порталды еріктілер тегін жасап берді.

Мұнда барлық қайырымдылықтар бөлек бағанда көрсетіледі және ол қаражаттың түсуіне қарай жаңартылып отырады. Компаниялардың жарналары "Қайырымдылық жасаушылар мен серіктестер" сегментінде көрсетілген. Сонымен қатар, орын алған жағдайға бейжай қарамайтын қазақстандықтар сайтта көрсетілген деректемелер бойынша, ерікті болуға немесе қаржылық көмек жіберуге өтініш қалдыру мүмкіндігіне ие болады.

Сондай-ақ, ұйымның сайтында әрбір аймақтық қор туралы ақпараттар беріледі. Мұнда мұқтаж адамдар өз өңіріндегі қормен тікелей байланысып, сұрақтарын қоя алу үшін, жергілікті жердегі жауапты тұлғалар мен олардың байланыс мәліметтері көрсетіледі.

Біз үшін қор жұмысының ашықтығын көрсету өте маңызды. Сондықтан сайтқа кірушілердің әрбірі бұл жерден банктік үзінді көшірмелерімен бірге ұсынылатын есептерді таба алады. Қиын күндерде отандастарымызды қолдау үшін қайырмалдық жасаған барлық қазақстандықтарға және еліміздің компанияларына алғыс айтамыз, - деді қор төрағасы Руслан Сәкеев.

Еске сала кетейік, "Birgemiz" қоғамдық қоры еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, COVID-19 пандемиясы жағдайында тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау мақсатында 2020 жылдың 20 наурызында құрылды.

Қазақстандықтарға үндеуінде Елбасы мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралар қазіргі қиын ахуалға сай дер кезінде қолға алынғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол осынау сын сағатта ортақ істен ешкім де сырт қалмауға тиіс екенін айтты.

Зауалды еңсеру үшін басқа да қосымша ресурстарды жұмылдырған жөн. Әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуға тиіс. Мен бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынамын. Жалпы, коронавирусқа қарсы күреске арналған қаражаттың дұрыс жұмсалуын Nur Otan партиясы бақылауында ұстайды деп ойлаймын. Еліміздің көмекке мұқтаж әрбір азаматына қамқорлық көрсетілуі тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Қор жұмысының ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету үшін, құрамына белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, азаматтық қоғам өкілдері мен жастар кіретін қамқоршылық кеңесі бақылау жүргізетін болып шешілді. Объективті жұмыс істеп, қор қаржысын бөлу үшін басшылыққа алынатын негізгі 10 қағидат бекітілді. Атап айтқанда:

- Ерікті жарналар мен қайырымдылық көмек;

- Адрестік қолдау (халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын, жасына байланысты COVID-19 жұқтыру қаупі жоғары жандарды, коронавирустың зардабын шеккен және әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға ұшыраған тұрмысы төмен қазақстандықтарды қолдау);

- Көмектің әділдігі;

- Қолма-қол ақшасыз және байланыссыз көмек;

- Қор қызметі инфекцияның таралуына байланысты елдегі ТЖ-дың ұзақтығымен шектеледі;

- Қор қаражатының мақсатты жұмсалуы (әкімшілік, ұйымдастырушылық шығыстары Nur Otan партиясының қайтарымсыз көмегі есебінен өтеледі);

- Үнемділік және тиімділік (қажетті тауарларды сатып алу кезінде оның бәсекелік негізде сапасы мен құнының оңтайлы қатынасы талаптарын сақтау);

- Қазақстандық өндірушілерді қолдау;

- Қор қаражаты мен мемлекеттік бюджет арасының нақты ажыратылуы;

- Қор қызметінің ашық және айқын жүргізілуі (БАҚ-та есеп беру, есептерді сайтта жариялау).


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...