Birgemiz: Азаматтық орталық халықпен бірге болды

16 Наурыз 2021, 15:11
3688
Бөлісу:
Birgemiz: Азаматтық орталық халықпен бірге болды
PHOTO
Фото: автордан

 

Атырау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында волонтерлардың басын қосатын, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыратын әкімдік жанынан құрылған арнайы орталық бар. Еріктілер де, белсенділер де сол мекеме арқылы бір арнаға тоғысады. Қызу қоғамдық жұмыс атқарады. Пандемия кезінде бұл орталықтың белсенділігі жоғары болды. Осы ауқымды жұмыстары бойынша «Атырау облысы ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Жанар Кусалиева сұхбат берді.
 

 

-  Азаматтық орталық облыстағы үкіметтік емес ұйымдармен, еріктілермен тікелей жұмыс істейді. Осы мекеме құрылғалы өңірде қандай өзгерістер бар?

- Азаматтық орталық 2017 жылдан бері Атырау облысының үкіметтік емес ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Бүгінде Атырау облысы бойынша заңды тіркеуден өткен 683 үкіметік емес ұйым бар. Жалпы орталық құрылғалы өңірде әлеуметтік маңызы бар ірі жобалар іске асып келе жатыр. Оның ішінде облыстағы ҮЕҰ өкілдерінің басы бір арнаға қосылып, арнайы базасы жасақталды. ҮЕҰ өкілдерінің белсенділігін арттыру, біліктіліктерін жетілдіру, түрлі саладағы қоғамдық бірлестік өкілдерінің басын қосу, өзара тәжірибе алмасу, бизнес құрылым өкілдері-мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту, әріптестікті орнату мақсатында үлкен жобалар жүзеге асып жатыр.

Қазақстанның ірі қорларының жұмыс барысымен, тың жобаларымен Атырау облысының ҮЕҰ өкілдеріне ақпарат беру, таныстыру, тәжірибе алмасу бағытында «Qor sagaty» жобасы 5 рет өткізілді. Оған 50-ге жуық ҮЕҰ өкілдері қатысты. Пандемия салдарына байланысты ҮЕҰ өкілдері «Сорос-Қазақстан қоры» мен Қазақстандағы «Фридрих Эберт атындағы қордың» ресми өкілдерімен онлайн форматта кездесті.

- Үкіметтік емес ұйымдардың қазіргі қоғамдағы рөлі жоғары. Әлеуметтік саладағы көптеген функцияны мойындарына алған. Облыстағы ерекше жобаларды атап өтсеңіз?

- Иә, бүгінгі таңда ҮЕҰ өкілдерінің қоғамдағы рөлі жоғары екені рас. Бүгінде Атырау облысы бойынша 15 бағыт бойынша заңды тіркеуден өткен 683 ҮЕҰ-ның облыс бойынша 140-қа жуығы белсенді жұмыс жасап жатыр. Әлеуметтік маңызы бар, қоғам арасында үлкен сұранысқа ие болған ҮЕҰ өкілдерінің ірі жобалары іске асуда. Атап айтсақ, «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының «Венера» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті орталығы, «Марс» мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған шығармашылық шеберханасы» жобалары, «Инклюзия Болашақ Атырау» қоғамдық бірлестігінің «Зейін» инклюзиялық сыныптары ашылып, жұмыс жасауда. «Мөлдір көз» көзі көрмейтін мүгедектер қоғамдық бірлестігінің «Жартылай фабрикатталған өнімдер» цехы мүмкіндігі шектеулі оның ішінде зағип жандарды жұмыспен қамтып отыр. «Жан Еркемай – Атырау» мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік қолдау орталығы, «Сенім тірегі» қоғамдық қорының «Future sport» абилитациялық орталығы, «Ер Жүректілер» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының жұмыстары мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектердің қоғамға бейімделуіне айтарлықтай үлес қосуда.

гражд1.jpeg


 

- Өткен жыл «Волонтер жылы» болды. Әлемді індет жайлап, елдегі ахуал қиындап кетті. Осы кезде аймақтағы еріктілердің белсенділігі қандай болды?

- Өткен жылдың әлегі әлі де есімізде. Әлемді індет жайлаған сын сағатта біздің волонтерлер де қарап қалған жоқ. Атырау облысы әкімдігі жанынан волонтерлар штабы құрылды. Олар авто-волонтер, тігінші-волонтер, аспаз-волонтер, медицина волонтеры, рейдке шығатын волонтер, мониторинг жүргізетін волонтер деген 6 бағыт бойынша жұмыс жасады. 2760 волонтерлардың көмегімен азық-түлік себеттерін, дәрі-дәрмектерді таратуға, ауруханаларда оттегі балондарын тасуға, азық-түліктің бағаларына мониторинг жасауға және тағы басқа да 400-ге жуық шара өткізілді. Осындай еңбектің арқасында зор нәтижеге қол жеткізді. Атырау волонтерлер штабы құрылған күннен бастап барлығы 11 млн теңгеден аса қаржы жинап, 2005 әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық – түлік себеттерін, 22 мың дана масканы тұрғындарға тегін таратты. Одан бөлек 200 дана қорғаныш қолғабы, 70 дана қорғаныш киімі, 10 л. антисептик, 2 млн теңгеге дәрі – дәрімектер сатып алды. Тұрғындар үйден шықпай отбасын қорғап жатқан шақта, өз өмірлерін қатерге тігіп, барлық керек жарақтарымен қамтамасыз етіп, сауапты істерге кенелді. Ораза Айт мейрамында және 1 маусым - балалар қорғау мерекесіне орай көпбалалы отбасы балаларына мерекелік сыйлықтар таратып, 220 балаға қуаныш сыйласа, «Иманғали» мешітімен бірлесе отырып, әлеуметтік аз қамтылған 600 - ден аса отбасыға 4700 келіден асатын ірі қара мал етін таратуға жәрдемдесті. Осындай жақсылықтармен шектеліп қоймай «5 маусым – Қоршаған ортаны қорғау» күні қарсаңында Азаматтық орталықтын ұйымдастыруымен, «Чистомэн» акциясы өтті. Акция кезінде волонтерлар табиғат аясына шығып, айналаны тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Нәтижесінде, 29 қапшық қоқыс жиналды. Көптеген жақсылықтарды жасай отыра «14 маусым - бүкіләлемдік донорлар» күніне орай Азаматтық орталықтың ұйымдастыруымен «Өзгеге өмір сыйла!» қан тапсыру акциясы аясында 70-ке жуық волонтердан 33 л. қан жиналды. Шын мәнінде де аты мен заты сәйкес келіп, тапсырған түрлі топтағы қандары көптеген адамдардың өмірін құтқарып, кейбіреулеріне екінші өмір сыйлады.

гражд3.jpeg


 

Атырау облысы әкімінің орынбасары да қайырымды істерден шетте қалмаған Бақытгүл Хаменованың қатысуымен, құны 30 миллион теңгені құрайтын дәрі-дәрмектерді әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға тегін таратылып, 30 түрлі дәрі-дәрмек салынған пакетті жалпы саны 3000 тұрғын алды. Осы секілді «Біз біргеміз» акциясы аясында Атырау облысынан Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына 150 тонна азық-түлік, киім-кешек тиілген гуманитарлық көмек жеткізілді.

- Кәсіптік кадрлар дайындауда да осы үкіметтік емес ұйымдар жұмылдырылған. Осы уақытқа дейін өңірдегі ұйымдар қандай мамандар даярлады?

- «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының «Bilim for all» жобасы - жалғызбасты немесе асыраушысынан айырылған жандарды, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарды, аз қамтылған отбасыдан шыққан жастарды, бас бостандығанан айырылған жастарды тегін оқытып еңбекке араласуына мүмкіндік беру. Қор қазіргі қажетті ағылшын тілі маманы, аспаз, тігінші, электрик т.б 10-ға жуық мамандықтарға оқытты.

Бұл жоба аясында 700-ге жуық адам қысқа мерзімді курстан өтіп сертификаттарға ие болды.

Сондай-ақ, «Таң» қолдау және дамыту қоры да өткен жылы іске асырған «Іскер ана» жобасы бойынша көпбалалы, жалғызбасты, жұмыссыз, әлеуметтік жағдайы төмен аналарды тігін, аспаз, шаштараз, есепші т.б бірнеше мамандықтар бойынша оқытты. Мұнда 1000-ға жуық аналар оқып, жаңа кәсіп иесі атанды.

-Азаматтық орталық үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибе алмасуына атсалыса ма? Сондай-ақ олардың жұмыстары қалай бағаланады?

- Азаматтық орталық үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибелері мен біліктіліктерін арттыруға үнемі қолдау білдіреді. 2019 жылы «Болашақ К», «Алтын тұғыр», «Дендер жастары» атты қоғамдық бірлестіктері Санкт-Петербург қаласына барып, тәжірибе жинап қайтты. ҮЕҰ өкілдері ресейлік 8 ұйымға барып, олардың жұмыстарымен танысты. Одан бөлек, жаңадан ашылған ҮЕҰ ұйымдарға арналған «ҮЕҰ мектебі» жобасы және бір-бірімен тәжірибе алмасу мақсатындағы семинар-тренингтер тұрақты өткізіліп тұрады.

Ал жалпы, жыл сайын ҮЕҰ өкідерінің жұмысын бағалау мақсатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сыйлықақы байқауы жарияланады. Өткен жылы біздің өңірден 6 ҮЕҰ жеңіске жетіп, мемлекеттік сыйлықақыға ие болды. Олар «Атырау Рауан», «Атамекен Эко», «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорлары, «Өмір гүлі», «4 билік», «Шаңырақ-2008» қоғамдық бірлестіктері.

Міне, орталық осындай ауқымды жұмыстар жасады.

- Сұхбатыңызға рахмет!


 


 

 

Өзгелердің жаңалығы