Бас жаңалықтар
#Birgemiz. Алғашқы аймақтық қор тіркелді
28 Наурыз 2020, 17:37 149

#Birgemiz. Алғашқы аймақтық қор тіркелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен коронавируспен күрес жағдайында тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсету үшін құрылған "BIRGEMIZ" республикалық қоғамдық қоры, Маңғыстау облысында "Birgemiz-Mangystau" алғашқы аймақтық қоры құрылғанын хабарлады.

"BIRGEMIZ" республикалық қоғамдық қорының төрағасы Руслан Сәкеевтің айтуынша, демеушілік қаражаттың ашық және әділ бөлінуін қамтамасыз ету үшін, өңірлерге жиналған қайырмалды қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан қорларға жинауға тыйым салынып, жаңадан қор тіркеу ұсынылған. Ал қор қызметін бақылауды қамтамасыз ету үшін, әр аймақта қоғам белсенділерінің қатысуымен тексеру комиссиясы және қамқоршылар кеңес құрылады.

Күн сайын елордаға әрбір өңірлік қордан түскен және жұмсалған қаражат, көмек көрсетілгендердің саны, азық-түлік және санитарлық-гигиеналық себеттердің құрамы, барлық қаржылық растаушы құжаттары және т.б. туралы ақпарат беріліп отырады. Әрі қарай біз апта сайын әр аймақ бойынша есепті ресми сайтта және әлеуметтік желілерде жариялап отырамыз, - деді Руслан Сәкеев.

Жалпы, бүгінге дейін қордың есебіне 9 млрд 500 млн теңгеден астам қаржы түсті. Қазіргі уақытта көмекке мұқтаж азаматтардың санаттары мен тізімдерін нақтылау жұмыстары жүргізілуде.

Барлық қайырымдылықтың тек ерікті негізде жасалатынын тағы да еске салғым келеді. Бюджеттік мекемелерден, сондай-ақ, азаматтардың еңбекақы қорынан аударымдар бізге түскен жоқ, мұндай қаржыны қабылдамаймыз. Қордың барлық төлемдері, транзакциялар мен есеп айырысулар тек қолма-қол ақшасыз үлгіде жүргізіледі, - деді ол.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған "Біз біргеміз!" республикалық акциясы аясында, "Кедергісіз келешек", "Бақытты отбасы" және "Ардагерлерді ардақтайық" партиялық жобалары арқылы халықтың түрлі топтарына әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары осы қор құрылғанға дейін басталғанын айта кету керек.

Елбасының тапсырмасымен Nur Otan партиясы карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге және тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы көмек көрсету үшін 150 млн теңге бөлді. Коронавирус індетінің таралуына қарсы күреске Тұңғыш Президент Қорынан тағы да 200 млн теңге бағытталды.

Бөлінген қаражаттың арқасында партия белсенділері мен Jas Otan волонтерлары күн сайын халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын антисептикалық және гигиена құралдарымен, бірінші кезекте қажет азық-түлік пен басқа да тауарлармен байланыссыз тарату жолымен қамтамасыз етуде.

Nur Otan мен Jas Otan-ның дәл осы тәжірибесін біз коронавирустың таралуы кезінде ең мұқтаж адамдарды қолдау үшін, өзіміздің және аймақтық қорлардың жұмысында басшылыққа алып, пайдаланылатын боламыз, - деді Руслан Сакеев.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...