Күрделі жүрек патологиясымен туған балаларға бірегей операциялар жасалады

18 Шілде 2019, 21:01
2331
Бөлісу:
Күрделі жүрек патологиясымен туған балаларға бірегей операциялар жасалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шетелдің білікті мамандары қатысатын шара барысында ауыр кардиологиялық сырқатпен туылған, шетелде емдеуді қажет ететін балаларға ота жасалады. Бұл туралы МСҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Шілденің 17-сі мен 27-сі аралығында «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ шеберлік кластарын өткізеді. Шеберлік класы шеңберінде 5 жасқа толмаған 22 бүлдіршінге бірегей операция жасалмақ», - делінген хабарламада.

Менторлар: 
Доктор Якуп Эргюль – «Мехмет Акиф Эрсой» (Түркия) госпиталінің Балалар кардиологиясы және аритмология бөлімі жетекшісі;
Доктор Джордж Френкель – «Шнайдер» балалар медицина орталығының (Израиль) Кардиохирургия бөлімі меңгерушісі.

Шақырылған менторлар жүрегінде туабітті патологиясы бар балалар мен жасөспірімдерге ота жасаумен айналысатын білікті мамандар болып табылады.

Айта кетейік, Медициналық сақтандыру қоры Қазақстан азаматтарын бюджет есебінен шетелде емдету мәселесімен айналысады.  2019 жылы шетел клиникаларында емдеуге 1,5 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.  

«Жыл басынан бері Медициналық сақтандыру қоры шетелде емдеуді қажет ететін 121 пациенттің құжаттарын қарап шыққан болатын. Оның 30-ы отандық клиникаларда емделетін болды. Операциялардың бәрі шетелдік мамандардың қатысуымен өтеді. Оған шамамен 222 млн теңге бөлінбек», - деп атап өтті сақтандыру қорының баспасөз қызметі. 

Бұл бюджет үшін де, пациенттер үшін де тиімді. Себебі, мемлекеттің бөлген ақшасы Қазақстанда емдеуге келмейтін науқастарды шетелде емдетуге жете бермейді. Ал, мұндай мастер-кластар құны шетелге жібергеннен әлдеқайда арзан. Оның үстіне, пациенттер де ешқайда бармай емделуге мүмкіндік алады. 

Қазақстан азаматтарын шетелде емдеу туралы мәліметті Медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтынан алуға болады.

Өзгелердің жаңалығы