Бір ұлт – көп этнос. Шорнақты шулатып, Қордайды қырылыстырған кімдер?

29 Шілде 2020, 13:11
9506
Бөлісу:
Бір ұлт – көп этнос. Шорнақты шулатып, Қордайды қырылыстырған кімдер?
EX PHOTO
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Бір шаңырақтың астында 150-ден астам ұлт пен ұлыс өкілі тұрады. Татулық пен ынтымақтастыққа сызат түсірмеу үшін не істеу керек? Жағымсыз жағдаяттар мен оқыс оқиғалардан сабақ алдық па? Құндылықты қалай құлдыраттық? Осы сұрақтарға жауапты шолудан табасыз.

Қазақ халқы әу бастан кеңпейіл, жомарт. Ешкімді алаламаған, қонақжайлығы бір төбе. Қазақстандағы өзге ұлт өкілдеріне дәстүрі мен мәдениетін дамытуға ешкім кедергі келтірмейтіні де шүбәсіз. Біз - "бір халық – бір ел – бір тағдыр". Жыл сайын елде "Бірлік күн" асыр салып тойланады.

Елбасы осы мерекемен құттықтауында "осы жылдардың ішінде жеткен жетістіктеріміздің барлығы – елдің бірлігі, халықтың арасындағы тыныштықтың арқасы" деген болатын.

Ал Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен еліміздегі барлық этникалық топ өкілі біртұтас Қазақстан халқын құрайды. Біз достық пен ынтымақтың, татулық пен тұрақтылықтың арқасында зор жетістікке жеттік" деді.

Этносаралық қатынас


Этносаралық қарым-қатынастың зерттелуі қандай тетік арқылы жүзеге асырылады? Оның бағыты қандай? Осы және өзге де сұрақтарға осы салада жүргізілетін зерттеулерге тікелей қатысты маман жауап берді.

"Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты" ЖШС директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова ұлтаралық қарым-қатынасты зерттеу бірнеше ғылыми бағытқа негізделеді дейді. 

Себебі, бұл - полидисциплинарлық сала. Тарих, саясаттану, әлеуметтану және психология, лингвистика, менеджмент қарастырылуы керек. Этносаралық қарым-қатынастар әлеуметтік сауалнамалар арқылы зерттеледі. Тарихи құжаттарды зерттеуде қандай тарихи негіздеме бар, оның даму үрдісі қалай жүріп жатқаны туралы мәліметтер зерделенеді. Сондай-ақ, бұл салада этнодемография мәселесі аса маңызға ие. Халықтың саны мен орналасу аймағы, жас аралығы, жынысаралық топтары да қарастырылуы керек. Осы мағлұматтар әрбір 10 жыл сайын қалай өзгеріп тұратыны да маңызды. Этноэкономика жағдайы да бар. Демек, әрбір этникалық топтың экономикалық жағдайын, дәстүрлі экономикалық, шаруашылықтары да қарастыру керек. Этносаралық қарым-қатынасты зерттеу үшін бірнеше саланың мамандары бірігуі керек, - дейді ол.

Мемлекеттік тіл - біріктіруші


    Қазақстанның этносаясаты конституциялық ұстанымдарға негізделеді.

Онда Қазақстанның азаматы барлық құқыққа ие деп айтылған. Ешқандай этникалық немесе нәсілдік, шығу тегіне байланысты шектеулер мен кемсітушіліктер болмауы керек. Ол Конституцияда анық көрсетілген. Сондай-ақ, құжатта қоғамдық келісім деген ұғым бар. Қоғамдық келісім дегеніміз – көпэтносты ортада ауызбіршілік, ынтымақтастық, бірлік деген ұғымның болуы. Қазақстан халқы біртұтас ел деп Ата заңда көрсетілген. Өзге де ұстанымдарды қарастыратын болсақ, ең бастысы - елдің бірлігі. Мемлекеттік тіл біріктіруші тіл ретінде қарастырылады. Конституция бойынша унитарлық, зайырлы, құқықтық мемлекетпіз. Этносаясат осы принциптерді ұстанады, - дейді сарапшы.


Жанжалға себеп


Сәдуақасова айтқандай, этностар арасында жанжал тудырмаудың бірден-бір жолы - Конституция мен заңдарда бекітілген баптарға сүйену, заңдылықты сақтау.

Көбінесе заңсыз әрекеттер мен тәртіпбұзушылық сынды мәселелерге қатысты жағдайлар туындайды. Әрбір саланы алатын болсақ, әлеуметтік көмек, білім, денсаулық салаларында азаматтар мемлекет тарапынан кепілдендірілген көмекке қолжетімді болуы керек. Сот жүйесі әділ болуы керек. "Сот жүйесіне бекітілген азаматтардың құқығы қорғалуы керек" деген тұжырымдамадан ауытқымау керек. Әрине, бұл жерде мәдени, рухани байлық пен дәстүрге назар аудару керек. Әрбір қоғамның ерекшелігі бар. Оны да естен шығармау керек. Басқару жүйесінде мәдени, тарихи, дәстүр деген мәселеге назар аудару керек. Көп жағдайда біз оны ескермейміз. Ондай кезде мәдени түсінбеушілік тууы мүмкін. Сондықтан құқықтық, мәдени дәстүр қатып қалған дүние емес, ол заман ағынына сай өзгеріп отыруы керек, - деді ол.

Сарапшы егер де жанжал туындаған жағдайда алдымен оның себеп-салдарын анықтау керегін айтты.

Бірнішіден, шығу себептерін анықтау керек. Мамандарды жұмылдыру қажет. Екі жақтың қандай талаптары бар? Олардың мәселесі қандай? Жанжалдың шығу тарихы немен байланысты осыны анықтау керек. Бұл жерде бірнеше себеп болуы мүмкін. Нақты сол жанжалға түрткі болған мәселені де қарау керек. Жылдар бойы жиналған себептер де болуы мүмкін. Ашу мен ыза болмашы себептің салдарынан ушығып кетуі мүмкін. Екі жақтың мүддесі мен қажеттілігі қандай? Осы екі сұрақтың жауабы табылса, жанжалды шешуге болады, - дейді Сәдуақасова.

Сарапшы кейбір топ көбінесе туындаған жанжалдың нақты себебін қарастырмай, әлеуметтік желідегі тұжырымдарға сәйкес, эмоция мен күшке бой алдыратынын айтты.

Әлеуметтік желіде ақпаратты таратушы тұлғаның жауапкершілігі болуы керек. Нақты дәлелденбеген ақпарат болса, оны таратқандарды жауапкершілікке тартқан абзал. Жанжал пайда болған кезде заңда көрсетілген талаптарға сүйену керек. Сот, прокуратура, құқық қорғау органдары бар дегендей. Ондай жанжалды шешудің тек құқықтық жолы ғана емес, азаматтық жолы да бар. Мәселен, медиация, келіссөздер жүргізу. Көп жағдайда "өзіміз шешеміз" дегенге салады. Бұл жерде мәселе не арқылы шешіледі деген мәселе туады. Екі жақ келіскен пәтуаларында тұрмайтын болса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Сондықтан мәселені заңды түрде әділ жолмен шешу керек, - деді ол.

Бізде ұлт бір, этнос көп. Бейбіт стратегияны ұстанамыз. Өз шаңырағымызды өзіміз шайқамаймыз. Үйімізде ауызбіршілігімізді жоғалтпауымыз керек. Бұл – ең басты мақсат.

Болып жатқан оқиғалар, біріншіден, әлеуметтік экономикалық жағдайлардың нашарлауымен байланысты. Екіншіден, жергілікті басқару жүйесі дамымаған. Сондықтан ауылдық жерде шығып жатқан оқиғаларға халықтың жағдайы мен білім деңгейінің төмендеуі де әсер етеді. Жұмыссыздық, қоғамдағы әлеуметтік институттардың әлсіреп қалғанын көрсетеді. Мектеп, университет, жұмыс орындары, еңбек ортасы бар, тұрақты жұмысы бар азаматтар қалыптасқан ортада тұрақты болады. Ауылдық жерлерде жекеменшік шаруашылықтар бар, алайда бірігіп жұмыс істейтін әлеуметтік орта қалыптаспаған. Жалпы, бұл әлеуметтік жүйенің өзгеруіне байланысты. Сосын қазір ешкім бір-бірін түсінуге тырыспайды. Әрқайсысында "тек менікі дұрыс, мені жақтау керек" деген сана-сезім қалыптасқан. Ол да ақпараттық ортамен байланысты, - деді ол.


Құндылықтың құлдырауы


Маманның айтуынша, қазір жарнама, әлеуметтік ролик, ойындарда жастарға "сенің қалауың орынды, сенің ғана мүддең қорғалсын" деген ұстаным насихатталып жатыр.

Мұндай қоғамдық насихат болашақта ортамызды бұзуы мүмкін. Мәселен, өзіміздің дәстүрлі тәрбиемізде "біреудің ала жібін аттама", "біреудің қас-қабағына қарау", "басқаларға ізет көрсету" деген болды. Ал қазір "неге мен басқа біреуге төзуім керек? Неге бұлай болу керек?" деген керісінше ұғым пайда болған. Яғни, отбасылық құндылықтардың құлдырауын да айтуға болады. Әлеуметтік топтардың тек қана өз мүддесіне, өз дәстүріне, өз ортасына жұмыс істеп, бәрінен қымбат санауы бірлікке нұқсан келтіретін үлкен қауіп деп ойлаймын, - деді ол.


Кең болсаң, кем болмайсың


Қоғамда әлеуметтену институттарының тұрақты, мықты болуы. Әрбір жүйенің өзгеруі, өкінішке қарай, тұрақсыздыққа әкеледі. Білім жүйесінде бірнеше жылда бірқатар реформа болды. Әр буын алдындағы буынның ережелері мен дағдыларын, құндылықтарын өзіне сіңіре алмай келеді. Бұл жерде ұрпақтар арасындағы құндылықтардың сәйкес болмауын көріп отырмыз. Жүйе тұрақты болу үшін мұрагерлікті келесі ұрпақ қабылдауы керек. Тұрақсыз экономика, тұрақсыз әлеуметтік жүйе осындай салдарға алып келеді. Мемлекетімізде тұрақтылық пен бірлікті сақтау үшін барлығымыз бір мақсат үшін жұмыс істеуіміз керек, - дейді ол.  

Сәдуақасова айтқандай, бір Отанға, бір халыққа, бір мемлекеттің дамуына жұмыс істеуіміз керек.

Бір отбасын мысалға алатын болсақ. Отбасы мүшелері әрқайсысы өз жағына тарта берсе, "менің мүддем жоғары, мен оқуым керек, менің мақсатым орындалу керек, қалғандарың маған қарап отырыңдар" десе, отбасы да, оның мүшелері де өспейді. Сондықтан барлығы ортақ мүддеге жұмыс істеген кезде ғана жетістікке жетуге болады. Қиын-қыстау кезеңде де біздің халық ешкімді кеудесінен итермей, кемшілігін айтпай, керісінше өз ортасына шақырып, мәдениетіне тартып, үйретті. Одан ешкім кем болмады. "Кең болсаң, кем болмайсың" деген айтулы сөз бар. Өкінішке қарай, құндылықтар өзгерді. Оның нәтижесінде ең басты құндылығымызды, бірлігімізді жоғалтайын деп отырмыз. Ішкі жанжалдар сырттан қауіп-қатерлердің келуіне мүмкіндік береді. Біз оны үнемі айтып отыруымыз керек. Оған жол бермеуіміз керек, - деп түйіндеді сарапшы.

Елде тұрмыстық жанжалдың жаппай тәртіпсіздікке ұласып кету жағдайлары аз емес.


Қарағандыдағы қанды оқиға


483922.jpg

2019 жыл енер енбестен "Древний Рим" мейрамханасындағы төбелесте 23 жастағы жергілікті тұрғын Рахымжан Жансейіт қаза болып, үш адам ауруханаға түседі. Жанжал меймандарға мейрамхананың жабылатыны туралы айтылған ескертуден кейін бір-бірімен сөзге келісіп, кейін есік алдына шығып төбелеседі. Қантөгіспен аяқталған бұл оқиға қалада резонанс туғызып, Қазақстаннан тыс жерде де оған әрекет танытады. Оған төбелеске армян диаспорасы өкілдерінің қатысқаны жайлы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тараған ақпарат себеп болған. Қазақстан мен Армения биліктері бұл оқиғаны тұрмыстық жанжал деп атап, "оған ұлтаралық сипат беруге тырысудан бас тартуға" шақырды. Армения премьер-министрі міндетін атқарушы Никол Пашинян Қарағандыда қаза тапқан жігіттің отбасына көңіл айтып, оқиғаға қатысты пікірін білдірген еді.

photo_291897.jpg

Қаза тапқан жігіттің туыстарына көңіл айтамын және оқиғаның ұлтаралық сипаты болуы мүмкін емес екенін атап өтемін. Жанжалдасқан тараптар моноэтникалық болмаған, - деп мәлімдеді Никол Пашинян.

 "Вконтакте" әлеуметтік желісінде жоғарыда аталған жанжалға байланысты белгілі бір ұлт өкілдеріне қатысты зомбылық қолдануға шақырушы пікірлер де анықталады.

Бұл дерек бойынша 2019 жылғы 5 қаңтарда Қарағанды облысының полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.

Рақымжан Жансейітті ұрып-соққан бес ер адам үш жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың бірі ешқайда кетпеу туралы қолхат жазғанымен отырысқа келмеді, айыпталушының қорғаушысы оның Қарағандыдан кеткенін айтты. Ал Рақымжан Жансейітті өлтірді деп айыпталған Юсиф Нурулу ҚР ҚК 293-бабы бойынша төрт жылға, ал 99-бабы, яғни "Адам өлтіру" бойынша 15 жылға сотталды. Енді ол барлығы 19 жыл жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.

maxresdefault.jpg



Қордайдағы қақтығыс


cbdcd742c1b69546a0205ab49ca87596.jpeg

7 ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданында туындаған тұрмыстық кикілжің жаппай тәртіпсіздікке ұласады. Масаншы ауылында шыққан қақтығыстың салдарынан 8 адамның қаза болып, 40-тан астамы жарақат алады. Үйлер мен дүкендер, көліктер қиратылады.

326bad8d780b904d86fae7c99ed3edc6.jpeg


Мемлекет басшысының шешімімен бірқатар шенеунік пен полицей қызметінен кетіп, облыс әкімі ауысады.

356f775a59bec9b4ea2b46952b5d69a5.jpeg

Президент бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі екенін айтты.

Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Сондықтан, біз кейбір азаматқа, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз, - деді Мемлекет басшысы.

Қордай ауданы  – халқы 145 мың болатын Жамбыл облысындағы аудан. Масанчи ауылы Қырғызстанмен шекарадан алыс емес. Ол жерде 13 мың адам тұрады. 90%-і - дүнген, 5% - қазақ, 5% - орыс.

Сенат депутаты Бақытбек Смағұл Масаншыға барып, халқына тоқтау айтқандардың бірі болды. Ол Қордайдағы қазақ пен дүнген арасындағы мәселелерді көтерді.

Дүнген көлігімен келе жатса, қазақтың көлігіне жол беруін талап ететін көрінеді. Жергілікті қазақтар жағы: "Басқа жол салып беріңіздерші, бұл жолды дүнген алып қойды, өткізбейді" деген шағым айтты. Оған ашына айқай салуға тура келді: "Қай жерде отырсың? Сен қазақ, өз жеріңдесің! Күре жолды басқаға беріп, қымсына айналып жүретін құл ма едің?" Қосымша жол ашылмайды. Дүнгендерге көлігін жолға қоюға тыйым салынады. Қара жол қалпына келтіріліп, баршаның ортақ игілігіне айналуға тиіс, - деген еді Смағұл.

Депутат заң барлығына ортақ екенін еске салады.

Бірақ біз қазақ елінде біреудің отау ішінен отау тігуіне жол бере алмаймыз. Олар мемлекеттік тілді білуі, салтын сыйлауы шарт. Салтымызды сыйламаса, халқымызды балағаттаса, қартымызды тепкілеп жатса, оған қалай бей-жай қарап отырамыз? Осыған байланысты қойылуға және орындалуға тиісті талаптардың барлығын айттық. Бұл бағытта да үлкен жұмыс істелуі қажет. Қазақ бағынған заң дүнгенге де, басқасына да ортақ. Мемлекет ішінен мемлекет құру деген қарау пиғылдың тамырына балта шабылуға тиіс, - деді Бақытбек Смағұл.


Шорнақтың шырмауығы


21 шілдеде Түркістан облысы Шорнақ ауылы тұрғындары арасында жанжал орын алды. Полиция мәліметтеріне сәйкес, қақтығысқа қатысушылардың бірінің үйіне шабуыл жасалғаннан кейін белгісіз біреулер келіп, оның үйі мен туыстарының үйлеріне тас лақтыра бастапты. Сол кезде оқиға орнына Кентау қаласының полиция инспекторы бірінші болып келеді. Бірақ жарақат алып қалады. Әлеуметтік желілерде осы полицейдің беті мен киімі қан болып тұрған видеосы тарап кеткен еді. 

5f1a52ccb557b.jpg

Ол жанжалдың тоқтауы үшін қажетті шараларды қолданған. Алған жарақатына және тұрғындардың қарсылығына қарамастан, полиция қызметкері күш пен атыс қаруын қолданбаған. Дене жарақатын учаскелік инспектор мен үш ауыл тұрғыны алған. Оларға медициналық көмек көрсетілді, - деп хабарлады Түркістан облысының полиция департаменті.

Кейін әлеуметтік желілерде жол бойында адамдар мен автокөліктердің шоғырланып тұрғанын түсірген кадрлар пайда болды. Жазба авторлары видеоның Шорнақ ауылында түсірілгенін хабарлады.

Полицияның мәлімдеуінше, келесі күні ауылда арандатушылар жиналып, жақын маңдағы ауыл тұрғындарын заңға қайшы әрекеттер жасауға үгіттеген.

Бұл оқиғаны полиция қызметкерлері бірден тоқтатты. Қазіргі уақытта кенттегі жағдай тұрақты. Ауыл тұрғындарымен облыс әкімдігі кездесті. Жүргізілген іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері төрт азаматты анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта орын алған оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда. Бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, - деп хабарлады Түркістан облысының полиция департаменті.

Жанжалдан кейін елді мекеннің кіреберісіне полиция блок-бекет қойып, ауылды арнайы жасақ күзетті.

Түркістан облысы әкімнің орынбасары Сәкен Қалқаманов 23 шілдеде 40 шақты жас жігіт жиналып, "біздің жігіттерді босатыңдар" дегенін жеткізген.

Бірақ ол әңгіме тоқтады. Ауыл ақсақалдары келіп, полиция және облыс, аудан әкімдігі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бәрін реттедік. Енді бәрін сот шешеді. Қазір жағдай тұрақты, ауыл тыныш. Ешқандай ұлтаралық қақтығыс жоқ, тек тұрмыстық қақтығыс, - деді ол.

Бұл оқиғаға қатысты Сенат төрағасы былай деген еді:

Шорнақта әлеуметтік-тұрмыстық жанжал орын алғаны белгілі. Бірақ мұны кейбіреулер этносаралық жанжалға айналдырғысы келіп, желілерде жалған ақпараттар, заңсыз әрекеттерге шақырған үндеулер таратуда. Десек те, біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сол себепті, кез келген мәселе заң шеңберінде шешілуі керек. Сонда ғана заң үстемдігі орнаған, әр азаматтың құқығы қорғалатын, қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін өркениетті қоғам құра аламыз. Қазіргі таңда індетпен бетпе-бет келген еліміз күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осындай сын-сағатта бірлігімізге сызат түсірмеу – аса маңызды. Сол үшін әр нәрсені ақылға жеңдіріп, әрекет етейік, - деді ол.

Ата заңның 1-бабының 2-тармағында республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу қажеті жазылған. 

Сондай-ақ, 14-бапта заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екені көрсетілген.

Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды, - делінген елдің бас құжатында.

P.S. Бас құжаттан асып қайда барамыз? Солай емес пе?

Өзгелердің жаңалығы