Бір тәулік ішінде 150 мыңнан аса адам онлайн санақтан өткен

7 Қыркүйек 2021, 10:50
2857
Бөлісу:
Бір тәулік ішінде 150 мыңнан аса адам онлайн санақтан өткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 7 қыркүйек сағат 9:00-дегі жағдай бойынша 453 556 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 394 933-і sanaq.gov.kz сайтында, 46 492 Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 12 131 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.

Алғашқы алты күннің қорытындысымен мегаполистер алда. 65 736 астаналық тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Онлайн санақтан өткен тағы 64 537 адам Алматыда тіркелген. Үздік үштікті Шымкент түйіндеді. Мұнда 51 386 адам санақ сауалдарына жауап берді.

Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Түркістан және Атырау облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 5 713 және 4 124 адам санақтан өтіпті.

Ерекше атап өтетін жайт, бір адам өзімен бірге тұратын басқа да отбасы мүшелері үшін толтыра алады. Яғни, sanaq.gov.kz сайтына бір рет қана тіркеліп бір отбасын қамту мүмкіндігі қарастырылған. Санақ парақтарын толтыру басталған сәтте «Респондентті қосу» нұсқасы ұсынылады. Бірге тұратын туысыңыздың ЖСН-ін енгізген соң жүйе оның толық аты-жөнін автоматты түрде шығарады. Бұл мүмкіндік арқылы санақ парақтарын толтыруға кететін уақытты айтарлықтай үнемдеуге болады. Санақ сауалдарына жауап берген соң хабарлама онлайн өткен барлық отбасы мүшелеріне ортақ болып саналады.

Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады. sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауал бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін. Қазақстанда әркім маңызды!


Өзгелердің жаңалығы