Бір шаңырақ астында – берекелі, бейбіт өмір!

1 Мамыр 2019, 14:43
5568
Бөлісу:
Бір шаңырақ астында – берекелі, бейбіт өмір!
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Дәл осындай ұранмен көп ұлтты еліміздегі шынайы достық пен өзара түсіністік көрінісін ұлықтаған Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі Көкшетауда да кеңінен аталып өтті.

Бұл күні шаһар мерекеге сән-салтанатын жарастыра дайындалып, көшелер мен алаңдар көпшіліктің көтеріңкі көңіліндей көркем безендірілді. Жұртшылық Абылай хан алаңындағы «Менің Отаным-Қазақстан» деген атпен асфальтқа балалардың сурет салу өнерлерін, шеберлердің қолөнер-декоративтік бұйымдар көрмесін, қалалық бақтағы «Достық Арбатын» тамашалады.

Одан әрі 200-ге жуық «Көкшетау» мәдениет сарайының хореографиялық ұжымдары мен этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен облыстық достық фестивалінің ашылу салтанаты қуаныш, мереке көкжиегін кеңейте түсті. Тәуелсіздік алаңына жиналған жұртшылық назарына «Бір шаңырақ астында – берекелі, бейбіт өмір!» атты хореографиялық көрініс ұсынылды.

Мерекелік шарада Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұртшылықты Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, еліміздегі достық пен татулықтың, бірлік пен берекенің маңызы, Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың алға қойған міндеттерін орындау, өңір тұрғындары ал-ауқаты мен тұрмысы, экономикасын ілгерілете түсудің қажеттігі, алда қойылған ауқымды жоспарлар барысына тоқталды.

Бір шаңырақ астында – берекелі, бейбіт өмір!

«Тағдырдың жазуымен Ақмола облысы Отанымыздың көптеген ұлттар мен ұлыстар шоғырланған өңірлерінің біріне айналды. Бүгінде ғасырлар бойы қалыптасқан өзара сенім мен достыққа қылау түсірмей, бір мақсат, бір мүдде жолында ынтымақты өмір сүріп келеміз. Халқымыздың ырысты ынтымағы мен абыройлы ауызбірлігінің арқасында кездескен қиындықтарды еңсеріп келеміз. Индустрия саласындағы ірі инвестициялық жобалар, экономикалық және инфрақұрылымдық дамытудың инновациялық жобалары, шағын және орта бизнесті нығайту мен дамыту – осының барлығы облыс экономикасына үлкен өзгерістер әкелді. Бұл өңір тұрғындарының өмір сүру деңгейіне де зор ықпал етіп, ақмолалықтардың әл-ауқаты артып келеді. Дегенмен, біз осы қол жеткізген жетістіктерімізбен тоқтап қалмаймыз. Мемлекет басшысы ұлттың жаңа саяси бағытының жобасы – «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойылған ауқымды міндеттерді жүзеге асыра отырып,  тек қана алға қадам басатын боламыз. Бірлік пен татулықты нығайту арқылы қуатты да табысты мемлекет құру жолында биік белестерге қол жеткіземіз», - деді өңір басшысы өз құттықтауында.

Мерекелік шарада «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының төрағасы Герихан Яндиев жүзден астам ұлт пен ұлыс қасиетті қазақ жерін мекендеп отырған елімізде бейбітшілік пен ынтымақ басты құндылық екендігіне тоқталды.

Бір шаңырақ астында – берекелі, бейбіт өмір!

«Көктем гүлдері бүр жарып, ақ бұлақтары сылдыр қағып қырдан құлаған, табиғаттың жасанған бір шағында келер бұл мереке біздің Тәуелсіз Қазақстанымыздың өзге елдерден ерекшелігін паш ететін жарқын мереке! Қазақстанның ту қып ұстаған жетістігі де, алдағы жетістіктерге негіз болар темірқазығы да осы – ел тыныштығы, жүзден астам ұлт пен ұлыстың өзара достығы. Әлем елдері біздегі тағдыр тоғыстырған әртүрлі ұлттардың ұланғайыр жерді мекен еткен жергілікті халықпен етене араласып туыс-дос болып, бір ниетке бірігіп ғұмыр кешуіне таңдай қағады. Жаратылысынан қонақжай, кең пейіл қазақ жұрты тауқымет шеккен талай ұлт-ұлыс өкілдерін бауыр қылып, берекелі тірлікке бастады. Халқымыздың ол адал ниеті, мейірбандығы, қамқорлығы алдынан шықты. Қазақтың қиналғанда қол созғанын, бүтін құртты жарып жеген жақсылығын ешкім ұмытқан жоқ. Осы елді өздеріне Отан санады, осы елдің өркендеуі үшін еңбек етті, тер төкті, ұрпақ өсірді. Жақында ғана болып өткен Қазақстан Халқы Ассемблеясының сессиясында сөйлеген жастар сөзі ешкімді де бейжай қалдырмаса керек. Олардың қатарында кәріс те, молдаван да, әзірбайжан , орыс та бар. Олар өз ата-бабалары бойларына сіңірген тәрбие өнегесін көрсетті. Қасиетті қазақ еліне алғыстары шексіз. Осы елде туып, осы елде өсіп, ғылым мен білім саласында әлем таң қаларлық нәтижелерге қол жеткізгендерін мақтанышпен айтты. Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз алғыстарын жаудырды», -деді Герихан Яндиев.

Сөз алғандардың әрбірі біздің елді бейбітшілік пен келісімнің бесігі дей келе, тыныштық пен татулық мәңгі сақтап қалар құндылығымыз болуы екенін баса айтты.

«Осы бір айшықты мереке бейбітшілік пен келісімді бағалайтын барша қазақстандықтар үшін аса қымбат. Бірлік, бейбітшілік, келісім қашанда Қазақстан қоғамының шешуші құндылықтары болып табылады. Бүгінде байтақ елімізді мекендейтін түрлі ұлт өкілдерінің Конституциямен бекітілген азаматтық құқықтары мен бостандықтары қамтамасыз етіліп, ұлттық ұстанымдар мен дәстүрлерінің сақталуына, рухани, мәдени өсіп-өркендеуіне жағдай жасалып отыр», - дейді Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау орталығының төрайымы Дина Мурашова.

Бұл күні көпшілік 11 этноқалашық павильондарын аралап көрді. Әр павильонда ұлттық бұйымдар, тағамдар, қолданбалы өнер туындылары қойылып, өңірде тұрып жатқан әр ұлт өкілдерінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарынан көріністер ұсынылды.

Мерекелік шара аясында «Райым и Артур» тобы, Алмас Кішкенбаев сияқты елімізге танымал әншілер мен «Назар аудар» КТК командалары, облысымыздағы шығармашылық ұжымдары жұртшылықты көтеріңкі көңіл-күйге бөледі. Ақан сері атындағы мәдениет колледжі студенттері көрермендерге мерекелік флешмоб тарту етті. Тәуелсіздік стелласының алдында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Сондай-ақ, қала тұрғындары үшін мерекелік жәрмеңке ұйымдастырылды.

Өзгелердің жаңалығы