Бас жаңалықтар
Бір ғасыр болған «Ақиқат» журналының түпнұсқасы көрмеге қойылды
10 Қыркүйек 2021, 17:20 130

Бір ғасыр болған «Ақиқат» журналының түпнұсқасы көрмеге қойылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы Ұлттық кітапхананың мерзімді басылымдар оқу залында «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының мерейтойына орай көрме ұйымдастырылды.

«Ақиқат» - ұлттық қоғамдық-саяси журнал. Оның алғашқы саны 1921 жылы Орынбор қаласында «Қызыл Қазақстан» деген атпен жарық көрді. Журналдың атауы 1924 жылдан 1991 жылға дейін бірнеше рет өзгерді: «Ауыл коммунисі» (1932), «Коммунист» (1938), «Қазақстан большевигі» (1945), «Қазақстан коммунисі» (1952), «Ақиқат» (1991). 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін ұзақ жылғы тарихы бар басылым жаңа мазмұнда «Ақиқат» атауымен шыға бастады. Қазіргі таңда журнал саясат, тарих, философия, экономика, мәдениет, филология саласындағы қоғам дамуының өзекті мәселелерін көтеретін маңызды ғылыми мақалаларды жариялайды.

Кітапхананың мерзімді басылымдар қызметінің жетекшісі Сәлима Тоқтасынқызы көрмеге журналдың алғашқы нөмірлерінің түпнұсқасы қойылғанын айтады.

Көрме осы жылдың аяғына дейін болады. Оған сирек кітаптар қорынан журналдың 5 түпнұсқасы қойылды. 1922 жылғы «Қызыл Қазақстан», 1936 жылғы «Ауыл коммунисі», 1952 жылғы «Қазақстан коммунисі» және «Ақиқат» журанылынң 1991 жылға дейінгі барлық нөмірі қойылды. Алғашқы нөмірлерінде Сәкен Сейфуллиннің төте жазумен басылған мақалалары бар, - дейді С. Тоқтасынқызы.


Сонымен қатар ол көрме үш бөлімнен тұратынын жеткізді.

«Ақиқат» қазақ баспасөзінің айнасы» деген бірінші бөлімде журналдың тарихы, алғашқы бас редакторлары Ораз Жандосов, Смағұл Сәдуақасов және тағы басқалардың осы журналға қосқан үлестері баяндалады. «Ел тарихының шежіресі» бөліміне журналда жазылған тарихи деректер енді. Үшінші бөлім - «Руханият жаршысы». Онда еліміз Тәуелсіздік алғалы көтеріліп келе жатқан мәселелер енді, - дейді кітапхана маманы.

Алдағы уақытта оқырмандардың сұранысы бойынша көрменің виртуалдық нұсқасы ұйымдастырылады.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек қорындағы материалдар, тарихи жылдардағы «AQIQAT» журналының басылымдары, мерзімді басылым беттерінде жарияланған белгілі қоғам және саяси қайраткерлердің, ақын-жазушылар мен журналистердің мақалалары ұсынылған.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...