Бір айға жалғасқан «Ұлы дала рухы» фестивалі аяқталды
PHOTO
07 Қазан 2021, 11:40 1038

Бір айға жалғасқан «Ұлы дала рухы» фестивалі аяқталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен бір ай бойы еліміздің барлық өңірінде аталып өткен дүбірлі дода – Ұлы дала рухы жастар фестивалі аяқталды.

Еліміздің жас спортшылары ұлттық ойынның асық ату, қазақ күресі, көкпар, жамбы ату, теңге ілу т.б. түрлерінде өзара мықтыны анықтады.

Жарысқа шамамен 225 спортшы қатысты.

Солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс өңірлердегі іріктеу кезеңдерінен жүлделі орынға ие болған спортшылар елорда төрінде өткен ақтық сында бақ сынады.

Жалпы алғанда, еліміздің барлық өңірін қамтыған фестивальде ұлттық ойынның 7 түрінен жарыс өтті.

Ұлттық ойындар қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі және халықтың өмірі мен мақсатын бір арнаға тоғыстырады.

Дәстүрлі ойындардың шығу тегі халқымыздың көшпелі шаруашылық қарекеттерінен бастау алып, бүгінгі күнге дейін сақталған.

Фестивальді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен «Ұлттық және ат спорты орталығы» бірлесе отырып ұйымдастырды.

Жарыс ұлттық стратегияны дамытуға бағытталған. Ұлттық спорт түрлері жастардың бойында күш, ептілік пен төзімділікті дамытуға, азаматтардың жан-жақты дамуына ықпал етеді.

Айта кетейік, спорт пен дене шынықтыру саласы – мемлекеттік саясаттың ең маңызды басымдықтарының бірі.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл және даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толуына орай өткен жарыста жеңімпаздары анықталды.

Фестивальдің жабылу салтанатында Астана циркінің каскадерлері өнер көрсетіп, әншілер мен бишілері көрермен көңілінен шығар өнерлерін ортаға салды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, «Ұлттық және ат спорты орталығының» директоры Аманжол Хасенов, Мәдениет және спорт министрлігі өкілдері мен ұлттық спорт жанашырлары қатысты.


Фестиваль қорытындысы бойынша көкпардан Жамбыл облысы "Әуие ата" жастар құрамасы жеңімпаз атанса, басқа спорт түрлерінің барлығынан Түркістан облысының құрамасы жеңіс тұғырынан көрінді. Соған орай "Ұлы дала рухы" дәстүрлі жастар фестивалінде түркістандық түлектер ел чемпионы атанды.


Фото: автордан
Загрузка...