Бір ай ерте жиналған егін науқанының нәтижесі қалай болды

6 Қазан 2020, 09:45
3181
Бөлісу:
Бір ай ерте жиналған егін науқанының нәтижесі қалай болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл егін жинау науқаны бір ай ерте аяқталып әрі былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп астық бастырылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.

Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау бойынша жалпы егін жинау алаңы 99,5 пайызға аяқталды. Республика бойынша егін жинау алаңы 15,8 млн гектарды құрады. Яғни гектарына 12,8 центнер орташа өнімділікпен 20 млн тонна астық бастырылды. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің алынған көлемі елдің ішкі қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге және 7-8 млн тонна астық көлемінде экспорттық әлеуетті іске асыруға мүмкіндік береді, - дейді Сапархан Омаров. 

Биыл жинау жұмыстары былтырғы жылға қарағанда бір ай бұрын аяқталған.  

Бұған қолайлы ауа-райы жағдайлары мен шаруалардың техникалық дайындығы ықпал етті. 2019 жылмен салыстырғанда элеваторларға 1 млн тоннаға көп астық әкелінді. Бұл ретте келіп түскен астықтың 80 пайызының сапалық сипаттамалары жоғары, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 54,4 пайызды құраған болатын, - дейді министр. 

Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқев ауыл еңбеккерлерін астық жинау науқанының табысты аяқталуымен құттықтаған болатын. 

Бүгінде ел өңірлерінде 20 миллион тонна көлемінде астық жиналды. Бұл еліміздің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етеді, сондай-ақ, экспорттық әлеуетімізді арттырып, Қазақстанның астық державасы мәртебесін сақтап қалуына мүмкіндік береді. Егін жинау науқаны бір айға ерте аяқталып, қоймаларға екі есе көп астық жиналды, - деген болатын Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы