Бір қағаз неге жарты жыл мақұлданады? Нығматулин ҰЭМ орынбасарын сынға алды

27 Наурыз 2019, 15:20
2060
Бөлісу:
Бір қағаз неге жарты жыл мақұлданады? Нығматулин ҰЭМ орынбасарын сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының бірінші оқылымы өтті. 

Депутат Роман Ким Ұлттық экономика министрлігі өкілдеріне осы заң жобасына қатысты сауалын жолдады. 

«Елбасы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл өндірісті кеңейтіп қана қоймай, ауыл халқының өмірін жақсартуға бағытталған. Осы мақсатта ауыл халқына жол салу, ауызсумен қамтамасыз етуге бөлінген ақшаны қоспағанда 2019-2021 жылдарға 90 млрд теңге бөлінді. Бағдарламаны әзірлеу мен маңызды жобаларды қабылдау неліктен кешіктіріліп жатыр?», - деп сұрады мәжіліс депутаты.

Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов бұл бағдарламаға ҚР ҰЭМ әкімші екенін атап өтті. 

«Біз осы кезең ішінде 6,5 мың елді мекенді, соның ішінде 1781 келешегі бар ауылды анықтадық. Қазіргі таңда 12 аймақта бекітілген жобаларды алдық. Қалған екі өңірден жақын арада толық аламыз. Биыл 30 млрд теңге сомасында 500 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр», - деп жауап берді ол.

Парламент мәжілісі төрағасы Нұрлан Нығматулин вице-министрдің жауабына қанағаттанбай, сұрақты қайта қойды.

«Елбасы күзде тапсырды. Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы (Тоқаев – ҚР президенті) әкімдермен жиналыс өткізді. Кезекті рет өңірлерде инфрақұрылым жобаларының маңыздылығын атады. Ал сіз осында келіп мемлекеттік органдармен келісу үстінде деп айтасыз. Қазір наурыз айы. Бағдарламаның кешіктірілуіне не себеп? Жарты жыл болды», - деп сұрады спикер. 

Ұлттық экономика вице-министрі жұмысты осы аптада толық аяқтайтынын жеткізді. 

«Біз өңірлерге ақша бергенде жәй үлестірліп қоймай, өңірлік стандартпен қолданылса дейміз. Өңірлерде қажетті мемлекеттік қызметтерді осы аптада толық тіркеп, бағдарламаны әзірлейміз», - деді Алпысов. 

Нығматулин ақша бөлініп, үшжылдық бюджет бекітілгенін, Үкімет заңнамалық актілерді қабылдағанын айтып, кешіктірілу себебін қайта сұрады. 

«Ақша бар. Әкімдер дайын. Өңірлер дайын. Не себеп? Қағазды мақұлдау үшін бір мемлекеттік органнан келесі органға жарты жыл жеткізесіздер. Түсініп тұрсыз ба? 90 млрд теңге. Ал сіз осы айда бітеміз деп айтасыз. Не себеп?» - деді ҚР Парламент мәжілісінің төрағасы. Осы сәтте Ермек Алпысов бағдарламаға жалпы сомасы 90 млрд теңге бөлінгенін қайталады. - Ермек Амантайұлы, мен сізден сандарды емес, себебін сұрап жатырмын. Былтыр қазанда тапсырма берілді, жыл соңына дейін жасаймыз дедік. (...) Үш ай өтті, сіз аяқтауға тағы бір апта сұрап отырсыз. Роман Ким дұрыс сұрақ қойды. Қағаз неге жарты жыл мақұлданады? Ақша бөлінгенде наурызда жұмыс істеу керек. Өңірлерде тендер жасауға тиіс еді. Ал бүгін бағдарламаны келісу туралы айтасыз. Бағдарлама болмаса, қаржы игерілмейді. Не себеп? Бағдарлама неге бекітілген жоқ?», - деді спикер.

Ұлттық экономика вице-министрі бекітілетінін айтты. 

«Не себеп? Жауапкершіліктің жоқтығы? Түсінесіз бе? 2018 жылдың қазан айында тапсырылды. Жыл соңына дейін аяқтауға тиіс едік. 2019 жылдың 3 айы өтті. Ал сіз апта соңына дейін жасаймыз дейсіз? Жарты жыл жетпеді ме? Ермек Амантайұлы, бұлай жұмыс істеуге болмайды. Істі реттеңіз. (...) Біз инфрақұрылымды, елді мекен тұрғындарының өмірін құрайтын басқа да нәрселерді лайық деңгейге жеткізуіміз керек. Сол үшін бұл бағдарлама апта соңына дейін әзірленеді», - деп тапсырды Нығматулин.

  

Назерке Абибулла

 



Өзгелердің жаңалығы