Бас жаңалықтар
Көкшетаулық студенттер биоотын өндіруді қолға алмақ
01 Ақпан 2019, 15:47 943

Көкшетаулық студенттер биоотын өндіруді қолға алмақ

Фото: автор

Көкшетау,  BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаулық қос студент Диана Лянге мен Ұлпан Әлтенова өз жерлестеріне арзан жылу өнімін ұсынып отыр. Оны өздері өндірмек.

Зығыр сабаны мен қағаздың қосындысынан жасалатын биоотын қазір халық тұтынып отырған көмірдің жылуын бере алады. Бағасы да арзанға түспек. Әрі қара күйе мен күлден біржола құтыласың.

«Әзірге жаңа өнімді патенттеп алу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Кейін шағын кәсіпорын ашып, биоотын өндіруді қолға алмақпыз. Экологиялық таза, тиімді, үнемді өнім пеш жағатын жерлестеріміздің өмірін жеңілдетеді», - дейді студенттер.

Зығырдың қалдығын тең түрінде жасап жүрген зеренділік кәсіпкер Владимир Андрюхин. Қазір үлкен қазандық сатып алып, күзгі жиын-теріннен кейін зығыр сабанын егіс даласында емес, сонда салып өртейді. Қызуы тіпті құмның өзін әйнекке айналдыратынына мән берген азамат ауылындағы мектепті осы отынмен жылытып отыр. Оның өнімімен танысқан студенттер Диана мен Ұлпан қарапайым көмірге балама биоотынды шағын кірпіш түрінде жасауға болады деп шешкен.

«Кәсіпкер өз өніміне ағаш жоңқаларын қолданады. Алайда ондай қалдықтарды табу оңай емес, себебі үлкен сұранысқа ие. Көбінесе құрылыс жұмыстарына алып кетеді. Ал, зығырдың сабанын осы өсімдікті өсіретін шаруашылықтардан алуға болады және макулатура біздің өңірде жетерлік. Оны өндіріске қолдану туралы ұсынысымызды меншік иелері қос қолын көтеріп тұрып қабыл алды. Сондықтан егер шағын цехты іске қоссақ, бізге зығыр сабанын беретін шаруашылықтар бар», - дейді Диана Лянге.

Брикет түрінде сығылып жасалатын өнімнің 30 пайызын қағаз қалдықтары, 70 пайызын зығыр сабаны құрайтын болады. Салмағы 2,5 келі. Кәдімгі үйлердегі шағын пештерге лайықталған. 2-3 сағатқа дейін жанады. Қызуы көмірден кем емес.

Диана мен Ұлпан Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің есеп-аудит факультетінің 3-ші курсында оқиды. Биоотын жасау туралы шешімге бірлесіп келген. Алдымен олар елімізде ағаш жоңқалары мен қағаздан жасалатын өнімді зерттеп көрген. Бірақ оның жылуы шамалы екеніне көздері жеткеннен кейін, зығыр сабанын дұрыс деп тауыпты. Қос құрбының биоотынға қатысты жобасын 725 мың теңгеге сатып алуға болады немесе өздері өндіріс орнын ашса, шамамен 2 миллион 222 мың теңге қаражат қажет.

«Мысалы, 1200 гектар егістік алқабындағы зығырдың сабанын жинау үшін жеті күн кетеді. Оған 2 трактор жүргізушісі және 1 тіркемелі трактордағы теңбастырушы қажет. Яғни үш адам жұмысқа тартылады. Оларға үшеуін қосқанда 72 мың теңге жалақы төленеді. Мысалы, 1200 гектар зығыр сабанына, 30 пайыз макулатура қосу қажет дейік, ол шамамен 420 тонна болады. Барлығын қосқанда шикізат 1620 тонна болады. Содан 728 мың брикет шығады. Мысалы, бір жылу маусымына 114 мың теңге шығындалады десек, бұл өнімге 12 мың теңге ғана жұмсалады. Брикеттердің бір тоннасы 2 мың теңге тұрады. Бұл биотынды тек қыста ғана емес, жазда да пайдалануға болады. Монша жағуға, каминге немесе табиғат аясында дем алғанда тамақ пісіруге де қолдануға қолайлы», - дейді студенттер.    

Университет қабырғасында «Менің арманым» атты start-up байқау жарияланған кезде екеуі өзінің өнімін ұсынып, ширек финалға жолдама алыпты. Одан кейін жастардың «Akmola power» инновациялық жобалар байқауында бақтары жанып, жүлделі орынға ие болды.

«Университетте «Enactus» атты ұйым бар. Бұл комммерциялық емес халықаралық ұйым. Сол арқылы түрлі әлеуметтік, экологиялық, экономикалық жобаларды іске асыруға болады. Өткен жылы біз тағы бір ұлттық жобаға қатысып, онда Көкшетаудағы «Ана үйімен» байланысты мәселе көтердік. Ондағы мақсат, баласымен жалғыз қалған жас аналардың уақытша баспанадан шығып кеткеннен кейін өзін-өзі асырауына қолқабыс ету. Яғни «Ана үйін» паналап отырған жастарға қолдау көрсету», - дейді Ұлпан Әлтенова.

Қыздар университет қабырғасында жәрмеңке ұйымдастырып, одан түскен қаржыға фетр, яғни тебіскі сатып алып, жас аналар телефонға, ноутбукке арналған тысқаптар тігіпті. Содан кейін оны сатылымға шығарыпты. Биыл бұл жобаға қатысты жұмыстарын одан әрі жетілдірмек.

Әсем Ұланқызы

Сізден жаңалық