Білім министрі алғаш сұхбат берген кезін еске алып, журналистерді мерекелерімен құттықтады

28 Маусым 2020, 15:27
2335
Бөлісу:
Білім министрі алғаш сұхбат берген кезін еске алып, журналистерді мерекелерімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында алғаш рет сұхбат берген кезін еске алып, халықтың проблемаларына бей-жай қарамайтын мамандардың бар екеніне қуанатынын айтты.

Білім министрі университеттегі "Жастар әлемі" студенттік газетіне және ЖОО телеарнасына алғаш рет сұхбат бергенін айтты.

Мұқият дайындалсам да, интервью барысында қатты қобалжыдым. Кейін депутат болғанымда, бұл тәжірибенің пайдасы тиді. Қалалық мәслихатта жергілікті журналистермен тығыз жұмыс істедік. "БАҚ – төртінші билік" деп бекер айтпаған ғой, тілшілермен бірге проблемалы сұрақтарды көтеріп, мәселенің шешілуіне атсалыстық. Мысалы, балалар алаңы орнында автотұрақтың салынуы немесе рекреациялық аумақтарда құрылыс жұмыстарын жүргізу сынды тақырыптарды қозғадық. Олар соншалықты ауқымды болмаса да, бір ауданның, ауланың тұрғындары үшін маңызды болды, - деді министр.

Аймағамбетовтің айтуынша, оның бастамаларының іске асуына журналистердің көп көмегі тиген.

Менің бастамаларымның жүзеге асуына журналистердің көмегі көп тиді. "АРТ", "5 арна", "ҚарМУ телеарнасы", "Новый вестник", "Взгляд", "Кешкі газет" қызметкерлері әлі есімде. Оларға ерекше алғысымды білдіремін. Көпшілігі қазір елордада жұмыс істейді, маңызды жобалармен айналысып жүр.
Әлеуметтік желілер пайда болғалы гаджеті бар әрбір адам өзін журналист деп атап, көзқарасын білдіре алады және бұл – дұрыс үрдіс, - деп атап өтті ол.

Министр БАҚ-тың тек кәсіби өкілдері ғана елде және ғаламда болып жатқан оқиғаларға қатысты басты пікірді қалыптастыра алатынын айтты.

Дегенмен, БАҚ кәсіби өкілдері ғана елімізде және әлемде болып жатқан оқиғаларға қатысты негізгі пікірді қалыптастырады. Жалпы халықтың проблемаларына бей-жай қарамайтын мамандарымыз бар екеніне қуанамын. Сіздердің сұрақтарыңыздың, материалдарыңыздың, бағаларыңыздың, соның ішінде сындарыңыздың арқасында кез келген сала дамиды. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні құтты болсын! Медиа саласында еңбек етіп жүрген мамандарға зор денсаулық, кәсіби даму мен шығармашылық табыс тілеймін, - деп түйіндеді сөзін білім министрі.


Өзгелердің жаңалығы