Білім беру саласында жемқорлықты жою керек – депутат

25 Сәуір 2019, 16:48
2343
Бөлісу:
Білім беру саласында жемқорлықты жою керек – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Халық коммунистері" фракциясы Мәжіліс үйінде "Жастарды жұмысқа орналастыру проблемалары" тақырыбында дөңгелек үстел өткізіп жатыр.

Жиында Əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорация басшысы, Зеренді аудандық мəслихатының депутаты Мұрат Молдахметов ауыл жастарының мəселесін көтерді.

"Мен ауыл тұрғыны ретінде ауыл жастары туралы ойлаймын. Себебі ауыл тұрғындарының көбі қалаға көшіп жатыр. Бұл әрине үйреншікті процесс. Бірақ мен ауылда қалған, әсіресе жұмыссыз жастарға алаңдаудамын, себебі ауылда жұмыс - маусымдық. Ауылдық жерлерде ветеринар дәрігерлердің, медбикелердің, мұғалімдердің, сондай-ақ өнімділігі жоғары шетелдік техникада жұмыс істей алатын механизатор мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Бұл үлкен проблема. Осы туралы Жамбыл Ахметбековтың жақында ҚР Үкіметіне жолдаған хатында айтылған. Ауыл шаруашылығының ғылыми -экономикалық дамуы Қазақстанға өте қажет", - деді Молдахметов.

Депутаттың айтуынша, оңтүстік аймақтардағы жастарды квота бойынша солтүстік өңірлерде оқытып, одан әрі сол жақта жұмыспен қамтитын «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бар. Бірақ іс жүзінде жартысынан көбі оралады. Яғни, оқудан кейін бұл процесс тоқтайды, оларды ешкім жұмыспен қамтамасыз етпейді. Ал осы жобаға мемлекеттік ақша бөлінген.

"Мысалы, біздің ауданымызда Чаглин колледжі бар. Онда 2018 жылы 600-ден астам студент оқитын. Олардың 200-і «Серпін» бағдарламасы бойынша оқыған, бұл жастардың 35-і ғана ауданда қалды. Осыдан бұл бағдарлама толық әзірленген жоқ деуге болады. Биыл «Жастар жылы» үшін бөлінген қаражат - 24 млрд теңге. Сондықтан «Серпін» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген қаражат, оның ашықтығы, нақты орындалуы бақылауға алуына тиіс. Бұнымен қатар, қалған ауыл жастарын ауылда   өз бизнесін жүргізуге үйрету керек. Олар осы бизнесті ашуына пайызсыз несие ала алуы қажет. «Серпін» бағдарламасына мемлекеттік ақша бөлінген. Бұл қаражат дұрыс жұмыс істеу үшін совет үкіметі кезіндегіей оларды ауылда жұмыс істеуге міндеттеу керек", - деді Молдахметов.

Оның айтуынша, біріншіден білім беру саласында, әсіресе ауыл жастары үшін білім беру мекемелерінде жемқорлықты жою қажет. Екіншіден, барлық спорттық нысандар қолжетімді, жоғары сапалы болуы тиіс. Жəне болашақта ауылдық жерлерде ірі спорт объектілер салынып, басқа елдерден легионерлерді азайту керек. Қаражатты өз ауылымыздың жастарына инвестициялау қажет.

"Үшіншіден, жас адам Отанға деген және оның тарихына деген сүйіспеншілігімен, ұлттық руханилыққа сүйене отырып, «америкалық арман» (жақсы білім, медицина, жұмыс және т.б.) түрінде ұлттық идеяны дамыту керек. Төртіншіден, ауыл жастары үшін ең алдымен қолжетімді интернет, білім, бизнес ашуына несие сияқты шараларды жүзеге асыру қажет. Қорытындылай келе, айтатыным, осы әлемде барлық нәрсе өзгеріске ұшырайды, бірақ ең бастысы - біздің халқымыз бен болашақ ұрпақ басты құндылық болып қала береді", - деп түйіндеді Мұрат Молдахметов.

Дөңгелек үстелге коммунист депутаттар, жастар, уәкілетті мемлекеттік органдар, оқу орындары, азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Өзгелердің жаңалығы