Шпекбаев: Парақорлық, ұрлық және билікті асыра пайдалану фактілері 14% азайды

31 Қазан 2019, 11:01
2857
Бөлісу:
Шпекбаев: Парақорлық, ұрлық және билікті асыра пайдалану фактілері 14% азайды
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің 2019 жылдың 9 айында атқарған жұмыстарының нәтижелері талқыланған Алқа отырысы өтуде. 

Алқа жұмысына Nur Otan партиясының, ҚР президенті Әкімшілігінің басшылығы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшылары мен аппарат жетекшілері, сонымен қоса жұртшылықтың, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері қатысуда.

Отырысты ашқан агенттіктің төрағасы Алик Шпекбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дербес құқық қорғау органы ретінде қайта құрылуының маңыздылығын және жемқорлыққа қарсы саясаттың бірнеше басты қырын атап өтті.

Ең алдымен, агенттіктің заңнамалық бастамаларына тоқталды.

"Мемлекет басшысының 20 мамырдағы тапсырмаларына сәйкес, агенттік әзірлеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы басты жобаларға тоқталайын. Бұл мемлекеттік орган басшыларының – саяси мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан кетуін енгізу (тікелей бағынышты адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін); мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары басшыларының жеке тәртіптік жауапкершілігі (бағынышты қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қабылдамағаны үшін); нормативтік құқықтық актілердің жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуді қалпына келтіру. Осы үш бастама президенттің қол қоюына жолданған заң жобасында көрсетілген", – деді Алик Шпекбаев.  

Ол мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бақылау нәтижесінде 181 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелгенін айтты. Сондай-ақ, 287 лауазымды тұлғалардың бизнеске заңсыз араласу фактілері анықталып, 198 адам жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 85 адам сотталды, 282 кәсіпкердің құқықтары қорғалған. 

"Соңғы үш жылда кешенді алдын алу шараларының нәтижесінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың саны 14% азайды. Қылмыстың негізгі бөлігі – парақорлық (850), ұрлық (714) және билікті асыра пайдалану (224) фактілері. 1028 тұлға әшкереленді, оның 23-і республикалық және 86-ы облыстық деңгейдегі басшылар", - деп мәлімдеді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, келтірілген залалдың мөлшері едәуір артқан – 23,2 млрд теңге (өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге көп; 2018 жылдың 9 айында 13,5 млрд. теңге), оның 94%-ы өтелген.

Өзгелердің жаңалығы