Билік партиясының өзгеруге ынтасы бар – Ерлан Саиров

22 Тамыз 2019, 20:36
1832
Бөлісу:
Билік партиясының өзгеруге ынтасы бар – Ерлан Саиров

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше елордада Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен партия саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы болды. Белгілі саясаткер Ерлан Саиров билік партиясының жиналысында көпшілік қызу талқылап жатқан мәселелерге қатысты пікір білдірді.

Саясаткер саяси кеңестің отырысы кезінде Елбасының «егер біз өз міндеттермізді атқара алмасақ, біздің орнымызға басқа партия келеді» деген сөзіне тоқталды.

«Кешегі билік партиясының жиналысында көпшілік қызу талқылап жатқан «екі сиыр» мәселесінен тереңдеу мән-мағына бар тәрізді. Ең негізгісі, «егер біз өз міндеттермізді атқара алмасақ, біздің орнымызға басқа партия келеді», бұл тезис ашық айтылды. «Әкімшілік ресурс» мүмкіндіктеріне ғана сүйену де сенімді емес. «Жаңа көзқарас» керек», - деп жазды Ерлан Саиров өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Ол партиялық жұмысқа «жаңаша көзқарас» қалай жүзеге асатынын айтты.

«Партиялық жұмысқа «жаңаша көзқарас» қалай іс-жүзіне аспақшы? Біріншіден, фракциялардың рөлі мен мәртебесі артады. Енді Мәжіліс спикері мен парламенттік көпшілік фракция басшысы – бір тұлға. «Партия аппараты – фракция» желісі бойынша тікелей өзара әрекет етуші заң шығармашылығы механизмі толыққанды іске қосылады. Екіншіден, мәжілісшілер Үкімет әрекетіне қатысты бұрынғыша келісімпаздық позициясын қояды. Министрлер кандидатурасын қолдамау және қанағаттанғысыз жұмысы үшін министрлерді орнынан босату туралы ұсыныс енгізу бойынша конституциялық тетіктерін пайдалануға мүмкіндік артып отыр. Үшіншіден, Nur Otan-ның облыстық филиалы төрағасы мен облысы әкімі лауазымдарын бөлу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Өйткені бұл екі қызметті бір адам қатар атқаруда. Бұл шара атқарушы билікті партиялық және қоғамдық бақылаудың тиімділігі мәселесін түбегейлі шешеді. Мәселе мәслихатшылардың өз қызметінде шектеліп қалуында болып отыр. Олардың көпшілігі нұротандықтар, сонымен бірге партия филиалының төрағасы болатын әкім де олардың партиялық бастығы саналады. Бұл жерде мүдделер қақтығысы айқын көрініп тұр. Мұндай жағдайда мәслихаттың тиімділігі аз, өйткені жергілікті бюджетті объективті қарау және өңірдің даму мәселерін көрсету қиын», - деп атап өтті Ерлан Саиров.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі партияның ішіндегі өзгерістер туралы айтып өтті.

«Біріншіден, Nur Otan партия ішіндегі демократия механизмін арттыруға ниеттеніп отыр. Нақты ұсыныстар тұжырымдай алатын талантты кадрларды бәсекелі түрде іріктеп алуға ынталандыратын праймериз жүйесі жұмыс істейді. Партия қатары артық жүктен арылады. Партияның қоғаммен де, сол секілді мемлекеттік аппаратпен де қарым-қатынас жасауға қабылетті жаңа тұлғаларын қалыптастыру маңызды. Бұған әр алуан пікірлер ұшырасатын ашық пікір алысу алаңқайлары қажет. Екіншіден, партиялық жауапкершілік пен тәртіп мәселелері қайта қаралады. Шындығында, партияға мүшелікке қатысты немқұрайлы қарама-қатынастан арылу мәселесі ашық талқыланды. Адамдар ешқандай тартынбастан өз саяси позициясын айқындап, белгіленген бағыт арнасымен жүруі тиіс. Бұл қарым-қатынас, ең алдымен, шенеуніктер жұмысының сапасынан көрінуі тиіс. Яғни, егер өзіңе жүктелген жұмысыңды құлдыратсаң, партияның және оның электоратының алдында жауап бересің, тиісті санкцияларға дайын бол. Үшіншіден, партия ішіндегі реформалау партия өкілдерінің сапалы құрамын қалыптастыруды көздейді. Мұнда сөз ең алдымен Мәжіліс пен мәслихаттарға партиялық тізімді мұқият түзу туралы болып отыр. Болашақта Nur Otan-ның барлық депутаты партия позициясын нық қорғай алатын және ел мен қоғамдағы толғағы жеткен мәселелерді шешу бойынша нақты бастамалармен көпшілік алдында сөз сөйлей алатын жария саясаткерлер болуы тиіс», - деді саясаткер.

Оның айтуынша, Nur Otan партиясы қазірдің өзінде саяси өмірде тренд қалыптастыруға тырысуда. 

«Алғаш рет саяси маусым Парламент Палаталарының бірлескен мәжілісімен емес, партиялық іс-шарамен басталды. Дегенмен, осы аталған іс-шаралар партияның «жаңа бет-әлпетін» қалыптастыруға қабілеті жете ме, жоқ па, оны өмір көрсетеді. Өзгеруге талпыныс бар, ол айқын», - деп қорытындылады сөзін Саиров

Өзгелердің жаңалығы