БҒМ мониторингілеу кезінде ең төмен балл жинаған колледждерді анықтады

6 Желтоқсан 2021, 18:17
1676
Бөлісу:
БҒМ мониторингілеу кезінде ең төмен балл жинаған колледждерді анықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова колледждер арасында жүргізілген мониторингілеу қорытындылары туралы айтып берді.

Осы жылдың басында «Білім туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Заңда білім алушылардың білім беру жетістіктерін мониторингілеудің және білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау енгізу қарастырылды.

Бұрын оқу жетістіктерін сырттай бағалаудың қолданыстағы форматы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының аясында пәндік білімді меңгеру деңгейін анықтауға бағытталған болатын. Онда барлық білім беру ұйымының тек қана 10%-ы қамтылды. Әдістемелік қолдау және білім беру ұйымдарымен кері байланыс болмады. Сондықтан күтілген нәтиже бермеді, - деді ол.

Гүлзат Көбенованың айтуынша, білім алушылардың білім беру жетістіктерін мониторингілеу функционалдық сауаттылық пен құзыреттілік деңгейімен анықтауға бағытталған. Яғни өмірлік жағдайларда білім мен дағдыларды қолдануға бағытталған.

Биыл алғаш рет қарашада техникалық және кәсіптік білім берудегі білім беру ұйымдарының жетістіктерін мониторингілеу жүргізілді. Мониторингке 77 колледждің 12 мыңдай студенті қатысты. Республика бойынша орта балл 75 балдың 24,8-ін құрады. Енді колледждер арасында ең төмен балл №17 Жамбыл колледжі, Алматы облысындағы Бастөбе сервис тхникалық колледжі және СҚО «Тимирязев агротехникалық колледжі» көрсетті, - деп толықтырды комитет төрағасы.

Ал жоғары балл көрсеткендер – Ақтөбе Жоғары политехникалық колледжі, Шымкент қаласының жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанындағы колледж.

Пәндер арасында ең жоғары көрсеткіш Қазақстан тарихы пәні бойынша, өкінішке қарай, математика, биология, физика, химия, география пәндері бойынша төмен көрсеткіштер көрсетті. Бұл мониторингтің сырттай бақылау жүргізгенмен ерекшелігі – оқытушылар, басшылар, оқушылар арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижесі бойынша білім алушылар география және қазақ тілі пәні бойынша оқыту сапасының төмендігін атап өтті. Жекелеген пәндер бойынша педагогикалық кеңестің жоқтығын көрсетті, - деп айтты Гүлзат Көбенова аппарат жиналысында.
Өзгелердің жаңалығы