Бас жаңалықтар
Бейжіңде халықаралық әуе рейстері тоқтатылуы мүмкін
20 Қыркүйек 2020, 14:19 159

Бейжіңде халықаралық әуе рейстері тоқтатылуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Исламабад-Бейжің бағытындағы Air China әуе компаниясы бортынан алғашқы сырттан әкелінген симптомсыз коронавирус жұқтыру жағдайы анықталғаннан кейін Бейжің билігі тікелей халықаралық рейстерге арналған талаптарды күшейтіп жатыр, деп хабарлады coronavirus2020.kz.

Мұндай мәлімдемені Бейжің қаласы халықтық үкіметінің ресми өкілі Сюй Хэцзянь жасады. Оның айтуынша, қандай да бір рейстің бес жолаушысынан коронавирус анықталса, Бейжіңге қонатын мұндай тікелей халықаралық әуе рейстер уақытша тоқтатылып, қону орны Қытайдың басқа қалаларына ауыстырылады.

Жұма күні Пәкістаннан тікелей халықаралық рейспен Бейжіңге келген 23 жастағы жолаушыдан коронавирус анықталды. Онымен тығыз байланыста болған 38 адам оқшауланып, медицина қызметкерлері бақылауына алды.

Еске сала кетсек, Қытай астанасына қонатын халықаралық рейстер 164 күндік үзілістен кейін 3 қыркүйекте жұмысын қайта жандандырған болатын.

Астана билігінің хабарлауынша, Бейжіңге келетін тікелей халықаралық рейс жолаушылары рейстер ұшып шығатын елдің азаматы немесе ҚХР азаматы болуы керек. Үшінші мемлекет азаматтарына мұндай рейспен Бейжіңге келуге тыйым салынған.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...