Ол тіке айтып, тік жүретін – Ерлан Қарин

18 Мамыр 2020, 15:14
5171
Бөлісу:
Ол тіке айтып, тік жүретін – Ерлан Қарин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін қарайған халықтың қабырғасын қайыстырған ауыр қаза болды. Белгілі журналист, елі ерекше сыйлайтын азамат Бейсен Құранбек ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды.

49 жасында өмірден өткен Бейсеннің артында қалған ағайын-туысына көңіл айтқан ҚР Президентінің кеңесшісі, саясаттанушы Ерлан Қарин оның еңбекқорлығын ерекше атап өтті. 

Бейсенмен 2000 жылы танысқан едік. Содан бері сыйласып, араласып тұратынбыз. Кейін Бейсекеңнің бауыры Сәрсенмен бірге "Қазақстан барысында" жолымыз тағы бір кезікті. Қазақ күресінен басқа, каратэнің де дамуымен айналыстық. Одан кейін тағдыр біздің басымызды "Ұлттық арнада" тағы қосты. Сөйтіп, Бейсен бауырымызбен "Ұлттық арнада" бірнеше жыл бірге жұмыс жасап, әріптес болдық. Ол сол кезде "Айтуға оңайды" жүргізіп жүрген. Бір әңгімесінде жаңа жоба бастағысы келетінін айтып, идеясымен бөлісті. Сөйтіп, Бейсекеңнің авторлық "Қарекет" бағдарламасы пайда болды. Бейсен бұл бағдарлама арқылы қиын жағдайға ұшыраған адамдарға қол ұшын беріп, бір біріне бауырмал болуға шақырып, халыққа бір көмегін көрсеткісі келді. Бұл бағдарлама да бірден елдің көңілінен шығып, 2018 жылы "Тұмар" телевизиялық сыйлығын иеленді, - деп еске алды ол.

Сонымен қатар, Ерлан Қарин Бейсеннің басқаларға ұқсамайтын, өз ойын бүкпесіз айтар мінезді жігіт болғанын айтты.

Бейсен мінезді тұлға еді. Ісінде тиянақты. Кейде қатал көрінетін, бірақ сөйте тұра, өте мейірімді, жаны нәзік еді. Қазақ телевизиясында, журналистикасында өзіндік стилі бар ерекше тұлға болды. Мінезді деп айтып тұрғаным, қашанда өзінің ерекше көзқарасын білдіруге қорықпайтын. Тіке айтып, тік жүретін! Бейсен туралы жазып, айта берсең, ойыңа оның осындай көп игі қасиеттері еске түсе береді. Өйткені жүрегі кең, ойы терең азамат болды. Бейсен елінің ардақты азаматы болды, сондықтан бүгін бүкіл ел жоқтап отыр. Қай қайсымыз да, бүгін қаралы хабарды естіп, сене алмай отырмыз. Бірақ Құдайдың жазған амалы сондай болды. Бейсекеңнің жақындары мен туыстарына қайғырып, көңіл айтамыз! Қайратты болыңыздар, Алла тағала сабыр берсін! Қош бол, Бейсен!, - деп жазды Ерлан Қарин.

Өзгелердің жаңалығы