Бейрут портындағы жарылыс: Тоқаев көңіл айтты

5 Тамыз 2020, 17:51
1545
Бөлісу:
Бейрут портындағы жарылыс: Тоқаев көңіл айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан Президенті Мишель Аунмен сөйлесіп, Бейрут портындағы жарылыс кезінде қаза болған адамдардың отбасына көңіл айтты.

Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында хабарлады.

Бүгін Ливан Президенті Мишель Аунмен телефон арқылы сөйлесіп, Бейрут портындағы жарылыс кезінде қаза болған адамдардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектестік білдірдім. Ливан Президенті осындай қиын-қыстау кезеңде қолдау білдіргеніміз үшін алғыс айтып, Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді, - деп жазды ол.
Ақорданың ресми сайтында, жарылыс кезінде Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінің ғимараты бүлініп, бір қызметкердің жеңіл жарақат алуына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Мишель Аунға Бейрутте жүрген Қазақстан азаматтарының (200-ден астам) қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрағаны хабарланды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ливанның оңтүстігінде БҰҰ Уақытша күштерінің құрамында қазақстандық 120 бітімгер сарбаздың өз міндеттерін лайықты әрі жоғары деңгейде атқарып жатқанын атап өтті. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан үкіметі қазақстандық әскери қызметшілердің ауысуы кезінде олардың қауіпсіздігін сақтау үшін қажетті көмек көрсететініне сенім білдірді.

Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Ливан арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Ливан Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі және екі елдің ынтымақтастығына баса мән беріледі.

Сондай-ақ, Ливан билігі Қазақстан азаматтары мен дипломаттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдайтынын жеткізді.

Ливан Президенті Қазақстанмен арадағы екіжақты және көпжақты форматтағы іс-қимылдарды одан әрі нығайту мақсатында бірлесе тығыз жұмыс істеуге мүдделі екенін нақтылады.

Сонымен қатар, Мишель Аун Қазақстанның БҰҰ мандаты аясындағы бітімгершілік қызметін жоғары бағалап, еліміздің өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті.

Еске сала кетейік, сейсенбі күні кешке Бейрут портында жойқын жарылыс болды. Биліктің хабарлауынша, жарылысқа 2750 тонна аммиак селитрасының дұрыс сақталмауы себеп болған. Төтенше жағдай салдарынан қала ғимараттарының жартысы зақымданып, зардап шеккендердің көптігінен ауруханалар толып кетті. Соңғы мәліметтер бойынша, жүзден астам адам қайтыс болып, төрт мыңға жуық адам жарақат алған. Бірқатар адам әлі де жоғалып кеткендер санатында.

Ливан Үкіметі трагедия құрбандарына байланысты үш күндік аза тұту жариялады.

Айта кетейік, жарылыс салдарынан Ливандағы ҚР дипломатиялық миссиясының ғимаратына зиян келді. Жарылыс кезінде дипломатиялық миссияның қызметкерлері жұмыс күні аяқталғаннан кейін жұмыс орнынан кетіп қалған. Консул жұмыста қалған болатын және жарылыс толқыны салдарынан жеңіл жарақат алған болатын, алайда ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров консулдың жағдайы жақсы екенін мәлімдеді.
Өзгелердің жаңалығы