Бас жаңалықтар
«Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» көлік жолы биыл пайдалануға беріледі
26 Сәуiр 2019, 21:16 891

«Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» көлік жолы биыл пайдалануға беріледі

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Тоғыз жолдың торабында тұрған өңір әлеуетінің одан әрі артуына бұл жобаның қосар үлесі орасан.

Стратегиялық маңызы зор жобаның мерзімінде аяқталуын "Nur Otan"  партиясы өз бақылауына алған. Бұл туралы көлік жолын салу жұмыстарының сапасын тексеруге барған партияның бақылау қызметінің өкілдері мәлімдеді.

«Биыл Маңғыстау облысында үш бірдей автомобиль жолы пайдалануға беріледі деп күтілуде. "Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» көлік жолы құрылысының қазіргі таңда 63 пайызы аяқталып тұр. Сонымен бірге, осы өлкенің киелі жерлеріне апаратын «Ата жолы» және "Жетібай - Жаңаөзен" бағытындағы тас жолды қалпына келтіру - жаңарту жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын көріп, оң баға беріп отырмыз. Бұл жолдардың халық игіліне уақытында берілуі керек» - дейді бақылау қызметінің мүшелері.                          

Айта кетейік, "Nur Otan" партиясының кезекті XVIII съезі кезінде сөз алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Құтты мекен" жобасы шеңберіндегі құрылыс жұмыстарына бөлінген бюджет қаржысының нәтижелі игерілуін, сондай-ақ әр жобаның белгіленген мерзімінде қолданысқа берілуін бақылауға алуды партия өкілдеріне жүктеген еді.                   

Шалғай аймаққа жұмыс сапарымен келген бақылаушы топ мүшелері рейд барысында облыс орталығында бой көтеріп жатқан көпқабатты баспаналар мен инженерлік желілердің құрылысын да бір шолып шықты.                              "Nur  Otan" партиясы бақылау қызметінің инспекторы Нұрлан Баймырзаевтің айтуынша, құрылысы қызу жалғасып жатқан әр нысан алдына ақпарат жазылған стенд болуы қажет.        

«Бұл стендтерде объект жөнінде жан-жақты мәліметпен қатар телефон номері көрсетіледі. Неге десеңіз, тұрғындар дұрыс емес әрекетті көріп жатса, дереу бізге хабарлай алады. Аймақтарда жауапты адамдарымыз бар, бұдан басқа де ортақ жүйеміз де бар. Жобаны жүзеге асыруда қандай да бір олқылық анықталса, оны дұрыстау үшін қажетті іс-шаралар алынатын болады» - дейді ол.            

Қорыта айтсақ, әлеуметтік маңыздағы әр нысанның сапалы салынып, тұрғындарға уақытында берілуін партия мүшелері басты назарда ұстап отырады. 

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық