Абаев: Бейбітшілік пен келісім – тәуелсіз еліміздің ең үлкен олжасы

16 Қазан 2019, 13:45
9196
Бөлісу:
Абаев: Бейбітшілік пен келісім – тәуелсіз еліміздің ең үлкен олжасы
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін бейбітшілік ордасына айналған елордада тәуелсіз мемлекет тарихына «татулық күні» ретінде енген «Рухани келісім» күніне арналған «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылықтың кепілі» атты республикалық конференция өтті. 

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Халқы Ассамблеясының, Қазақстанның діни және ғылыми қауымдастық өкілдері және жастар ұйымдарының басын қосқан ауқымды шараны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы ұйымдастырды. 

WhatsApp Image 2019-10-16 at 13.48.50.jpeg

«Бүгін рухани келісім күнінде заманауи күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылау үшін Сіздермен бас қосып отырмыз. Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі тілге тиек ететін Бейбітшілік пен Келісім – бұл тәуелсіз еліміздің ең үлкен олжасы, тартыспен жеткен табысы. Бүгінгі қол жеткізген ынтымақ пен бірлікті онсызда солай болуы тиіс дүние деп қабылдайтын болсақ, бұл – өрескел қателік дегім келеді. Осы күнге халқымыздың мыңдаған жылдар бойы тынбай еткен еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Бұл – көзіміздің қарашығындай қорғап өтетін құндылық. Рухани келісімсіз Қазақстанның дамуы мүмкін емес. Онсыз біз жаһандық сын-тегеуіріндерге төтеп бере алмаймыз», - деді конференцияның шымылдығын ашқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев. 

Осыдан тұп-тура 27 жыл бұрын 18 қазанда өткен Бірінші Дүниежүзілік Рухани келісім конгресінде Тұңғыш президент – Елбасы Н.Назарбаев Рухани келісім күні қақтығыстар мен араздықтарға мораторий жарияланатын, жақынына мейірімділік пен көмек көрсету күні ретінде тәуелсіз мемлекет тарихына енетіндігін ерекше атап өткен еді. 

«Бірлік – ақылға бірлік» деп ұлы ақын Абай айтқандай, татулық пен бірлік халқымыздың асыл құндылықтарының бірі. Сондықтан да, Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі біздің айнымас қағидамыз болып қала береді. Келісім мен бірлік, даналық пен өзара түсіністік – қарқынды дамуымыздың кепілі», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен. 

Салиқалы бас қосуға арнайы келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов бұл мерейлі мерекенің пайда болу тарихымен бөлісті.

«Біріншіден, осы конференцияны ұйымдастырып отырған қала әкімшілігіне ерекше алғысымды білдіргім келеді. «Рухани келісім» күнін атап өту идеясының өз тарихы бар. Мұндай бастама тұңғыш рет 100 жыл бұрын Чикагода көтерілген. Кеңес одағында Горбачевтің кезінде Мәскеуде де ұйымдастырылған. Билік ауысқаннан кейін Ельциннің кезінде бұл идеяның даму барысы бәсеңдеді. Бір жылы мен Мәскеуде өткен Жазушылар одағының кеңесіне қатыстым. Сонда мұндай іс-шараны Воронежде емес, біздің елде өткізуді ұсындым. Маған «Президентіңіз Н. Назарбаевтың келісім беремін деген рұқсаты бар қағазды алып келіңіз» деген болатын. Сөйтіп, мен Алматыда елге танымал 28 адамның қолын жинап, мемлекет басшысына хат жаздым. Елбасының қолдауымен осы атаулы мейрамды бүгінде зор мақтанышпен атап өтудеміз», - деді Төлеген Мұхамеджанов.

Қазіргі таңда Қазақстанда 18 діни конфессия мен 130-ға жуық этнос өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруде. Елімізде үш жарым мыңнан астам мешіт, шіркеу, ғибадатханалар бар және 3720 діни бірлестіктер жұмыс істейді. 

Айта кетейік, іс-шараның басты мақсаты – жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, қазақстандықтарды ортақ құндылықтар маңайына топтастыру, этносаралық және конфессияаралық келісімді насихаттау. 

Роза Ысқақ
Өзгелердің жаңалығы