Бейбіт митингіге шығу мәдениетінен жұрдаймыз – Рахат Арғынбай

10 Қаңтар 2022, 18:53
2957
Бөлісу:
Бейбіт митингіге шығу мәдениетінен жұрдаймыз – Рахат Арғынбай

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Біз қиратып жатқан бүкіл материалды дүниелер моральдің құлдырауына әкеледі. Бұл пікірді «Оңтүстік» телеарнасының журналисі, белсенді жас Рахат Арғынбай айтты.

Батагөй қарияның болмысын жоғалттық. Ағаны аға демей табаладық, ініні іні демей күйттедік, қарындасты қарындас демей беттедік ұғымсыз бағытқа. Бірақ мақсат не? Біз бейбіт митингіге шығу мәдениетінен жұрдаймыз - осыны мойындау керек. Біздің мұнымыз ғасырлар бойы сүйегімізге оңбай басылған таңба болды. Себебі бұл қырғынның шынайы авторлары біз емес. Шетелден шекара асып келген бұзақыларға еріп, өз мемлекетіміздің мүлкін жоюға барынша тырысқанымыз үшін ешкім иті жоқ ауылға барғанда үлкендерге жауап бере алмайды. Біз қиратып жатқан бүкіл материалды дүниелер моральдің құлдырауына әкеледі. Осыны түсіну керек. Себебі жауыздықтың дәні ұзақ өмір сүреді және ертең біз бен сіздің қалтаңыздағы қаржыға жөнделеді. Себебі - мемлекет біздікі! Мемлекет басшысы дер кезінде ұтымды шешімдер қабылдады, - деді ол.

Жас журналист халықты сабырға шақырып, кейінгі ұрпақты бабалар салған ізбен жүруге шақырды.

Енді дәл қазіргі жағдайда бәрімізге сабырға келу керек. Ұтқан ештеңеміз жоқ, ұтылғанымызды түгендеуіміз керек. Әйтпесе ұят болады. Өзіміз бен өздігімізден ұялуымыз керек. Мың тәуекелдің бір тәубесі болады. Біз - бізге дейінгі тәуекелдің тәубасымыз. Біздің тәуекел - мәңгілік ел! Болашақтың ошағында біз тұтатқан от жансын десек бабалар жаққан от сөнбеуі шарт, - деді Рахат Арғынбай.

Сұхбат барысында Шымкенттік жастан қаланың қазіргі күйі туралы сұрағанымызда ол былай деп жауап берді.  

Мәдени ошақтарға қастандық жасау - қазақ өркениетіне жасалған қастандықпен тең. Бәрін бүлдіріп үйінде әліптің артын бағып отырғандарды ойласаң ашуың келеді. Ал енді оның бәрін қалпына келтіретін – әкімдік. Осыдан кейін «әкімдік қайда қарап отыр?» деген сұрақты қоюға ұяласың. Үлкендер батасына «патшаға сабыр берсін» деген тармақты жай қоспайды екен. Патшаға сабыр берсін!, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы