Нұр-Сұлтанда бейбіт митинг өтті

9 Қараша 2019, 18:25
3208
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда бейбіт митинг өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордадағы Жерұйық паркінде Respublika қозғалысының ұйымдастыруымен бейбіт митинг өтті. 

Митинг қатысушылары азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарының сақталуын, Парламенттік республикаға көшуді, шын мәніндегі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін, сайлау жүйесінің реформасын, сот билігінің тәуелсіздігі мен заң үстемдігін, полицияның парламентке есеп беріп, қоғам мүддесіне қызмет етуін, билік тармақтарының дербестігін талап етті. Алдын ала тіркелген спиккерлер сөз сөйлеп, содан соң ашық микрофон болды. 

Сөз кезегі берілген Ербол Алин халықтың саяси сауаты артып, мемлекеттен талап ету жолдарын үйрену керек деп есептейді.


"Қазақ халқы, күштік құрылымдар, әскердегі  азаматтар. Бәріміз бірнәрсені түсінуіміз керек. Ешқандай соғыс, қырғынсыз, зайырлы түрде мемлекетімізді, ұлтымызды сақтап қалу үшін, әрбір қазақстандықың өмір сүруін жақсы деңгейге жеткізу үшін бізге бәсекелестік керек. Парламенттік республика болу керек. Заңға реформалар жүргізу керек. Бәріміз қосылып, ағайындар, елімізді көркейту үшін жұмыс істеуіміз керек. Зайырлы, мәдениетті түрде бір-бірімізбен жұмыс істей алуымыз керек. Мемлекеттің ең басты құндылығы - халық. Халық белсенді, саяси сауатты болмайынша біз осы тұрған орында тұра береміз", - деді ол.

митинг 1.jpg

Қазақ деген сөздің мағынасы - еркін адам,  яғни біздің болмысымыз - еркіндік. Бірақ өкінішке қарай, өз болмысымыздан алыстап кеттік. Сол болмысымызға қайтуымыз керек.  Адамды еркін болғаны үшін, еркін ойлағаны үшін қудалау дұрыс емес. Өйткені еркіндік - қылмыс емес, деп өз ойын жеткізді жас белсенді Ажар есімді студент.


"Бүгін қар мен аязға қарамай келгендеріңізге рахмет. Үлкендерді, ата-әжелерді көргеніме қуаныштымын. Бірақ достарыма, замандастарыма айтарым, қайдасыңдар? Осы елде өмір сүргім келеді. Қазақстанды жақсы көремін. Реформа ештеңені шешпейді дегендер болды. Егер барлығы жұмылса шешеді. Егер біз биліктің жалғыз көзі - халық екенін көрсетсек, егер құрдастарым бейбіт жолмен бірнәрсе істеп, өзгерте алатынымызғасенсе. Бастысы сену және айтудан қорықпау. Себебі демократия дегеніміз адамдар проблемалар туралы айтып, басқаның пікірін құрметтеу. Ең бастысы үндемей қалу емес, проблемаларды талқылау",- дейді студент.
 

Шара кезінде құқық қорғау органдары бақылап жүрді, бірақ олар процеске араласпады.

Өзгелердің жаңалығы