Бейбіт күннің батыры

19 Маусым 2019, 21:05
2862
Бөлісу:
Бейбіт күннің батыры
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан облысы, «BAQ.KZ» тілшісі. Бетті шарпыған жалын, көзге түртсе көргісіз қараңғылық пен көк түтін. Өз өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, ол отқа оранған үйдің ішінен 65 жастағы зейнеткерді алып шығып, ажалдан арашалады. Бұл – нағыз тәртіп сақшысына лайық әрекет болса керек. 

Бейбіт күннің батыры, Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданының Чермошнянка ауылдық округінің учаскелік инспекторы Ерлан Ыбыраевпен Қызылжар өңіріндегі меншікті тілшіміз сұхбаттасқан еді. 

Ерлан Ыбыраевтың учаскесінде 7 ауыл бар. Инспектор 2 мыңнан астам тұрғынның барлығын таниды. Әрбіреуінің отбасында болып жатқан қуанышы мен қайғысына ортақтасып, етене араласады. 

«Телефоныма Ново-Ивановка ауылының тұрғыны Ақмарал Мұқашева қоңырау шалды. Үрейі ұшқан әйел қоспақ үйдегі көршісінің пәтері өртеніп жатқанын жеткізді. Жанымда Тайынша қалалық өрт сөндіру бөлімінің өтке қарсы қызмет сержанты Олег Солодко бар еді. Екеуміз ойланбастан көрші ауылға аттандық», - деп есіне алады Ерлан Мәулиұлы. 

Көзді ашып-жұмғанша оқиға орнына жеткен құтқарушылар отқа оранған үйдің есігін аша алмайды. Себебі кіреберіс іштен құлыпталған еді. Ерлан Ыбыраев пен Олег Солодкоға ішке кіру үшін есікті бұзуға тура келеді. Аңқаны қапқан қою түтінге қақалып жүріп, учаскелік инспектор ас үйде сұлап жатқан ер адамды еденді сипалап жүріп тауып алады. 

«Шынын айтсам, зейнеткердің тірі екеніне күмәнім болды. Олег екеуміз оны далаға әзер шығардық. Тамырын ұстап көрсем, соғып жатыр. Қуанып кетіп, бірден жүрегіне массаж жасадық. Сәлден соң қария тыныс алып, оянды. Қатты қуандық», - деп ағынан жарылды тәртіп сақшысы. 

Ерлан Мәулиұлы өз ісін ерлікке баламайды. Ол бұл жағдай жөнінде басшылығына да хабарламаған. Тек өрттің шығу себептерін анықтау мақсатында тергеу жүргізу барысында ғана, әріптестері оның адамды өлім аузынан аман алып қалғанын біледі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алған «Ерлігі үшін» медалі де тәртіп сақшысы үшін күтпеген сый болған. 

«Маған астанадан телефон соғып, Президенттің қолынан марапат алатынымды хабарлаған адамға «Қалжыңдап тұрсыз ба?» деппін. Шынын айтсам, сенбедім. Ешқашан «Ерлігі үшін» медалін аламын деп ойламаппын. Ол сәт қалай өтті деп сұрасаңыз, тіпті суреттей алмаймын. Не болғаны есімде жоқ. Бойымды зор қуаныш билегені анық. Қарапайым отбасынан шықтық. Атам соғыс ардагері болған. Әулетімізде одан басқа ешкім мұндай дәрежедегі марапат алған жоқ. Әкеміздің жолын жалғап келе жатқан соң, екі ұлыма жақсы тәрбие еріп, нағыз азамат етіп өсіргім келеді», - дейді Ерлан Ыбыраев. 

Қиналған сәтте өзгеге қол ұшын беру – Ерлан Ыбыраевтың бойына әкесінің қаны, анасының ақ сүтімен сіңген қасиет. Әкесі Мәули Ыбыраев 25 жыл бойы учаскелік инспектор қызметін атқарған. Төрт ұлының үшеуі ата жолын жалғап, полиция погонын тағып жүр. 

«Әкем ұлдарым менің ізімді басып, кәсібімді жалғастырса деп армандайтын. Өзім және екі інім полиция саласында қызмет етіп жүр. Тек ол күнді әкеміз көрмей кетті. Зейнетке шыққан соң, екі айдан кейін ауыр сырқаттан көз жұмды. Оның арманын жүзеге асырғанымызға қуанамын. Қазір шешеміз қызығымызды көріп отыр. Әкем шыншыл, адам, көпке сыйлы жан еді. Әрдайым бізді адалдыққа, көпшілдікке тәрбиелеп, өзі үлі бола білді. Мен де қолым қалт етсе, балаларыма көңіл бөлемін», - дейді ол. 

Алайда тәртіп сақшысының бос уақыты бола бермейді. Өйткені, оған қоғамдық тәртіпті қадағалау жауапкершілігі жүктелген.

Өзгелердің жаңалығы