Бесарық ауылының тұрғындары мемлекеттің қолдауымен бизнестерін дамытуда

30 Қазан 2020, 19:36
1853
Бөлісу:
Бесарық ауылының тұрғындары мемлекеттің қолдауымен бизнестерін дамытуда
Фото: автордан

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сырдария ауданының тұрғындары мемлекеттен қолдау тауып, кәсіптерін ашуда.

Бесарық ауылында тұратын Сұлузат Қаратаева аспаздық өнерді үйренген, наубайханаларда да жұмыс істеген. Алайда ол өз бетінше еңбек етіп, кәсіпкерлік саласында бағын сынап көргісі келді. Былтыр «Нәтижелi жұмыспен қамтy және жаппай кәсiпкерлiктi дамытyдың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының» екiншi бағытына жоба ұсынып, қайтарымсыз 252 мың теңге қаражатқа қол жеткізді.

Грант ақшасына бір мезетте 36 нан пісіретін электр пеш, нан салатын қалыптың елуін сатып алдым. Нанды өз ауылымдағы дүкенге өткіземін. Ыстықтай тез өтіп кететін кездер болады, – деген Сұлузат келешекте кәсібін кеңейтуді мақсат етіп отыр.

Бесарық елді мекенінің тағы бір тұрғыны, көпбалалы ана Алтынай Смағұлова мал шаруашылығының шырайын шығарғысы келеді. Оның айтуынша, ауылдың айналасы төрт түлікті түлетуге қолайлы.

Кәсіпкерлерді демейтін мемлекеттік бағдарламалар баршылық. Зерттеп көрдім. Қайсысы бізге ыңғайлы екен деп жан-жақты ойластырдым. Мал басын көбейтсем деп жоспарладым. Әуелі үй ауласындағы қорамды қамдап алайын деп кірісіп кеттім. Шөбін де дайындадым. Сөйтіп, 2019 жылы жобам мақұлданып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан 4 миллион тенге шамасында қаражат алдым. Несиенi 6 процентпен берді. Бұл ақшаға 16 ірі қара мал сатып алдым. Қазір көбейтіп жатырмын, – деді көпбалалы ана. 

Өзгелердің жаңалығы