Бес қыздың өлімі: Анасы түнгі ауысымда болған, әкесін жұмыс беруші шақырып алған

4 Ақпан 2019, 17:09
31950
Бөлісу:
Бес қыздың өлімі: Анасы түнгі ауысымда болған, әкесін жұмыс беруші шақырып алған

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин 5 баланың өмірін жалмаған қайғылы оқиғаға қатытсы мәлімдеме жасады. 

«Астана қаласында болған түндегі қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтамыз. Бес адам, бәрі қыздар. Үлкені 13 жаста, кішісі 3 айда», - деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен қатар Юрий Ильин оқиғаның толық хронологиясына тоқталды. 

«Орталық өрт байланыс пунктіне сағат 02:34-те «Көктал-1» тұрғын алабы, Шыңғыстау көшесі, 5 мекенжайында орналасқан шаруашылық құрылысының өртеніп жатқаны туралы сол үйдің көршісінен хабарлама түсті. Содан кейін ол жерге Астана қаласы №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бірінші бөлімшесінің жеке құрамдағы 15 адам мен 3 бірлік жіберілді. Бөлім мен өрт болған орын арасы 4 шақырымды құрайды. Құтқарушылар 7 минутта келіп жетті. Өрт 30 шаршы метр аумақты шарпыған. Сағат 2.53 кеткенде бес дене табылды. Барлығы балалар. 3.06-да өрт ауыздықталып, 3.24-те толық өшірілді. Балалар үлкендердің қарауынсыз қалған», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, оқиға орнында өрттің шығу себебін анықтау үшін Өрт-сынақ зертханасы жұмыс істеп жатыр. 

«1984 жылғы балалардың әкесі СТО-да механик болып жұмыс істейді. Оны кешкісін жұмыс берушісі шұғыл шақырып алған соң үйде болмаған. Ал бөлшектеп өлшеуші болып жұмыс істейтін аналары оқиға болған кезде түнгі ауысымда болған. Өрт болған маңда отбасының туыстары тұрады. Олар түнгі 2.00-де үйге келіп, ұйықтап жатқан балаларды тексеріп кеткендерін айтты», - деді ІІМ орынбасары ОКҚ-да өткен брифингте. 

Еске сала кетсек, 4 ақпанда түнде «Сарыарқа» ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында өрт шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй жанып кеткен. Салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылы туған бес бала қайтыс болды. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов өрттің мән-жайын анықтауды тапсырды. 

Сонымен қатар ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұл оқиғаны тиісті органдардың қатаң бақылайтынын айтқан болатын.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы