Ақшасыз бизнес бастаған әлеуметтік кәсіпкер

30 Сәуір 2019, 08:35
6104
Бөлісу:
Ақшасыз бизнес бастаған әлеуметтік кәсіпкер
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Көзі көрмей қалу, психикалық тұрғыдан ауырып қалу... Өмірде бар. Дені сау адам мұндай тұлғалардың ішкі жан-дүниесін түсінуі – қиын. Бірақ олардың денсаулық күйін қоғамнан алшақтауға ешқалай себеп бола алмайтынын бәріміз білеміз. Бұдан бөлек күйеуімен ажырасып, баламен жалғыз қалатын әйелдер де бар. Жұмысқа шықса, баласы қараусыз, бақшаға берсе, пәтер жалақасына жетпейді... бір-біріне шиеленісіп кете береді.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – осындай әлеуметтік жағынан көмекке мұқтаж жандарды жұмыспен қамтып қана қоймай, полиэтилен өнімдерден бас тарту үшін авоська (қол тоқылған пакет-сөмке) тоқып жүрген – Рахима Мұқышева. Оның bergen деген брендпен шығатын өнімдерінің түрі көп. Әлеуметтік кәсіпкер бизнеске ақша құймай бастау, өзгелерге көмек бере отырып, өз сүйікті ісіңмен айналысу және адамгершілік қасиет туралы бөлісті. Бұдан бөлек «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы мен әлеуметтік кәсіпкерліктің көмегі жөнінде айтып берді.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы Қазақстан Республикасы президентінің « Жаңа онжылдық – Жаңа экономи калық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері » атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стартегиялық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленген. Алайда Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту шеңберінде тұжырымдама жасалып, жұмыс тобы құрылды. Оның барлық деңгейін талқылап жатырмыз. Қаржылық қолдау құралдарын жетілдіруге арналған түзетулер жасалды» деген болатын.

Рахима ханым, тоқыма бизнесіне қалай келдіңіз?

Тоқымамен бала кезімнен айналыстым. Бұл – менің хоббиім. Тоқу туралы үлкен кісілердің есінде қалғаны – биалай, шұлық, кеудеше. Осыдан 4-5 жыл бұрын да сондай болды. Ал 90 жылдары кімнің ақшасы аз болды, жетпеді, сол өзі тоқып алып киетін. Сол кезде ақшасы жоқтар тоқыма киеді деген түсінік қалыптасты. Арадан қанша уақыт өтті. Бәрі өзгерді. Сосын қоғамда әлеуметтік сала дамып келеді. Бұдан бөлек қолөнер жақсы бағалана бастады. Ең эксклюзив – қолдан шыққан өнім. Адамның жан дүниесі, уақыты, сана-сезімі тоқылған бұйымның «ішінде тұр». Міне, қолөнерді бағалай алатын, әдемі сыйлық сыйлай алатын адамдар мұны түсінді. Сондай көзқараспен қабылдай алады. Осылайша, менің жай хоббиім әлеуметтік жобаға айналып кетті.

Ақшасыз бизнес бастаған әлеуметтік кәсіпкер

Әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл экономикалық тиімділікке қол жеткізу мен кәсіпкерлік жаңашылдықты әлеуметтік миссиямен біріктіретін әлеуметтік қызметті жүзеге асыру тәсілі. 

Әлеуметтік шеберхана қалай ашылды және неліктен bergen деп аталды?

Нақты жұмыс істеп, табыс көзін тауып жатыр дейтіндей, «аузының майын тамызып» айтатындай жағдайға жеткен жоқпыз. Шеберханада әлеуметтік жағдайы төмен адамдар, денсаулығы нашар, отбасылық жағдайы қиын адамдар жұмыс істейді. Өмірде әр адамның өз миссиясы болады. Менің миссиям – осыларға көмектесе отырып, кәсіп дамыту. Осылай қабылдадым. Себебі кезінде мен де жұмыссыз қалып, үйде отырдым. Өзіме де жұмыс керек болды. Оларды мен түсінемін. Сондықтан дәл қазір 7 адамды жұмыспен қамтып отырмын. 3 зейнеткер үйден отырып жұмыс істейді, 2 зейнетке шығатын жасқа жетіп қалған әйел бар. Олардың бірі жұмысынан айырылып қалған және біреуі мүгедектігі бар әйел бар. Сосын баласын жалғыз тәрбиеле отырған 1 анаға жұмыс бердім. Жұмыста қысқартуға түсіп қалған адамға жұмыс ұсындым. Істеп жатыр. Атауына келетін болсам, әкемнің аты – Берген. Осы шеберхананы ашардың алдында әкем қатты ауырып қалды. Сосын менің өзгелерге көмек беруіме әкемнің сол жағдайы ықпал етті деуге болады. Осылай өзінен атауы дайын бола қалды.

Қандай өнім шығарасыз?

Түрлі өнім тоқимыз. Бас киім, аяқ киім, кардиган, киім-кешектің барлық түрі, үйге арналған жабдықтар, авоська, сөмке, пакет тоқимыз. Түрлі тапсырыс келеді.

Ақшасыз бизнес бастаған әлеуметтік кәсіпкер

Әлеуметтік кәсіпкерліктің негіз қалаушы белгілері:

• Әлеуметтік миссияның коммерция алдындағы біріншілігі;

• тұрақты коммерциялық әсер (өзін өзі ақтау және бәсекеге қабілеттілік);

• Әлеуметтік және экономикалық ресурстармен қисындастырудағы жаңашылдық.

Мемлекет тарапынан қандай көмек болды? Кәсіпкерлерге грант беретін мекемелерге барып көрдіңіз бе?

«Даму» қоры былтыр әлеуметтік кәсіпкер ретінде жәрмеңкеден орын берді. Биыл тағы орын беріп жатыр, тағы қатысамыз. Қазір «Бизнестің жол картасы2020» бағдарламасы арқылы мүмкіндік көп қой. Шағын кәсіп бастаймын дегендер үшін таптырмас қолдау. Менің де кәсібіме жәрмеңкелердің пайдасы тиіп жатыр. Сол жерде көптеген клиент табамын, тапсырысым артады. Сән үйлері тарапынан да жақсы ұсыныстар түседі.


Ақшасыз бизнес бастаған әлеуметтік кәсіпкер

Алғашқы шеберхана ғимараты

Бұрын басқа мекенжайда отыр едіңіз? Бүгін неге паркингте отырсыз?

Иә, бұрын Нұр-Сұлтан қаласының психо-неврологиялық диспансерінің ғимаратында шеберханам жақсы жұмыс істеді. Жақында осы жерге көшіп келдік. Жағдайымыз осылай қиындау болып тұр. Бұрынғы орнымыздан мекеме басшылары шығарып жіберді.

Ақшасыз бизнес бастаған әлеуметтік кәсіпкер

Қазіргі шеберханасы

Неге шығарып жіберді?

Былтыр Психикалық денсаулық медициналық орталығына қарасты Психоәлеуметтік оңалту орталығында жұмыс істедім. Жұмыс дегенде жарты жылдай тегін, әлеуметтік кәсіпкер ретінде волонтер болдым. Өз-өзімді тексергім келді. Менталдық адамдармен жұмыс істей оңай емес екенін білеміз. Сосын сол жерде маған еңбек инструкторы болып жұмыс істеуге шақырды. Жұмасына 2 рет 30 мың теңге жалақыға жұмыс істедім. Бірақ біз диспансер басшылығымен ауызша келісім жасастық. Мен аптасына 2 рет емес, 5 рет баратын болдым. Ал олар маған мекеме ғимаратынан шеберхана үшін орын берді. Тегін. Бір сабаққа 15-20 адамдай келетін. Тоқымаға қажетті құралдарды түгел өз ақшама алатынмын. Ал сабақтан тыс өзі үйренгісі келетіндер де сондай еді. Яғни ол балалар күні бойы «нервымды басып алайыншы», тыныштық керек деп келетін. Шеберхана олардың рухани демалыс орны іспеттес болдық. Ал, кейін орталықтағы шаруа жөніндегі менеджері ауысты. Сосын «бізге ешқандай пайда әкеліп жатқан жоқсыз» деді. Орынды босатуымызды сұрады. Сырттан қарағанда ақша күреп тауып жатқандай болуы мүмкін. Бірақ мен өзіме қалған пайдаға материал аламын. Өзіме соншалықты табыс түсті деп айта алмаймын. Оның үстіне ол жақтаға емделіп жатқан балаларға шеберханам үздіксіз ашық болды. Сөйтіп бір күнде шығып кеттік. Шеберханаға келіп жүрген балалар әлі күнге дейін қоңырау шалады. «Қайдасыздар, қашан келесіздер?» деп іздейді. Бір қыз осы жерге келіп жүр. Тоқыманы жай сыммен үйреніп бастаған, қазір машинкамен тоқи алады. Қызығы ол осы жаққа көшкенімізге қуанады. Себебі диспансердің ішінде жүргенде ол өзін сол «әлемнен» шыға алмайтындай сезінеді екен. Ал, осы складқа жұмысқа келгендей мәз болып келеді. «Мен өзімді толық адам сезіндім» дейді. Бір адамға болса да, көмегіміз тиіп, оның өмірге деген құштарлығын оятқанымызға қуанамыз. Бұл – біздің көмегіміздің бер жағы. Ал, орталықта одан бөлек 20 адам, ол 20 адамның отбасы қиналып қалды. Себебі, бізге келіп рухани тыныштық алатын балалардың енді баратын жері жоқ. Жағдай осылай. Мұндай проблемалар шешілмей тұр. Бірақ шешіледі. Уақытша проблемалар.

Ақшасыз бизнес бастаған әлеуметтік кәсіпкер

Енді сіз шығаратын өнімдерге толығырақ тоқталсақ... Көпшілік жиі айтатын экопакет туралы айтып берсеңіз.

Бірде шеберханамызға көзі нашар көретін ер адам келді. Көзі шамамен 2% көреді. Оны Эмин (әлеуметтік кәсіпкер – авт.) әкелді. Эмин менің авоська (тоқылған пакет – авт.) тоқығым келетінін білетін. Сол ер адамға тоқуды үйрет деп алып келді. Үйреттім. Бізде жарты жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеді. Кейін денсаулығына байланысты жұмыс істей алмады. Осылайша біздің экопакетіміз туралы көпшілік біліп қалды. Және бұл өнім полиэтилен пакеттің орнын басады. Полиэтилен пакетті бір рет пайдаланасыз да, қоқысқа тастайсыз. Ал, экопакет ұзаққа жарайды. Яғни, қалдықсыз өндіріс және табиғатқа еш зардабы тимейтін пакет. Полиэтилен пакетті алғанда бағасына да қарамаймыз. Себебі, арзан. Бірақ ол үйге жетпей жыртылып қалуы мүмкін. Сіз сол кезде төлеген ақшаңызды ойламайсыз да. Себебі арзан келді. Шындығында, сіз ақшаны далаға лақтырдыңыз, қоршаған ортаны ластадыңыз.

Ақшасыз бизнес бастаған әлеуметтік кәсіпкер

Ел экономикасы үшін әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуы несімен пайдалы?

Әлеуметтік кәсіпкерлердің әлеуметтік түйткілдерді шеше отырып, жаңа немесе бұрын тартылмаған ресурстарды іздеуімен. Бұл мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін, не болмаса жалғыз басты аналар үшін арнайы жұмыс орындарын құру түйткілдерін шешу болуы мүмкін. Не болмаса қоршаған ортаны ластаумен байланысты түйткілдер. Әлеуметтік түйткілдер жетіп артылады, ал әлеуметтік кәсіпкерлер оларды шеше отырып, елдің жиынтық экономикалық тиімділігін көтереді, өйткені бұрын қолданылмаған ресурстарды экономикалық айналымға енгізеді.

Осы уақытқа дейін қанша пакет тоқыдыңыз? Кім сатып алды?

Қанша сатқанымызды тіркеп статистика жүргізбедім. Себебі, тапсырыс бір күні бар, бір күні жоқ. Тапсырыс келсе қуанатынбыз. Енді биылдан бастап соны қолға аламын деп отырмын. Кім сатып алады дегенге келсек, клиентіміз – «адамгершілігі бар адамдар». Мысалы, кейде мүгедек адам тоқиды, отбасы жағдайы ауыр, қиын жағдайда қалған адамдар тоқиды десек, тауарға қызығып тұрған клиент қашады. Өйткені, олар тоқыған адамның проблемасы «жұғып» кетеді деген эмоциямен қабылдайды. Осы жерде мен адамдарды екіге бөлдім. Біреуі – осылар. Екіншісі – адамгершілігі бар адамдар. Ақшасы жоқ болса да, кішкене көмек болсын деп, тауарды сатып алады. Осыларды жоғары қойдым. Ал, сату жағына келгенде авоськаны модернизациялап, замауи қылып тоқып жатырмыз. Тіпті, тойбастарға тапсырыс беріп жатады. Қаланың сәнқой қыздарына арнап тоқыдым. Мұны пакет дегеннен сөмке дегенге ауыстырып жібердім десе болады. Сонда пакет те, сөмке де тоқимын.

Ақшасыз бизнес бастаған әлеуметтік кәсіпкер

Сонда кішкентай сөмке тоқуға қанша уақыт кетеді?

Мен енді тез тоқимын. Кішкентайын тоқуға 1 сағат кетеді. Ал, үлкенін тоқысам, бір күнде 2-3 тоқуым мүмкін.

Кішкентай пакет тоқуға қанша теңгенің жібін алып, қанша пакет тоқисыз және қанша теңгеден сатасыз?

Енді ол жіптің бағасына байланысты. Қымбат жіптен тоқысақ, қымбат сатамыз және керісінше. Авоськаның бағасы 2000 теңгеден жоғары.

Өнімдерімізді жәрмеңкеде шетелдіктер алады. Сосын авоськамыз Амстердамға дейін барып келді. Зарина Ақшолақова есімді дизайнер осы елде көрмеге барып, біздің өнімдерімізді шығарды. Белорусь, Ресей тұрғындары сатып алады. Қазір дизайнерлермен жұмыс істеп жатырмыз. Олар дизайнын ұсынады, біз өз тарапымыздан да пікірімізді айтамыз. Сосын дайын өнімді олар өздерінің шоу-румында сатады. Айтпақшы, Димаш Құдайбергеннің анасы мына сөмкеміздің қара түстісін сатып алған. Әлі еш жерге жариялаған жоқ. Бірақ осындай қолөнерді бағалап алғаны қуантады.

Ақшасыз бизнес бастаған әлеуметтік кәсіпкер

Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева осы сөмкенің қара түстісін алған

Және осынша қиындықтарға қарамастан, ісімнің алға басатынына сенемін. Себебі мен тек бизнеспен айналыспай, көмек те көрсетемін. Сосын табиғи өнім арқылы қоршаған ортаны да қорғаймын.

Уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет, сәттілік тілеймін!


Өзгелердің жаңалығы