Бердібек Сапарбаев: Еңбекқор ауыл тұрғындарына әркез қолдау болады

14 Наурыз 2019, 20:13
3691
Бөлісу:
Бердібек Сапарбаев: Еңбекқор ауыл тұрғындарына әркез қолдау болады
PHOTO
Фото: автордан

Орал, BAQ.KZ тілшісі. Батыс Қазастан облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы бүгін де бірқатар ауданды аралап, көпбалалы отбасылардың үйінде болды.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Бәйтерек аудандық жұмыспен қамту орталығын аралап көрді. Орталықтың қызметін тұтынатындар қатары жыл санап артып келеді. Әр күн сайын мұнда 20-30 ауыл тұрғынына кеңес беріледі. Былтыр 2 мыңнан астам адам осы орталықтың көмегіне жүгінген.

Бәйтерек ауданының орталығы Переметный ауылында тұратын Парахатовтар отбасын көпшілікке үлгі етуге тұрарлық. Көпбалалы отбасы 2016 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен 1,5 миллион теңге көлемінде несиеге қол жеткізіп, бірнеше бас ірі қара сатып алған. Тынымсыз еңбектің арқасында шаруасын дөңгеленткен отбасы былтыр «Атамекен» ҰКП аудандық филиалы арқылы тағы 1 миллион теңге грантты иеленген. Бұл қаржыға олар сүт өнімдерін қайта өңдейтін аппарат сатып алды. Қазір көпбалалы отбасы өндірген өнімдерін өз ауылдастарына сатып, пайда көре бастапты.

«Өзбекстаннан 2008 жылы көшіп келдім. Жағдайымыз жақсы. Мал сатып алдық, 8-9 бас мал бар. Қазір жұбайым Гүлшат Мұратқазиева және 5 баламның көмегімен шаруаны өрістетуге күш салып жатырмыз. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен несие алдық. Негізінен құрт, май, сүт сатамыз. Ет те сатамыз кейде. Сүттің литрін 200 теңгеден өткіземіз. Бізде тек қана ірі қара әзірге. Былтыр грант ұтып алдық, бұл бізге үлкен көмек болды», - дейді Үкімет мүшелерінің сауалына орай жауап берген отағасы Оңғарбай Абылаев.

Бердібек Сапарбаев: Еңбекқор ауыл тұрғындарына әркез қолдау болады

Ал шаруаның зайыбы Гүлшат Мұратқазиева шаруасын қалай дөңгелетіп отырғанын егжей-тегжейлі айтып берді.

«Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен былтыр 1 миллион 500 мың теңге көлемінде грант ұтып алдым. Грант ұтқан себебім – мен өнімді үйден шығарып отырмын ғой. Міне, мынау құрт шығаратын аппаратым, тоңазытқыш, май, қаймақ тұратын орын, міне мынау кептіретін орын. Бәрі де өз малымыздан алынған өнім. Құрттың әр данасын 30 теңгеден сатамын. Күніне 300-400 дана өнім жасаймыз. Көршілес облыстардан да тапсырыс түседі», - дейді Гүлшат Мұратқазиева.

Бердібек Сапарбаев: Еңбекқор ауыл тұрғындарына әркез қолдау болады

Сондай-ақ, ол 5 сыныпта оқитын қызы Жансая мен өзге де перзенттері бұл істе оның ең жақын көмекшілері екенін айтып өтті.

«Осындай еңбекқор жандардың ісін көпке үлгі ету керек», - деп атап өтті шаруа адамдарымен емен-жарқын жүздесу барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.

Ауылдастарының алғысына бөленіп жүрген жандардан бір қаптама құрт сатып алған министр осындай экологиялық таза әрі отандық өнім өндіріп отырған ауыл тұрғындарына мемлекет тарапынан қолдау болатынын айтты.

Бердібек Сапарбаев: Еңбекқор ауыл тұрғындарына әркез қолдау болады

Ал, Орал қаласында Үкімет мүшелері бірнеше көпбалалы отбасына бас сұқты. Солардың бірі Жұмағалиевтер отбасы 6 баланы тәрбиелеп отыр.

«Қазір күйеуім жұмыс істемейді. Үлкен ұлым Ақжайық ауданында жұмыс істеп жүр. Одан кейінгі баламыз жақында әскерден келді. Оған да кәсіп табылса, жақсы болар еді. Бұған дейін күміс алқаға тиесілі аз ғана қаражатты қанағат тұтып келдік. енді мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға қолдау болатынын естіп, қуанып жатырмыз», - дейді осы үйдің отанасы Саида Айтмұханова.

Осы тұста Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Президенттің тапсырмасына сәйкес аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды нақты қолдау шаралары қолға алынатынын атап өтті.

«Өңірлерді аралау кезінде біз аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, күрмеулі мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысуды көздейміз», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Бердібек Сапарбаев: Еңбекқор ауыл тұрғындарына әркез қолдау болады

Ал, «бүгін түстен кейін менің қабылдауыма келіңіз» деген Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бұл отбасындағы азаматтардың кешікпей-ақ жұмыспен қамтылатынын жеткізді.

Айта кету керек, жұмыс тобының құрамында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов пен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов және БАҚ өкілдері мен блогерлер бар. Үкімет мүшелерінің өңірге сапарының мақсаты – Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Өзгелердің жаңалығы