Белсіздік & Бедеулік: Дәрігер бала сүйе алмау факторы кімде басым болатынын айтты

28 Қыркүйек 2020, 16:24
5729
Бөлісу:
Белсіздік & Бедеулік: Дәрігер бала сүйе алмау факторы кімде басым болатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Желмая» жобасында қонақта болған дәрігер-репродуктолог Алмаз Ибрагимов бедеулік 40%  ерлер жағынан, 40% – әйелдер жағынан, тағы 20-30% – екіжақты фактордан болуы мүмкін екенін айтты.

Бедеулік – әлемдік проблема. Дамыған елдерде көптеп қарастырылатын медико-социалдық мәселе деп айтуға болады. Дерттің негізгі себебі – гинекологиялық сырқаттардың кең таралуы, қабыну процестері, суық тию, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың кең таралуы. Сонымен қатар, қыз балаға байланысы жоқ сыртқы ортаның әсері болуы да мүмкін. Мысалы, гармондық бұзылыстар. Сонымен қоса, кең таралған эндометриоз  деген дерт бар. Бұл да бедеулікке алып келетін фактор. Ал ер адамдардың шәуетінің төмендеуіне экологиялық фактор, өмір сүру салтының дұрыс болмауы, физикалық қозғалыстың аз болуы, тіпті, тамақтану жүйесі де әсер етеді, - деді ол.

Дәрігер сұхбат барысында белсіздік пен бедеуліктің түпкі мағынасын түсінбей жүргендер көп екенін жеткізді.

Кейінгі кездері қоғамда белең алып бара жатқан белсіздік пен бедеуліктің түпкі мағынасын түсінбей жүргендер көп. Бедеулік – бұл жүкті болуға қабілеттіліктің төмендеуі. Яғни ер адамда шәует сапасының төмендігі, әйелде бала көтеру мүмкіндігінің төмендігін білдіреді. Ал белсіздік (импотенция) тікелей ер адамға қатысты айтылады, яғни жыныстық қатынасқа деген қабілеттің болмауы. Белсіздік пен бедеулік екі түрлі түсінік. Себебі ер адамда жыныстық қабілет сақталуы мүмкін, бірақ шәуеттің сапасы дұрыс болмайды. Ал мұны ер-азаматтар өздерінің денсаулығы жақсы деп ойлап, әйелдерін медициналық тексеріске салып қояды. Мұндай мысалдар көп. Он жылдан бері әйелін тексертіп, екі рет ота жасатып, күйеуі бір рет те тексерістен өтпеген, соңында мәселе ер-азаматтың денсаулығында болып шыққан жайттар кездеседі. Жалпы, статистика бойынша бедеулік 40% – ерлер жағынан, 40% – әйелдер жағынан, тағы 20-30% – екіжақты фактордан болуы мүмкін, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы