Белгілі ғалым Мағауия Шырдабаев өмірден өтті

18 Қыркүйек 2021, 22:41
3596
Бөлісу:
Белгілі ғалым Мағауия Шырдабаев өмірден өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі академик, ғалым, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мағауия Тәжіғараұлы Шырдабаев өмірден озды. Бұл туралы Атырау облысын әкімі Махамбет Досмұхамбетов хабарлады.

Мағауия Тәжіғараұлы еліміздің әлеуметтік-экономикалық, һәм ғылыми өмірінде өзіндік қолтаңбасы бар тұлға. Ағамыз ғибратты ғұмырын ел экономикасы мен мұнай-газ саласын дамытуға арнады. Әсіресе, соңғысының ғылыми тұрғыда негізделуіне көп күш жұмсады. Өнеркәсіптің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Ағамыз өмірінің соңғы сәтінде еліміздің мұнай-газ саласына маман даярлайтын университетте ардагерлер кеңесіне төрағалық етті. Оқу ордасының заман талабына сай дамып, жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына атсалысты. Жүзден астам ғылыми жарияланымның авторы атанды - деп еске алды әкім ғалым туралы.

Сонымен қатар, әкім ғалымның отбасы мен туыс-туғандарына көңіл айтты.

Халықаралық «Экология және өмірдегі тіршілік қауіпсіздігі» академиясының, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры Мағауия Тәжіғараұлы Шырдабаевтың есімі мәңгі жүрегімізде сақталады. Қалай десек те, Мағауия Тәжіғараұлының соңында өлмес өнегесі мен өшпес өрнегі қалды. Ардақты азаматтың адамгершілік қасиеттері мен ізгілік іздері көптің санасында сайрап жатыр. Марқұмның әулетіне Атырау халқы атынан қайғырып көңіл айтамын. Иманыңыз жолдас, жаныңыз жәннатта болғай, асыл аға! - деді Махамбет Досмағамбетов.
Өзгелердің жаңалығы