Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысын тексереміз – Бектенов

18 Қаңтар 2019, 15:23
4764
Бөлісу:
Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысын тексереміз – Бектенов

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық ғылыми кеңестің төрағасы заңсыз сайланған. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді.


Бүгін ұлттық бюрода Бектеновтің басшылығымен ҚР БҒМ Ғылым комитетінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жасау бойынша селекторлық кеңес өтті. Онда қоғам қайраткері Мұрат Әбенов кейбір ғылыми жобаға мемлекеттен заңсыз ақша бөлінгенін ашық айтты.

«Сараптама барысында рейтінгісі мен балы төмен ғылыми жобалар қаржыландырылғаны анықталды. Кейбір азаматтар қомақты қаражат алған.  Ғылыми ұйым ретінде аккредитациядан өтпегендері де бар. Студенттердің өндірістік тәжірибесінің бірыңғай порталының жобасы – 300 млн теңге. Бұл – жеке ұйым. Автоматтандыру жүйесінің енгіу жобасы – 300 млн теңге. Түрлі конференцияны өткізу мақсатында залдарды брондауға  300 млн теңге қарастырылған. Мұның ғылымға қатысы жоқ қой», - деді ол селекторлық отырыста. 

Осы орайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі төрағасының орынбасары аталған деректерді тексеріп жатқанын мәлімдеді.

«Аталған фактілер ұлттық бюрода тіркелді. Тексеріс жүргізіліп жатыр. Әрқайсысының әрекетіне құқықтық жағынан баға беріледі. Бірақ алынған жауаптар қанағаттанарлық емес. Мемлекеттік орган қабылданған шешімдердің заңдылығына жауап береді. Егер сіздер (Ғылым комитетіне – автор) Мақсат Қалимолдаевтың ақпараттық және есептеу технологиялары институтының директоры қызметін атқарғанын білсеңіздер, оны ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі ретінде сайласаңыздар, кейін ол аталған кеңестің төрағасы болған. Бұл – заңды белшесінен басу. Біз әрқайсысын тексереміз. Бұл шешімге қол қойған әрбір азаматтан құқық қорғау органы жауап алады», - деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда агенттік қызметкерлері аталған фактіні тексеруге кіріс кеткен.

Айта кетейік, осыған дейін Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері заңсыз сайланғанын жазғанбыз. 

Автор: Дәурен ЕРБОЛАТ
Өзгелердің жаңалығы