Бектенов мал қорымдарын күтіп-ұстау мәселесін қадағалауды тапсырды

30 Шілде 2019, 18:20
2428
Бөлісу:
Бектенов мал қорымдарын күтіп-ұстау мәселесін қадағалауды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігі алаңында өткен кеңесте мал қорымдарын күтіп-ұстау мәселесін көтерді. 

«Міндет жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Алайда, белгіленген талаптардың қатаң сақталуы барлық жерде бірдей қамтамасыз етілмейді. Мысалы, Жезқазғанда мал қорымдарының бірінің мониторингісін тексердік. Өрескел бұзушылықтар анықталды: жерлеу шұңқырларының қақпақтары ашық, қоршаулар периметрі бойынша бұзылған, бөгде адамдар мен қаңғыбас жануарлар еркін кіре береді. Мал қорымы аумағында жануарлардың өлекселерін сою, дезинфекциялау құралдары мен сою құрао-саймандарын сақтауға арналған үй-жай жоқ. Менің ойымша, бұл Жезқазғанда ғана бар жағдай емес. Көптеген өңірде мұндай проблема бар. Біз мұның қаншалықты қауіпті екенін және түрлі жұқпалы аурулардың таралуын түсінеміз. Бюджеттен жыл сайын мал қорымдарын жақсы жағдайда күтіп-ұстауға қаржы бөлінеді. Бірақ, өкінішке орай, бұл ақша оларға жетпейді, мүмкін қаржыландыру жеткіліксіз болар. Біз осыны байқап отырмыз. Ақша бөлінсе де жұмыс жүргізілмейді», - деді Бектенов.

Бұл сынға Қарағанды облысы әкімдігінің өкілі жауап берді. 

«Расында, мұндай факт болды. Бүгін біз мұны талқыладық. Мал қорымы қоршалған. Оны күтіп-ұстауға ақша бөлінеді. Бұл мәселе облыстық маңызы бар қала аудандарындағы атқарушы органдарының құзыретінде. Бақылауымызға аламыз. Негізінде осы мәселені жиі талқылаймыз. Соның ішінде күтіп-ұстауды қаржыландыру бақылауымызда», - деді Қарағанды облысы әкімдігінің өкілі.

Сондай-ақ, Бектенов мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.

«Агенттіктің аумақтық департаменттерінің басшыларынан қоғамдастықпен бірлесіп мал қорымдарына мониторинг жүргізуді сұраймын. Қауіпсіздік мәселесі өте маңызды. Барлық өңірлерде. Қанша қаржы бөлінеді, қаражат мақсатты пайдаланыла ма, шынымен мал қорымдарына қаржы жете ме, тиісті алдын алу іс-шаралары жүргізіле ме? Осы мәселелерді қарау керек», - деді Бектенов.

Осыған дейін Олжас Бектенов жабайы базарларды қадағалау мәселесін көтергені туралы жазғанбыз.

Өзгелердің жаңалығы