"Бекіре – 2020" балық қорғау акциясы басталды

1 Сәуір 2020, 22:30
2408
Бөлісу:
"Бекіре – 2020" балық қорғау акциясы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2020» балық қорғау акциясын бастады.

Жыл сайын бағалы балық түрлерінің уылдырық шашу кезеңінде құқық және табиғат қорғау органдарының қызметкерлері балықтардың еркін қозғалуын қамтамасыз ету бойынша, соның ішінде бекіре тұқымдас түрлерінің уылдырық шашу орындарына кедергісіз жетуіне, заңсыз балық аулау мен айналымына жол бермеу үшін бірлесіп жұмыс атқарады – дейді табиғат қорғаушылар.

Балық қорғау шараларының тиімділігін арттыру мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар, Ішкі істер министрлері мен Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасы арасында "Бекіре" балық қорғау акциясын өткізу" туралы бірлескен бұйрыққа қол қойылды.

Осы бұйрықпен балық қорғау акциясын өткізу барысында құқық қорғау және табиғатты қорғау органдарының өзара әрекеттесу бойынша Үйлестіру штабының құрамы, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл Жоспары бекітілді. Үйлестіру штабын басқару Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жүктеледі. Акция шеңберінде браконьерлік фактілерінің басым айқындалатын жерлерінде стационарлық, жылжымалы бекеттер және қозғалмалы рейдтік топтар құрылды – дейді мамандар.

Негізгі күштерді Атырау облысының шегіндегі Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында және Жайық пен Қиғаш өзендерінің саға алды кеңістігінде жұмылдыру көзделген, себебі осы жерлерде жиі браконьерлік фактілері тіркеледі.

Бұдан басқа, кедендік бақылау бекеттерінде, әуежайларда, вокзалдарда және ірі тасжолдарда Қазақстан Республикасынан тысқары балық өнімдерін шығаруға бақылау жұмыстары қарқындатылып, заңсыз балық айналымы фактілері анықталып, тоқтатылатын болады.

Балық қорғау акциясының өткен жылдарғы нәтижелерінің негізінде, балық аулау маусымында заңсыз балық аулаушы топтардың қызметі ынталандырылғаны байқалады.

"Бекіре-2019" балық қорғау акциясының нәтижесінде құқық қорғау және табиғат қорғау органдарымен 1242 табиғат қорғау заңнамасы бұзылғаны анықталды, оның ішінде Атырау облысы аймағында - 916, Маңғыстау облысында - 183, Батыс Қазақстан облысында – 143.

Әкімшілік жауапкершілікке 913 адам тартылып, 62 қылмыстық іс тіркеліп, осы істің аясында 78 заң бұзушы жауапқа тартылды.

Акция нәтижесінде балық қорғау заңнамасын бұзушыларға 16,1 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынып, бұзушылардан 15,6 тонна балық, оның ішінде 3 тонна бекіре тұқымдас балық, 5,4 кг бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығы, 4132 дана аулау құралы мен 130 дана жүзу және көлік құралдары тәркіленді.

Өзгелердің жаңалығы