Бекболат Тілеухан: Біз қазақтың несіне мақтанамыз?

5 Желтоқсан 2020, 15:28
4854
Бөлісу:
Бекболат Тілеухан: Біз қазақтың несіне мақтанамыз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан Instagram желісіндегі парақшасында жазды.

Біз өзі қазақпыз деп мақтанамыз. Бірақ, сол қазақтың несіне мақтанамыз? Қазақ деген атына ғана ма, жоқ, әлде затына мақтанамыз ба? Иә, ата-бабамыздың кісілігіне, батыр, ақын болғанына мақтанамыз. Тектілігін айтамыз, Егер осы секілді біраз сипаттарын алып тастаса, расында ар жағында мақтанатын ештеңе қалмауы мүмкін өзі. Абай айтпақшы, адам баласы адам баласынан ар, ұят, ғылым дегендермен артылады, - деді ол.

Осы ретте Бекболат Тілеухан фашистік Германияны мысалға алды.

Немістер «бізден мықты халық жоқ, біз әлемнің алдындамыз» деп мақтанды. Мықты халық екені өтірік емес, рас. Әлемге үлгі боларлық жағдайы бар. Моцарт, Бетховен, Гегель, Фейербахтың отаны. Мерседесті ойлап тапқан ел. Адамзаттың техникалық дамуына орасан зор үлес қосқан ел. Азаматтары өте тиянақты, әрбір секундтың қадірін біледі. Бірақ мен басқадан артықпын дегеннің аяғы неге апарды? Фашизмге ұрындырды. Ең соңында абыройдан адамзат алдында жұрдай болды, - деп атап өтті депутат.

Абай: «Ғылым таппай мақтанба» дейді. Ғылымды тапқан адамның өзі мақтанға салынбайды. Ғылымды түсінген адам Құдайдың құдіретін түсінеді. Ол кезде мақтанбайды.

Сократтың «менің бір білетін нәрсем бар – түк білмейтінім» деген сөзі бар. Сол секілді ғылымды игеріп, білімі артқан сайын білмейтініңнің өте көп екенін түсінесің. «Білгенім бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» дейді қазақ, - деп түйіндеді ол.


Өзгелердің жаңалығы