Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы тағайындалды

19 Шілде 2019, 00:25
1776
Бөлісу:
Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін Жоғарғы сот төрағасының міндетін атқарушы Айгүл Қыдырбаева жоғары сот органының ұжымына қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының жаңадан тағайындалған төрағасы Әбдірашит Жүкеновті таныстырды.

«Біз Әбдірашит Төлегенұлын жақсы білеміз. Ол ұзақ жылдар бойы еліміздің сот жүйесінде, сондай-ақ прокуратура және қаржы полициясы органдарында қызмет атқарды. Ол бұрын да осы алқаны басқарған. Білікті әрі тәжірибелі басшы», - деді А. Қыдырбаева.

Әріптестері Ә.Жүкеновті жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтай келе, оған қызметте табыс, алға қойған мақсаттарына қол жеткізуін тіледі.

Әбдірашит Төлегенұлы Жүкенов 1959 жылы Талдықорған облысында дүниеге келген.

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген соң ҚазКСР Жоғарғы сотының шағымдарға жауап беру бөлімінің консультанты болып істеді.

 1987-1988 жылдары – ҚазКСР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының аға консультанты.

1988-1996 жылдары – Шығыс Қазақстан облыстық сотының мүшесі, төраға орынбасары және ҚР Жоғарғы Сотының мүшесі.

1996-2001 жж. – ҚР Жоғарғы Сотының судьясы.

2001-2005 жж. – ҚР Бас Прокурорының орынбасары.

2005-2010 жж. – ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы.

2010-2014 жж. – ҚР Жоғарғы Сотының судьясы.

2014 жылдың шілдесі мен қазаны аралығында Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2014 жылдың қазанынан 2019 жылдың шілдесіне дейін – ҚР Жоғарғы Сотының судьясы.

Үшінші дәрежелі әділет мемлекеттік кеңесшісі сыныптық шенінің иегері. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен және II дәрежелі «Данқ» орденімен марапатталған. Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісінің иегері.  

Бірқатар монографиялар мен ғылыми-практикалық жарияланымдардың авторы.

 



Өзгелердің жаңалығы