Жарылыс болған Байзақта сабақ қалай ұйымдастырылады? – БҒМ жауап берді

Жарылыс болған Байзақта сабақ қалай ұйымдастырылады? – БҒМ жауап берді
7501

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова апат болған Жамбыл облысы Байзақ ауданында оқу жылының қалай ұйымдастырылатынын айтты.

Өкінішке қарай, кеше Байзақ ауданында қайғылы оқиға орын алды. Әскери қоймаға жақын маңдағы елді мекендердегі халық жаппай эвакуацияланды. Енді осы елді мекендердегі балалардың оқу процесі қалай ұйымдастырылады?, – деп редакциямыз брифингке қатысушыларға сауал жолдады.
БҒМ өкілінің айтуынша, Байзақ ауданындағы елді мекендердегі мектептер жөндеу жұмысын қажет етпейді.
Жамбыл облысында орын алған мәселеге байланысты Білім және ғылым министрлігі шұғыл шаралар қабылдады. Хабарды ести сала, министрліктің Балаларды қорғау комитетінің төрағасы Жамбыл облысына барды. Балалардың ата-аналарымен, мұғалімдерімен кездесіп, олардың жағдайын білдік. Қазіргі уақытта балалардың жағдайлары қалыпты. 5 ауылды мекенде орналасқан мектептердің де жағдайы бүгінгі күні қатты күрделі жөндеу жұмыстарын талап етпейді, - деп жауап берді вице-министр.
Сонымен қатар ол шағын жұмыстарды қажет ететін жағдайлар барын айтты.
Бұл мәселеге қатысты тиісті аудит жұмысы жүргізіледі. Сондықтан бүгінгі күні аталған мәселе Жамбыл облысы Білім басқармасы тарапынан қарастырылып жатыр. Нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады, - деп толықтырды Каринова.
Айта кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінің маңынан өрт шығып, жарылыс болды. Соңғы мәліметтер бойынша қайғылы оқиға салдарынан қайтыс болғандар саны 9-ға жетті. Бүгін Үкіметтік комиссия Жамбылдағы жарылыс зардабын бағалайтыны анықталды. Ал Қорғаныс министрі оқ-дәрілерді сақтайтын екі базаның құрылысын ұйымдастыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы