Бас жаңалықтар
«Бәйтерек» холдингінің өңдеу секторын қаржылай қолдау көлемі 21%-ға өсті
25 Ақпан 2021, 20:39 278

«Бәйтерек» холдингінің өңдеу секторын қаржылай қолдау көлемі 21%-ға өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің отырысында холдинг Жарғысына енгізілген өзгерістер, сондай-ақ 2020 жылға арналған инвестициялық саясат қаралды. 

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру аясында оған «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ны қосу жолымен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ны қайта ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. 

Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингінің Жарғысында компания қызметінің негізгі мақсаттары мен мәні еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ынталандыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырумен толықтырылды. 

Отырысқа қатысушылар холдингтің облигацияларын шығару арқылы 10 жылда 50 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы тарту туралы шешім қабылдады. Алынған қаражат ел кәсіпорындарының негізгі құралдарын лизингтік қаржыландыру үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ға жіберілетін болады, - делінген ақпаратта.

2020 жылы «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары жалпы сомасы 1 трлн 16,9 млрд теңгеге экономиканың шикізаттық емес салаларының кәсіпорындарына қолдау көрсетті. 

Өткен жылмен салыстырғанда қаржылық қолдау көлемі 177,7 млрд теңгеге немесе 21%-ға ұлғайды. 

Экономиканың жеке секторын дамыту мақсатында 2020 жылы 799,8 млрд теңге сомасына 20 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетілді.

Сондай-ақ отырыста 2019-2020 жылдарға арналған Корпоративтік басқаруды жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау нәтижелері, корпоративтік басқаруды тәуелсіз бағалау нәтижелері қаралды. 

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның 2020 жылғы төртінші тоқсандағы тәуекелдері жөніндегі есебі және Ішкі аудит қызметінің сәйкес кезеңдегі есебі бекітілді.



Фото: дереккөз
Загрузка...