Баянауылда алғаш рет қазақы құмай тазылардың көрмесі өтті

25 Ақпан 2020, 03:26
2460
Бөлісу:
Баянауылда алғаш рет қазақы құмай тазылардың көрмесі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көрмеге 30-ға жуық тазы қатысқан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі. 

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында 2019 жылы "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асырудың қорытындысы туралы баяндаған Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов мәлім етті.

Көрме барысында әр тазының антропометриялық ерекшеліктеріне сай сипаттамасы мен бағасы беріліп, иттер құжаттандырылды, сертификаттар тапсырылды. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы "Қансонар" аңшылар мен аңшылық шаруашылығы республикалық қауымдастығының халықаралық дәрежедегі сарапшысы Нина Макерова мен бас кинолог Инна Назаренко қатысты. 

Сонымен қатар "Түркі әлемінің генезисі" арнайы жобасы аясында алғаш рет құсбегілердің облыстық ашық турнирі ұйымдастырылған. Жарыста Ақмола, Алматы, Атырау, Қарағанды, Павлодар және Ақсу қалаларынан келген бүркітшілер бақ сынады. 

Сондай-ақ ұлттық ат спорты – көкпардан Павлодар облыстық чемпионаты өткізілген. Турнирге Баянауыл ауданының "Қызылтау", Павлодар қаласының "Ертіс", Май ауданының "Саты-Ата" және Екібастұз қаласының "Ақкөл-Жайылма" командалары қатысты. 

Мәдениет және спорт министрлігінің бастауымен "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" арнайы жобасы аясында "Каzakh Tourism" ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен "Киелі Қазақстан – Сары-Арқа" экспедициясы ауданымызға екі рет арнайы келді. Алғашқы сапар барысында бір топ атбегілер Торайғыр ауылында ұйымдастырылған "Балдәурен" лагерінде демалып жатқан балаларға спорттық құрал-жабдықтар сыйлады. Ал екінші сапарда Қ.Сәтбаев ауылында мектеп оқушылары мен ауыл жастары арасында ұлттық ат спорты ойындарын ұйымдастырды. Мұндағы басты мақсат – ұлтымыздың көне дәстүрлерін жаңғырту, атпен саяхат құру салтын дәріптеу, сол арқылы ұлы қазақ елінің қасиетті де киелі мекендерін мадақтау, – дейді Қанат Кәрімов.


Өзгелердің жаңалығы