Байқоңыр ауданының әкімдігі базарларды жаңғыртуға кірісті

23 Қаңтар 2019, 12:47
2537
Бөлісу:

Астана, BAQ.KZ. 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін контейнерлік сауданы толықтай жою жоспарланған. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Ауданның аумағында 7336 адам өз кәсібін жүзеге асырып жатқан 13 сауда базары бар. Қазіргі таңда базарларды жаңғырту жұмыстары басталды. Алаш тас жолында орналасқан 8 базарға қатысты құрылыс және сауданың заманауи форматына көшу жөніндегі жеке жол карталары әзірленген. Атап айтқанда, бұл: «Орталық», «Алаш», «Әмір», «Сапар», «Шарын», «Керуен», «Биг Шанхай», «Достық Маркет» базарлары. Жаңғыртудан кейін жұмыс орындарының саны 10 мыңға дейін (13,7%) артпақ.

«Барлық сауда базарлары сауда орталықтары сияқты жұмыс істейтін болады. Базарларда тұрғындар үшін барлық жағдай жасалатын болады. Сатып алушыларға арбалар ұсынылады. Біз 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін контейнерлік сауданы толықтай жоямыз. Мәселен, 1 ақпанда Орталық базарда бұрын сауда жүргізілген мыңдаған контейнер алаңын демонтаждау жұмыстары басталады. Олардың орнына кәсіп иелеріне сауда орталығының ішіндегі орындар беріледі», - деді Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Каналимов халыққа есеп беру кездесуінде.  

Оның айтуына қарағанда, базарларды жаңғырту – заман талабы. Олар аудан экономикасының локомотиві болып табылады. Онда тауар айналымы жүзеге асып, қала бюджетінің кіріс бөлігі қалыптасады.

«Біздің аудандағы өнеркәсіптік өнімнің өндірісі 2018 жылдың қаңтарынан жетоқсанына дейін 212,2 млрд теңгені құрады. Бұл елордада өндірілетін өнімнің жалпы көлемінің 35.3% құрайды. Инвестицияларды негізгі капиталға игеру аудан бойынша 32,1 млрд теңгені немесе елордадағы жалпы көрсеткіштің 3%-ын құрады. 2018 жылы қызметтерді сату көлемі 92,7 млрд теңгені құрады. Көтерме бағамен сату 625 млрд теңгеден асты. Оның басым бөлігі біздің базарларға тиесілі», - деді аудан әкімі.

Олардың жұмысын жетілдіру мақсатында сондай-ақ, өрт қауіпсіздігін жаппай тексеру шаралары жүргізілді. Әкімшілік жауапкершілікке бес нысанның басшысы тартылды. Мұндай шаралар, бірінші кезекте, келушілер мен базар жұмыскерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүргізіледі.

 

Өзгелердің жаңалығы