Бас жаңалықтар
Батысқазақстандық кәсіпкерлер: Кезектен тыс сайлау – кемел келешектің кепілі
23 Сәуiр 2019, 16:36 535

Батысқазақстандық кәсіпкерлер: Кезектен тыс сайлау – кемел келешектің кепілі

Батыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Батыс Қазақстан облысында мәслихат депутаттары шағын және орта бизнес өкілдерімен бірге алдағы Президент сайлауын талқылады. 

Оның біріншісі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын қолдаумен байланысты.

Талқыға түскен келесі мәселе – Қазақстанды дамытудағы шағын және орта бизнестің рөлі. Айта кету керек, шараны өткізуге Nur Otan партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы мұрындық болды. Ел өміріндегі маңызды мәселені талқылауға облыстық мәслихат депутаттары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері және облыстың шағын және орта бизнес өкілдері, барлығы 45 адам қатысты.

«Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешіміне байланысты біз облыстық мәслихат депутаттары кәсіпкерлермен кездесуді жоспарлаған болатынбыз. Оның негізгі мақсаты кезектен тыс президент сайлауын өткізудің мән-маңызын талқылау. Қазір осы тақырыпты талқылауға арналған кездесулер облыстың әр өңірінде өткізіліп жатыр. Кезектен тыс сайлау арқылы халықтың сеніміне ие болған президент елдің дамуы үшін бүгінгіден де жоғары жетістіктерге жетеді деп санаймыз. Кезектен тыс сайлау өткізудің де түпкі мақсаты сонда екенін Президенттің өзі айтты. Билік транзиті әр елде әртүрлі жағдайда өтіп келе жатыр. Ал, біздің елде транзитті ешқандай толқусыз, ешқандай кедергісіз өткізу бұл да Елбасының шешімі. Ендігі мәселе – кезектен тыс президент сайлауын өткізу арқылы біз оның өкілеттігін одан да жоғары деңгейге көтеріп, Қазақстанға келетін инвесторлардың сенімін арттыруға қол жеткізу», - дейді Nur Otan партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Серік Сүлейменов.

Елімізде биліктің ауысу үдерісі ең алдымен Ата заңды басшылыққа алуы тиіс. Жиында сөйлеген кәсіпкерлер мен халық қалаулылары бұл ретте ел тұрғындарының бұған дейінгі сайлауларда да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, саяси маңызы зор шараны бірлік пен түсіністікте атқарып келе жатқанына тоқталды. Яғни, елдің ертеңіне бей-жай қарамайтынын әрбір тұрғын алдағы сайлаудан шет қалмай, өз таңдауын жасауы тиіс. Ал, елдің дамуында жетекші күшке ие шағын және орта бизнес өкілдері үшін алдағы сайлау – кемел келешектің кепілі іспетті.

«Біз бизнес өкілдері алдағы кезектен тыс сайлаудың өткізілуін бірінші кезектегі өте маңызды шара деп есептейміз. Ең алдымен біздің еліміз әлемдік аренада өз орнын тапқан өте танымал мемлекет екенін естен шығармауымыз керек. Тәуелсіздік алып тұғырын бекіткен күннен бастап еліміз Конституция қағидаттарына сай өсіп-өркендеп, дамып келеді. Сондықтан, алдағы кезектен тыс президент сайлауы елдің алдағы дамуын айқындайтын бірден-бір маңызды саяси науқан болып табылады. Елдегі бірлік пен бейбітшілік, тұрақтылық пен татулық – бизнестің дамуындағы ең қажетті алғышарт. Ал, алдағы президент сайлауы осы тұрақтылықтың кепілі болмақ. Сондықтан, сайлауға, елдің президентін дұрыс таңдау ісіне өңір кәсіпкерлері түгел атсалысуы тиіс», - дейді белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Ляна Тұрсынова.

Айта кету керек, аймақта алдағы сайлауды өз деңгейінде өткізуге бағытталған жұмыстар басталып кеткен. Ел тағдырын айқындайтын саяси науқанға қатысты өз ой-пікірлерін тек саяси партиялар ғана емес, қоғамдық ұйымдар өкілдері, кәсіпкерлер, еңбек адамдары мен белсенді жастар да білдіріп жатыр.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...