Бас жаңалықтар
«Батыс-2021»: Қазақстан мен Ресей десантшылары тапсырманы бірлесе орындады
PHOTO
13 Қыркүйек 2021, 21:37 112

«Батыс-2021»: Қазақстан мен Ресей десантшылары тапсырманы бірлесе орындады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Батыс-2021» бірлескен стратегиялық оқу-жаттығуының белсенді кезеңі жалғасып жатыр.

Ресей Федерациясының «Мулино» полигонында Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлерінің және Ресейдің Әуе-десанттық әскерлерінің бөлімшелері елдімекенді шартты қарсыластан азат етті.

Десантшылар Ми-8АМТШ армиялық авиация тікұшағынан қону тәсілімен десант түсіруді орындады. Әскери контигенттер нақты әрі үйлесімді іс-қимыл жасай отырып, елдімекендерде қарсыластан қорғануды және оған жақындап ұрыс жүргізіп, атыс нысандарын жойды.

Әскери тікұшақтар қарсыластың нысандарына соққы беріп, тактикалық десант түсіру іс-қимылын қолдады. Тапсырмаларды орындауда атыс аймағының көрінбеуі, маневрдің және бөлімшелерді басқарудың күрделілігі қиындық тудырды.

Қорытындылай келе, оқу-жаттығудың басшылығы Қазақстан мен Ресейдің десанттық-шабуылдау батальондарының командирлері гвардия майоры Асқар Мұхит пен гвардия подполковнигі Иван Яровенко басшылық еткен қосымша бөлімшелердің іс-қимыл үйлесімділігін атап өтті.

Аталған іс-қимылға 300-ден астам десант, 10-нан аса әскери авиация тікұшағы жұмылдырылды.

Беларусь елінің Брест полигонында Қазақстан, Беларусь және Ресейдің әскери контингенттері Ил-76МД ұшақтарынан түнде десант түсіруді орындады. Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес 1500 метр биіктіктен түнде көретін құрылғыларды пайдалана отырып, арнайы жасақ десант түсіруге арналған алаңдарды басып алды. Олар жауынгерлік оқу-жаттығу тапсырмаларын орындауға бірден кірісіп кетті.

Естеріңізге сала кетсек, «Батыс – 2021» бірлескен стратегиялық оқу-жаттығуы Ресей және Беларусь елдерінің әскери полигондарында бір уақытта өтуде. Бұл бірлескен маневрлер заңсыз қаруланған құрамалармен күресуге бағытталған.


Фото: дереккөз
Загрузка...