Батырдың бір перзенті Тарпаң еді

25 Тамыз 2019, 19:18
7407
Бөлісу:
Батырдың бір перзенті Тарпаң еді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алдағы қыркүйек айында Қордай ауданында Өтеген батырдың туғанына 320 жыл толуы кең көлемде аталып өтпек. Осы мерейтойға дайындық шаралары аясында Алматы облысы, Күрті өзенінің бойында жерленген батырдың кенже ұлы Тарпаңның бейіті қоршалып, басына құлпытас орнатылды.

Тарпаң туралы әңгімені сәл әріден бастауға тура келеді. Осыдан тап он жыл бұрын, 2009 жылғы 25 ақпанда «Егемен Қазақстан» газетінде жазушы Ұзақбай Доспанбетовтың «Үш Өтегеннің біреуі» деген мақаласы жарияланып, тарихтан хабары бар көзі қарақты жұртшылық арасында таңданыс тудырғаны мәлім. Жаныс Өтеген батыр туралы ауыздан ауызға көшіп, жыр алыбы Жамбылдың дастандарымен жеткен, тіпті, батырдың замандасы, үзеңгілес досы болған Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқияннан өзіме шейін» кітабынан белгілі үш бірдей батырлық, жиһангерлік және әулиелік қасиеттері сол қалпы жалайыр Өтеген Сәбденұлына телініп жазылуы, жұмсартып айтқанда қынжыларлық жай болды. Ондағы бірқатар деректің бұрмаланып, 1973 жылы Іле бойынан батырдың сүйегі Қордайға жаңылыс қазылып апарылған деген жаңсақ пікірлерге қарсы белгілі тарихшы жазушылар Бақытяр Әбілдаұлы мен Марал Сқақбай сол газеттің бетінде дәлелді түрде тойтарыс берді де. Бұл мақалалар Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде де жарияланды.

Тарихтан мәлім, үш Өтегеннің ішінде «мүйізді» аталғаны жаныс Өтеген батыр ғана. Оның себебін Қазыбек бек екеуі жаһан кезіп жүріп Шам қаласына келгенде Өтегеннің басында шеке тұсынан сүйекке түскен қатерлі жара пайда болып, небір қараүзген емшілердің емі арқасында жараның аузы қарақотырланып, бармақ басындай сүйелге айналып біткен деп түсіндіреді. Өле-өлгенше шодырайып сол күйі қалған. Мүйіз деп жүргендері сол. Ал,1973 жылы батырдың сүйегін Шеңгелдіден қазып әкеліп қайта жерлеуге қатысқан қордайлық қариялардың бас сүйектің оң жақ шекесінде оймақ орнындай ойық болғанын айтып отыратын. Ол үлкендердің көбі дүниеден өтіп кетті. Ал көзі тірілерден сол кезде «Искра Ленина» колхозының зоотехнигі болып істеген Құрманбек Нұрмаханбетов бабасын қайта жерлеу барысын еске алды.

«Бабамның сүйегін бір-бірлеп алып қайта жерлеуге бипаздап реттедік. Сарғыш тартқан сүйектер аса ірі болатын. Үстіңгі жақта бір ғана тіс қалыпты, оның өзі жартылай сынық. Бас сүйектің оң жақ маңдайында бес тиынның көлеміндей қарауытқан тесік байқалды. Бұл, сірә, әлгі көп айтылатын мүйіздің орны болса керек...», - деді Құрманбек Нұрмаханбетов.

Сол даулы мақалада «Өтеген Тарпаң атты қызға үйленіп, ол қыз бұдан жүкті болады» деп шатасқан тұсы да болды. Тарпаң - Өтегеннің әйелі емес, ұлының есімі. Тағы да Қазыбек бекке жүгінеміз. Оның кітабында Өтеген батырдың қалмақ батыры Ботхишармен жекпе-жегін суреттейтін тұста: «Ботхишардан да хабардармыз. Оның осы қолда он ұлы бар.Бәрі үйелмелі-сүйелмелі, менің Қасқарым мен Өтегеннің Тарпаңы қатарлы. Ботхишарды он ұлы майданның бірсыпыра жеріне дейін шығарып салды. Өтеген Төлеқұлаға мінгенде, Тарпаң солқылдап тұрып жылады...» /240 бет/ деген жолдар бар.

Өтегеннің сегіз, кейбір деректерде он бір баласы болған деседі. Тарпаң ұлдарының кенжесі.Бүгінде Қордай ауданында Өтеген батырдың ұрпақтары көптеп саналады, оның ішінде Тарпаңнан тарайтын жүз елудей түтін бар. Көпшілігі Өтеген ауылында тұрады. Бұл мекен әуелде Қырық үй, Кеңес үкіметі кезінде Кеңес аталып келді. Қырық үй атауы Ноғайбай Дәулетбақұлы 1868 жылдары болыстық сайлауға түсіп, қырғыздармен арада шекара сызығын белгілер алдында өз жақтастарын көбейтіп, көбірек дауыс жинау мақсатында Іле, Шеңгелді өңірінен аталас бауырлары - батыр ұрпақтарынан қырықшақты үйді Шу өзенінің бойына көшіріп әкелуінен аталып қалған екен. Кейіннен батырдың сүйегі қайта жерленген кесенесі осы ауылдың теріскей шығысында биік беткейде орналасқан.

Ал Тарпаңның жерленген орны Қазыбек бек кентіне таяу Күрті өзенінің бойында. Он жыл бұрынғы даулы мақаладан соң ұрпақтары бабаларының басына жиі барып тәу етіп, құран бағыштап тұрды. Ал жуырда Қордайдың қызыл гранитінен ескерткіш белгі орнатылып, Қазыбек бек кентінде осы ауылдың тұрғындарына құдайы тамақ берілді. Өтеген батырдың әйгілі Шұбар тегенесі апарып көрсетілді. Бұл шараға Қазақстан Республикасының Құрметті дәрігері, белгілі қоғам қайраткері Мүсілім Дайырбеков, көрнекті жазушы Марал Сқақбай қатысып кешегі ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде ел қорғаны болған батыр бабалар рухын әспеттеудің тарихи танымдық, тәрбиелік маңызы туралы көшелі ойларымен бөлісті.

Айтпақшы, Тарпаңның бейітінен қозы көш жерде, тас жолдан түстікке қарай дөң басында сәулетті кесене тұр. Бұл ұрпақтарының дені қазір Қордай ауданында тұратын, заманында аса ділмарлығымен, әділ билігімен Мәті би атанған Малдыбай бидің мазары. Ол Өтегеннің туысы, немере інісі еді. Қасқарау Сырымбеттен Өтеғұл, Өтеп ағайынды болғанда, Өтеғұлдан Өтеген батыр, ал Өтептен Тауасар, одан Малдыбай туған. Ноғайбай би осы Малдыбайдың шөбересі. Әулиеаталық атақты Майкөт ақынның: «Қасқарауда жеті құт бар, бірі - Малдыбай, бірі - Бесжалаңаяқ» деуі тегін емес. Ал, Бесжалаңаяқтың бірі Кенен Әзірбаевтың атасы екенін де айта кетейік. Жиналғандар осы Малдыбай бидің мазарына да ат басын бұрып құран бағыштады.

WhatsApp Image 2019-08-25 at 18.36.04 (1).jpeg

«Осы маңнан қырық-елу шақырымдай теріскей тұста Қазыбек және Өтеген аталатын екі тау бар. Қазыбек бектің бейіті сол Қазыбек тауының биігінде. Тоқсаныншы жылдары ұрпақтары онда ескерткіш белгі орнатқан болатын. Екі таудың аралығы он сегізи шақырымдай. Биыл мамыр айында біз де Өтеген тауының баурайына: «Өтеғұлұлы Өтеген батыр бабамыздың ата-жұрты» деп жазылған ескерткіш белгі орнатқан болатынбыз. Бүгін Тарпаң бабамыздың құлпытасын қойдық. Енді Өтеген батырдың 320 жылдығына қызу дайындық қамындамыз...», - дейді Тарпаң бабаның басын қарайту шараларының бастамашысы да, бірден бір бас көтерері де болып жүрген кәсіпкер Шернияз Жылқыбеков.   

Құрманбек ӘЛІМЖАН
Өзгелердің жаңалығы