Бас жаңалықтар
Басын тікті өлімге бөкен үшін...
04 Ақпан 2019, 13:22 1229

Басын тікті өлімге бөкен үшін...

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы 13 қаңтар күні киіктерді қорғау үшін басын өлімге тіккен табиғат сақшысы браконьерлердің қолынан қаза тапты. Қоғамда үлкен дау тудырып, браконьерлікке қатысты мәселеге назар аудартқан бұл оқиға желісі қалай бастылап, немен аяқталды? Бұл оқиғаға қатысты қоғам белсенділері қандай пікірде? Жазықтылардың жазасы қандай болмақ? Тілші осы оқиғаға қатысты шолу жасады.

Қақтығыс

«Охотзоопром «ӨБ» республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорны инспекторлары Петр Ницык пен Ерлан Нұрғалиев 2019 жылы 13 қаңтарда шамамен 18:00-де Қарағанды облысы Нұра ауданына рейдке шыққан. Онда олар бес өлі киікті тапқан. Сонымен қатар, олар мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ Toyota Land Cruiser маркалы екі автокөлікті байқап, біреуін тоқтақан. Осы орайда инспекторлар заңсыз аң аулаушылармен қақтығысып қалған. Соның салдарынан инспектор Петр Ницык түрлі жарақат алса, Ерлан Нұрғалиев басынан ауыр соққы алған. Астана қалалық №1 ауруханаға жеткізілген инспектор екі күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, 15 қаңтарда көз жұмды.

Браконьерлер шабуылынан зардап шеккен инспектор оқиға жайлы айтып берді. Петр Ницык қылмыскерлермен текетірестің қалай өрбігені туралы айтқан видеосын Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов Facebook желісіндегі парақшасында жариялады.

«2,5 сағат көмек күттік»

Петр Ницык браконьерлер инспекторлардың навигаторын алып кеткенін және боран кезінде олардың қайда екенін анықтау қиын болғанын айтты. Төтенше жағдайдан соң, инспекторлар 2,5 сағат бойы көмек күткен.

«Қарақұз аумағында екі джипті қуып жеттік. Біз ескерту мақсатында ауаға екі рет оқ аттық. Олар тоқтамады. Біз жақындай бастаған уақытта, олар бізді көздей бастады. Ерлан көліктің артқы дөңгелегіне оқ атты. Бір автокөліктің жолын кесіп тоқтаттық та, есігін ашып, шықтық. Көліктен шыққандардың біреуі «бесатар» ұстаған, екіншісі «вертикалка» ұстаған, үшіншісі жүргізуші», - деді Ницык.

17 қаңтарда ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов инспектор Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты түсініктеме берді.

Қалмұханбет Қасымов күдіктілер арасында Қызылорда облысының тумалары бар екенін және олар оқиға орнынан жасырынғанын айтты.

«Олар Қызылорда тұрғындары. Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері бағыттама мәлімет таратты. Көлік пен адамдардың кім екені анықталды. Куәгерлер бар, ол жерде екі машина болған. Қазір іздеу жарияланды», - деді Қасымов Сенат кулуарында берген сұхбатында.

Жан-жануарларды қорғау – оңай жұмыс емес

Сондай-ақ, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет оқиғаға қатысты пікірін білдіріп, браконьерлерді бас бостандығынан айыру жазасын қолдану керек екенін айтты.

«Сайын даладағы жан-жануарларды сақтау, қорғау – оңай жұмыс емес. Біздің жұмыста қаскөй браконьерлермен төбелесу фактілері өте көп. Биыл 13 қаңтар күні болған оқиға біздің мекеме үшін, табиғат сақшылары үшін өте ауыр жағдайлардың бірі болды. Инспекторлар күнделікті жұмыс барысында атылған бес киіктің өлексесін тауып, сол жағдай бойынша анықталған екі көліктің артынан қуу жұмыстарын жалғастырған. Жұмыс нәтижесі бойынша екі инспектор өз көліктерімен бір браконьердің көлігін қуып жетіп, мән-жайды анықтау барысында браконьерлер тарапынан шабуыл жасалып, соның салдарынан инспекторлардың біреуі қаза тапса, екіншісі ауыр жарақат алды. Мұндай жағдай бірінші рет болды. Бұл дала кезіп, күн-түн демей, қыстың суығы, жаздың ыстығына қарамай еңбек ететін инспекторлардың жұмыстары қаншалықты ауыр екенін көрсетеді. Бұл – еліміздің табиғатын сақтап қалу үшін жасалған үлкен істердің бірі», - деді ол.

Мемлекеттік марапатқа ұсынды

18 қаңтар күні браконьерлер қолынан қаза тапқан табиғат сақшысы Ерлан Нұрғалиевтің отбасына ауылшаруашылығы министрлігінің барлық қызметкері бір күндік жалақысын берді.

Марқұм мен оқиға күні оның қасында болған серіктесі Петр Ницык «Ерлігі үшін» мемлекеттік марапатқа ұсынылды. Бұл туралы Ерлан Нұрғалиевті ақтық сапарға шығарып салу рәсімінде Ауылшаруашылығы вице-министрі Арман Евниев айтты.

Бұл ұсынысты жәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері де қолдады.

«Кейбір еріктілер оның есімін ұлықтау мақсатында қолында еліктің лағын ұстап тұрған суретінің негізінде ескерткіш орнатпақшы. Мұның барлығы халықтың өз батырын қалай құрметтейтінін көрсетеді. Сонымен қатар, браконьерлермен күрес жолында ерлік танытқан Ерланның әріптесі – Петр Ницык те марапатқа лайық деп санаймыз», - деді депутат Жамбыл Ахметбеков.

Күдіктілер анықталды

ҚР ІІМ ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Сәдубаев 21 қаңтарда полиция инспекторды өлтірген күдіктілерді анықтағанын хабарлады. Инспекторларға шабуыл жасау дерегі бойынша Қарағанды облыстық полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі («Кісі өлтіру, адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған») бойынша тергеу жұмыстары басталды.

«Тергеу шаралары жүріп жатыр. Үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жалғасады», - дейді А.Садубаев.

Инспекторлар орденмен марапаттады

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев браконьерлердің қолынан қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевті ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

 

1. Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін наградталсын:

 

ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен

 

Ницык Петр Алексеевич – Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы

 

Нұрғалиев Ерлан Балғабекұлы (марқұм) - Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы.

 

2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.


Шолу жасаған: Зарина Әбілмәжінова

Сізден жаңалық